National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Елбасы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынға қатысты

2014 жылғы 15 желтоқсан

 

Мемлекет басшысы жиналғандарды мерекемен құттықтап, Қазақстан бүгінде өз тарихының тағы бір белесіне сенімді түрде өткенін айтты.

– Уақыт ағысы бізді Қазақстан Республикасы тұңғыш рет өзін тәуелсіз мемлекет ретінде жариялаған 1991 жылғы 16 желтоқсандағы ұлы күннен тез алыстатып барады. Халық жасаған таңдаудың сарқылмас тарихи күшін біз жыл өткен сайын терең сезініп келеміз. Ол – еркін, егемен елде татулықта, бір-біріне деген сенім және келісімде өмір сүру таңдауы, өз тағдырын қашанда өзі айқындап, болашағын жасау, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты жаһандық сын-қатерлерге лайықты жауап болғанын атап өтті.

– Біріншіден, әлемдік алмағайып жағдайда инфрақұрылымдық дамуға ден қою – қазіргі әлемдегі табысты елдерге тән ортақ тренд. Екіншіден, сапалы жолдар мен коммуникациялар салу арқылы біз өңірлік және жаһандық экономикалық байланыстарға тереңірек бойлаймыз. Үшіншіден, инфрақұрылым құрылысының ірі жобалары шетелдік инвестициялардың тұрақтылығын сақтайды. Олар ұзақмерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз етеді. Төртіншіден, бұл – лайықты еңбекпен қамтудың, еңбек өнімділігі мен халықтың әл-ауқатын арттырудың берік кепілі. Бесіншіден,  «Нұрлы Жол» – барлық өңірлер үшін жаңа мүмкіндіктер, – деді Мемлекет басшысы.

  Сонымен бірге, Қазақстан Президенті жаһандық экономика үшін күшейіп келе жатқан қатерлердің бар екеніне тоқталды.

– Бүгінде барлық елдерге қиын. Әлемдік нарықта көмірсутек, металл және басқа экспорттық өнімдердің бағасы құлдырауда. Бізге де қиын болады. Осыны қаперге алған жөн. Сондықтан бекітіліп қойған бюджеттің шығыс бөлігін бізге де қысқартуға тура келеді. Бірақ ол әлеуметтік шығыстарға әсер етпейді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасына сәйкес Үкіметке халық алдындағы барлық міндеттемелерді қамтамасыз етуі тиістігін еске салды. Сонымен қатар Қазақстан Президенті  Үкімет пен Ұлттық банктің алдына маңызды маңызды екі міндет қойды, ол: экономиканы долларсыздандыру және инфляциялық таргеттеуге көшу. Бұлар «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының құрамдауышына айналуы тиіс.  

Елбасы қазақстандықтардың қазіргі буынының еңбегі ел тарихында айрықша орын алатынын айтты.

– Бұл – 1995 жылы наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, 1995 жылы 30 тамызда ел Конституциясын бүкілхалықтық қабылдау, 1998 жылы Астананы елордасы деп жариялау. Біздер, қазақстандықтардың қазіргі буыны, біртұтас халық ретінде болашақтың басты бағдарын айқындадық. Біз алдымен 2030 Стратегиясын, сосын «Қазақстан-2050» Стратегиясын әзірлеу арқылы тарихта алғаш рет оқиғалардың соңынан ілеспей, алға озатын болдық, – деді Нұсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бірнеше маңызды даталар атап өтілетін алдағы жылдың ерекшелігіне тоқталды. Атап айтқанда, Қазақстан халқы ассамблеясы жылының аясындағы іс-шаралар және Қазақстан Республикасы Конституциясының бүкіл халық тарапынан қабылдануының 20 жылдығы өтеді. Сонымен қатар ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің маңызды датасын – Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын атап өтетін боламыз.

Сондай-ақ Қазақстан ТМД елдерімен және бүкіл әлеммен бірге Ұлы Отан соғысындағы фашизмді жеңген жеңістің 70 жылдығын мерекелейді.

– Біз үшін соғысқа қатысқан буынның ерлігі туралы естелік әрқашан қасиетті. Біз – әрдайым өз өткеніне алғыс сезімімен және кешіріммен қарайтын халықпыз. Тарихи өткен шақты біз қашанда тұтас күйінде және оң көзқараспен қабылдауымыз керек. Ол барлық қазақстандықтарды бөлуге емес, біріктіруге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

 Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихы тұтасу мен бірігуге негізделгенін айрықша атап өтті.

– Бірлікті сақтау және нығайту – ең игі іс. ХХI ғасырда тек бірлігі бекем, еңбегінен рахат тапқан, азаматтары тату ел ғана бақытты өмір сүреді. Біздер, қазақстандықтар оны жүрегімізбен сезіндік. Тәуелсіздік жылдары біз рухани тұрғыдан шынығып, шыңдалдық, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Мәңгілік Ел идеясы мызғымас тұрақтылықтың символы бола отырып, ертеңгі күнге жол сілтейтін, болашаққа сенімді білдіретін идея екеніне назар аударды.

Қазақстан Президенті қазіргі замандағы халықтың тағдырын айқындайтын екі басты қағидатты атады.

– Бұл – ұрпақ және құндылықтар сабақтастығы, сондай-ақ ұлттың ширақтығы, жастардың инновацияға бейімдігі. Біз өз тарихымызды батыл әрі лайықты түрде игеруге тиіспіз. Әрдайым бірлігіміз болса, біз бұдан да қуатты бола түсеміз. Біздің жалпыұлттық Мәңгілік Ел идеямыздың, Мәңгілік Отанымыздың мән-маңызы осында, – деді Мемлекет басшысы.

Іс-шара соңынан Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік концерт болып, оны ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшылары да тамашалады.  

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің