Қабылдауға жиналғандарға арнаған сөзінде Қазақстан Президенті Астананың іс жүзінде он жыл ішінде салынған ХХІ ғасырдағы бірден-бір елорда екенін атап өтті. –Астананың қалыптасуы халық тағдырымен және мемлекет тәуелсіздігінің жылнамасымен тығыз астасып жатыр. Біз осы елордада ел тарихының жаңа парағын ашып, болашаққа зор сеніммен қараймыз. Астана мемлекеттілік пен егемендіктің айрықша символына айналды. Осының бәрі біздің ортақ еңбегіміздің нәтижесі, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Соңында Мемлекет басшысы баршаға бақ-береке, денсаулық және табыс тіледі. Елбасы сондай-ақ Қазіргі заманғы өнер музейінің директоры Н.Шивринаға, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры Т.Мұхамеджановқа және «Sembol Insaat» АҚ президенті Ф.Таминджеге «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын тапсырды.