National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Елбасы «Қазақстанды жаңа индустрияландыру: 2014 жылдың және бірінші бесжылдықтың нәтижелері» деп аталған жалпыұлттық телекөпірге және «Парыз», «Алтын сапа» сыйлықтары лауреаттарын марапаттау рәсіміне қатысты

2014 жылғы 25 желтоқсан

 

Телекөпір барысында елдің барлық өңірлерімен 30-ға тарта байланыс жүзеге асты, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар таныстырылып, Индустрияландыру картасындағы ірі жобалар іске қосылды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде индустрияландырудың жүйелі қайтарымы бола бастағанын атап өтті.

– Біздің жұмсаған шығыстарымыз әлден-ақ ел бюджетіне триллиондаған теңге түрінде қайтып жатыр. Шын мәнісінде, өндірістік және әлеуметтік-еңбек қатынастарының ХХІ ғасыр сұранысына сай жаңа үлгісі қалыптасуда. Біз бүкіл экономиканың құрылымын өзгерту бағытында батыл қадам жасадық. Қазақстандағы әртараптандыру сөз жүзінде емес, іс жүзінде басталды. Біз өңдеуші өнеркәсіп көлемінің өсу қарқынының дәстүрлі өндіруші салаларға қарағанда әлдеқайда жоғары болуына қол жеткіздік, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бағдарлама қорытындыларының сандық көрсеткіштеріне тоқталды.

– Тау-кен өндіру саласының ІЖӨ-дегі үлесі 16,5 пайызға азайды. 5 жылда бұған дейін Қазақстанда өндірілмеген, мүлде жаңа 400 өнім түрі игерілді. Өңдеуші сектор Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан бергі уақытта экономикаға салынған барлық шетелдік инвестицияның 70 пайызын дерлік бірінші бесжылдықта алды. Барлығы 770-тен астам жаңа кәсіпорын іске қосылды. Жұмысшылары жоғары білікті, еңбекақысы лайықты, мүлде жаңа деңгейдегі 75 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Бүгінде өнеркәсіптік секторда жұмыс істейтін қазақстандықтардың жалпы саны 1 миллионнан асады, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті отандық экономика жаһандық дағдарыстың күрделі жағдайында тиімділік көрсеткенін айтты.

– Өңдеуші өнеркәсіпте еңбек өнімділігі 60 пайызға жуық өсті. Әрбір еңбеккер жылына орта есеппен 20 мың долларға артық өнім өндіретін болды. Экономикамыздың энергия ауқымдылығы 19 пайызға дерлік төмендеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Республикада жаңа сала қалыптасып, заманауи инфрақұрылым жасалды, бұл жалпы индустрияға серпін береді.  

– Қазақстанға әлемнің ірі индустриялық алпауыттары – Airbus, General Electric, Alstom, Eurocopter, Toyota, Ssang Yong, LG және басқалары келді. Қазақстанның титаны қазірдің өзінде еуропалық Airbus авиақұрастырушы концерні сұранысының 15 пайызын өтеуі – айтарлықтай көрсеткіш. Сонымен қатар, индустрияландырудың инфрақұрылымдық базасы едәуір ұлғайды. 4 мың шақырымға жуық автокөлік жолы және 1700 шақырым теміржол қайта жөнделді немесе салынды. Соңғы бірнеше жыл көлемінде әлемнің ешбір жерінде осыншама ұзақ көлік коммуникациялары салынған жоқ, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бірінші өнеркәсіптік бесжылдықты табысты жүзеге асыру жаңа деңгейдегі міндеттерді шешуді қажет еткенін, соның барысында тәжірибе жинақталғанын айрықша атап өтті.

– Бәрі бірдей іске асып жатпағанын да білемін. Өзім де министрлерді, әкімдерді, ұлттық компанияларды талай рет сынға алдым. Бірақ «жеңіл болады» деп те ешкім уәде берген жоқ. Әлемдік тәжірибе табысты индустрияландыру белгілі бір уақыт алатын ауыр үрдіс екенін көрсетіп отыр. Бұл үшін жаңа кадрлар, жаңа мамандықтар қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев барлық азаматтардың әсіресе қазіргідей жағдайда экономиканы дамытуға еңбегімен үлес қосуы маңызды екендігін айтты.

– Жаһандық дағдарыс кезеңі – масылдардың уақыты емес. Біз – еңбек еліміз. Біздің міндетіміз халықты жұмыспен қамтамасыз ету болып саналады. Мен еңбегімен дараланған жұмысшылар мен шаруаларға ғана арналған, үш дәрежеден тұратын арнайы еңбек даңқы орденін тағайындауға шешім қабылдадым. Оның үш дәрежесін алған адамның мәртебесі Еңбек еріне теңесетін болады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев ең дамыған 30 елдің қатарына ұмтылушы мемлекет ретінде Қазақстанға әлеуметтік сын-қатерлерге төтеп беру керек болатынын атап өтті.

– Қазақстан экономикасының өсімін 6 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету үшін жыл сайын шамамен 100 мың жұмыс орнын құру керек. Өңдеуші индустрия жоғары кәсіби қызметтің 80 пайызын тұтынады. Индустриялық сектордағы бір жұмыс орны іс жүзінде қызмет көрсету секторындағы 3-тен 5-ке дейін жұмыс орнын құрады. Сол себепті индустрияландыру бағдарламасы арқылы жыл сайын 30 мыңнан 50 мыңға дейін сапалы жұмыс орны құрылуы тиіс. Сонымен қатар, экономикалық өсім дегеніміз жұмыс орындарының өнімділігін көтеру болып саналады, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің атап өткеніндей, еліміз жаһандық экономика кезігіп отырған қиындықтарға қарамастан, 2015 жылға өсіммен қадам басады.  

– Бірнеше күннен кейін индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығын жүзеге асыру басталады. Соған орай, Үкімет инноваторларды мемлекеттің қалай көтермелей алатынын қарастырғаны жөн. Оларды оқыту керек, нәтижесі жемісті болады. Бәлкім, лайықты инновация әзірлегендерге арнайы мемлекеттік сыйлық тағайындап, марапаттау арқылы үлгі ету керек шығар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы экономика саласында өршіл міндеттерді жүзеге асыруға ұмтылған жөн екенін айтты.

– 2020 жылға қарай жоғары технологиялық өнім үлесі ІЖӨ-нің 1,5 пайызынан 5 пайызына дейін өсуі тиіс. Кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтер секторы бүгінгі 8-ден 20 пайызға дейінгі өсімді қамтамасыз етуі қажет, ең бастысы – ол жекеменшік сектордағы инновацияны дамыту есебінен жасалғаны жөн. Бұл міндеттерге жету жолындағы негізгі тұғыр Назарбаев Университетінің «Астана бизнес кампус» ғылыми паркі мен «Алатау» инновациялық технологиялар паркі болады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев республикада жаңа өңдеуші кәсіпорындар құру қажеттігіне, оған шетелдік капиталдың қатыстырылу жайына  тоқталды.

– Сірә, бізге жаңа мұнай өңдеу зауытын және мұнай-газ саласының бірнеше ірі кәсіпорнын салу қажет болар. Қымбатқа түсетіндігіне қарамастан, олар химия өнімінің барлық бағытын қамтып, газдан дәрі-дәрмекке, киімнен полиэтиленге дейінгінің бәрін шығарады. Сондай-ақ Қазақстанда бүкіл әлемге қажет кабель өнімінің толық циклін қамтитын жаңа мыс қорыту комбинатын салуға тырысу керек. Жалпы алғанда шаруа көп, индустрия осы жолмен жүруге тиіс. Үкімет алдына қоятын міндетім  –  жаңа 5 өңдеу зауытын салу үшін Қазақстанға ең кемі 5 ірі трансұлттық  корпорацияны тарту, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бүгінде жалпыұлттық және жергілікті деңгейде  нақты инфрақұрылымдық даму нысандары айқындалып, тиісті қаражат бөлінгенін атап өтті.

– Әрбір жауапты министр мен вице-премьердің, аумақ әкімінің, мердігер компания басшысының жұмыс күні құрылыс жұмыстарының және қаражатты тиімді пайдаланудың инспекциясын жасаудан басталуы тиіс. Инфрақұрылымдық жобалар жөніндегі барлық кеңестерді шенеуніктердің жылы кабинетінде емес, құрылыс алаңдарында өткізу қажет. Тек сонда ғана нәтиже болады және қазақстандықтардың билікке сенімі артады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті «Алтын сапа» және «Парыз» ұлттық байқауларының барлық қатысушыларын құттықтап, олар патриотизмнің арта түскенін, Қазақстан бизнесінің табысын, келешегі бар екенін көрсетіп отырғанын атап өтті.

– Бұл – елдің үдемелі экономикалық өсімін нақты компаниялар мен бизнесмендердің үлесін бағалау арқылы дәл көрсетіп беретін барометр, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев отандық кәсіпорындар өз жұмысы, индустрияландыруға қатысуы арқылы ел экономикасының да, әлеуметтік саласының да нығаюына үлес қосып отырғанына тоқталды.

– Тек «Парыз» жүлдесі байқауына қатысушылардың өзі жалпы сомасы 152 миллиард теңге болатын 440 әлеуметтік жобаны іске асырды. «Алтын сапа» жүлдесі тағайындалған күннен бергі небәрі 9 жылда байқауға қатысушылардың жалпы саны 6 есе өсті. Бүгінде ұлттық байқаулардың барлық жеңімпаздары мен қатысушылары, жаңа кәсіпорындардың құрылысшылары мен еңбек ұжымдары – нағыз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының алғашқы қарлығаштары, – деді Мемлекет басшысы.

Іс-шара аясында Мемлекет басшысы «Парыз» байқауының бас жүлдесін «Қазгермұнай» БК» ЖШС-ға тапсырды. Бұдан бөлек, «Алтын сапа» байқауының «2014 жылдың өндірістегі үздік инновациялары» арнаулы жүлдесіне Шығыс Қазақстан облысындағы «ПОСУК Титаниум» ЖШС,  «2014 жылдың үздік индустриялық жобасы» жүлдесіне «Ақтөбе рельсті арқалық зауыты» ЖШС ие болды.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің