National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Қазақстан Президенті Мемлекеттік туды көтеру салтанатты рәсіміне қатысты

2018 жылғы 04 шілде

Нұрсұлтан Назарбаев шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекеттік тудың дәстүрлі түрде Астана күні қарсаңында көтерілуі осы жалпыұлттық мерекенің мәртебесін асқақтата түсетінін атап өтті.

Елбасы Қазақстанның аспан түстес көк туы Астананың қалыптасуы мен бүкіл еліміздің даму жолын айшықтайтынын айтты. 

– Батыр бабаларымыз біздің зор жеңістерге жетуімізді тілеп, әрдайым туды тік ұстауды өсиет етті. Содан бері біз барлық жетістікке көк байрақтың астында қол жеткізіп келеміз. «Қазақстан, Тәуелсіздік, Астана» деген түсініктер біздің мемлекеттігімізбен, болашағымызбен біртұтас ұғымға айналды. Қазақстан – біздің жалғыз Отанымыз, Тәуелсіздік – орындалған арманымыз. Әлем елдері туларының ешқайсына ұқсамайтын көк туымызды дүниежүзі мойындады, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы еліміздің сыртқы саясатының бейбітсүйгіш сипатын атап өтіп, Қазақстанның Қарулы Күштері үшін әскери кадрларды сапалы дайындаудың маңыздылығын айтты.

– Сіздердің әскери қызметтеріңіз бейбіт жағдайда өтсін деп тілеймін. Бірақ мемлекет әрдайым өзінің қауіпсіздігі мен шекара бүтіндігін ойлауға тиіс. Сондықтан, біз офицерлерімізді тәуелсіз Қазақстанның жаңа жағдайында, жаңа Қарулы Күштеріміз үшін оқытып, тәрбиелейміз. Әскери қызметті лайықты атқарудың үлгісін көрсетіңіздер, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жас офицерлерге арнаған сөзінде мемлекеттік туға зор құрмет көрсету Отанды сүюмен бара-бар екенін атап өтті. Бұл қазақстандық патриотизм құндылықтарын және еліміздегі ұлттық бірегейлікті нығайта түседі.

– Бүгін әскери оқу орындарының үздік түлектері офицерлік шен алады. Сіздер арқылы осы жылы оқуын бітіріп жатқан жас офицерлердің бәрін құттықтаймын. Осы сәттен бастап сіздерге Отан қорғау, Қазақстан азаматтарының бейбіт өмірі мен тыныштығын күзету үшін күрделі де мәртебелі миссия жүктеледі. Сіздер ұлы бабаларымыз аманат еткен қасиетті борышты лайықты атқаруларыңыз керек. Бүкіл өмір жолдарыңызда офицерлік атақты үлкен абыроймен алып жүріңіздер! – деді Мемлекет басшысы.

Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Президенті – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан еліміздің жоғары әскери оқу орындарының 12 үздік түлегі Қарулы Күштердің офицерлік шендерін алды.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша жұртты Астананың 20 жылдығымен құттықтап, Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің