Рәсім барысында Қазақстан Президенті МАГАТЭ-нің бас директоры Ю.Аманоға Үлбі металлургия зауытының аумағында орналасқан Төмен байытылған уран банкінің символдық кілтін табыс етті.
Мемлекет басшысы құттықтау сөзінде бүгінгі шараның Қазақстан мен бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлемнің ядролық қаруы бар төртінші елінен оны таратпау жағынан жаһандық көшбасшы мемлекетке айналғанға дейінгі қарқынды даму жолынан өткенін айтты.
– Осы күні, 1991 жылғы 29 тамызда, менің Жарлығыммен әлемдегі ірі полигон – Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Бүгінде бүкіл әлем 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде атап өтеді. Қазақстанда қуатты ядролық қарудың болуы тағы бір мәселе болды. Қазақстан іс-әрекеті арқылы ядролық арсенал проблемасымен бетпе-бет келген басқа да елдерге жол көрсетті, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан МАГАТЭ-ге Төмен байытылған уран банкін орналастыруға мүмкіндік беріп, ядролық отынды таратпау жөніндегі режімді нығайтуға және оны қауіпсіз жеткізудің бірегей тетігін қалыптастыруға елеулі үлес қосқанын айтты.
– Төмен байытылған уран банкі МАГАТЭ-нің толық бақылауымен жұмыс істеп, ресми түрде оның заңды меншігінде болатынын атап өтемін. Сондықтан, МАГАТЭ басшылығына және Банк донорларына осы маңызды жобаға зор үлес қосқаны үшін ризашылық білдіремін, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы ядролық энергетиканы дамытудың өзектілігіне назар аударып, оны әрі қарай жаңғыртудың перспективаларына тоқталды.
– Біз – ірі уран өндірісімен айналысатын елміз және әлемдік энергетикада маңызды рөл атқаруға әзірміз. Сондай-ақ, Қазақстан жаһандық «жасыл» тренд арнасында тұр. Сондықтан біз Астанада болашақтың энергиясына арналған халықаралық «ЭКСПО» көрмесін өткізіп жатырмыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Жаһандық проблемалар жөніндегі Пагуош ғалымдар қозғалысының 62-сессиясына қатысушыларды осы қозғалыстың 60 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Мемлекет басшысы ядролық қарудың таралу мәселелеріне және адамзат үшін оны қолданудың қауіпті салдарларына тоқталды.
– Ядролық қару – бүкіл адамзатқа төнген тажал. Әлемнің тоғыз мемлекетінде 16 мың ядролық қару бар. Алайда, осы арсеналдың жарты пайызы климатты өзгертіп, жаһандық аштыққа ұрындыра алады. Бұл өз-өзімізді жою дегенді білдіреді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті негізгі ядролық державалар арасындағы сенім деңгейінің төмен екенін, соның нәтижесінде әлемдік қоғамдастықта жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселелері бойынша бірліктің болмай отырғанын айтты.
– Қазақстан өз таңдауын жасады. Біз ядролық қарусыздану мен жаһандық ядролық қауіпсіздікті дәйекті түрде жақтаймыз. Бұл ретте, біз ядролық қауіпсіздік тек әмбебап әрі ешкімді кемсітпейтін болуы керек деп есептейміз. 190-ға жуық елді біріктіретін G-GLOBAL бастамасы осыған бағытталған, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ пен Ресей арасындағы санкциялық қарсылықтың күшеюіне байланысты алаңдаушылық білдіріп, сауда-экономикалық шиеленістердің күш қолдануға ұласуын болдырмаудың маңыздылығын атап өтті.
– ХХІ ғасырдағы тұрақтылық пен ядролық қауіпсіздік, ең алдымен, ресми ядролық державаларға байланысты болады. Адамзат үшін олардың арасындағы қарым-қатынастың маңызы өте зор. Корей Халық Демократиялық Республикасына қатысты ахуалға келсек, біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2371-қарарын табанды түрде қолдаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы халықаралық қарым-қатынастардағы саяси сенім мен жүйелі диалогты қалпына келтіру қажеттігін атап өтіп, Қазақстанның әлемдік проблемаларды шешудегі үлесі жөнінде айтты.
– Біз бітімгерлік бағытты одан әрі қолдап, жалғастыруға дайынбыз. Атап айтқанда, Қазақстан Украинаның оңтүстік-шығысындағы дағдарысты реттеу жөніндегі диалогқа ықпал етуге әзір. Біз тараптарды қақтығысты еңсеру жолын табуға шақырамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті қалыптасқан жаһандық ахуалды ескере отырып, ядролық қауіпсіздіктің жекелеген мәселелерін шешу мақсатымен бірқатар идеялар ұсынды.
– Біз Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзіне артылған үмітті ақтамай отырғанын бірнеше рет айттық. Атап айтқанда, «ядролық клубтағы» елдер өз еркімен ядролық бағдарламалар туралы мәлімет бермейді. Ал, өзге елдер МАГАТЭ-ге толық ақпарат ұсынуда. «Ядролық бестік» пен басқалардың арақатынасындағы теңсіздікті жою қажет. 2020 жылы әлемдік қоғамдастық Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың күшіне енуінің 50 жылдығын атап өтеді. Осы мерзімде Ядролық қаруға толықтай тыйым салу туралы шарттың қабылдануы үшін бірлесе күш жұмылдырайық, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев іс жүзіндегі барлық ядролық мемлекеттің мәртебесін заңдастырып, Ядролық қаруы бар елдердің саммитін өткізуді ұсынды.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті ядролық технологиялары бар, бірақ Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қоймаған немесе ратификацияламаған бірнеше елдерді атап өтіп, олардың көшбасшыларын кешеуілдемей осы шартқа қосылуға шақырды.
– Ядролық қарудан азат аймақтар құру – оның таралуымен күрестегі тиімді құралдардың бірі. 2009 жылғы наурызда Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарт күшіне енді. Ядролық қарусыз аймаққа кіретін барлық мемлекеттің күшін біріктіруді ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қаруға қарсы қозғалыс мәселесі бойынша барлық жаһандық бастамаларды біріктіруді ұсынып, Қазақстанның Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитті жаңарту үдерісіне бастамашы болуға және оның отырысын Астанада өткізуге әзір екенін айтты.
– Мен БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында ұйымның 100 жылдығына ядролық қарусыз бару туралы бастама көтердім. Онда баяндалған барлық тармақтар әлемнің БҰҰ-ның 100 жылдығын ядролық қарусыз қарсы алуына бағытталған. Біз үлгі көрсете отырып, ядролық қаруға ұмтылған елдерді бұл қауіпті жолдан шығуға шақырамыз, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Мемлекет басшысы жаһандық ядролық қауіпсіздікті сақтаудың қажет екенін айтып, Қазақстанда ашылған Төмен байытылған уран банкі тек бейбіт атомға ғана арналатынын атап өтті.