National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дамушы нарықтардың Еуразиялық форумының пленарлық отырысына қатысты

2013 жылғы 10 қыркүйек

Форум жұмысына Австрия экс-Федеральдық канцлері А.Гузенбауэр, Польша экс-президенті А.Квасьневский, Италия экс-Премьер-Министрі және Еурокомиссияның экс-Төрағасы Р.Проди, Израиль экс-Премьер-Министрі Э.Ольмерт қатысты.

Өз сөзінде Қазақстан Президенті форум барша қазақстандықтардың мақтанышы болып саналатын Астанада алғаш рет өтіп отырғанын атап өтті.  

– Бұл қаланың өсуі, оның дамуы – қайта түлеген жаңа мемлекеттің символы. Қазақстан екінші онжылдықта қазіргі әлемнің ең қарқынды экономикасының қатарына кіреді және дәл осы деңгейде біз жақында ғана G20 саммитінің жұмысына қатыстық. Саммит жұмысы барысында мен дағдарыстан шығу жөніндегі әлемдік қаржы архитектурасы мен қадамдарын қалыптастыру туралы көзқарасымды білдірдім, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті G20 форумында әлемнің қазіргі тағдыры туралы пікірталасқа белсенді қатысушы ретінде Қазақстан бұл клубтағы қазіргі әлемдік дамудың де-фактосы және бүгінгі міндет осы мәртебені ресми бекіту екенін атап өтті.

– Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде орасан жолды жүріп өтті. КСРО тарағаннан кейін экономика 30 пайызға, АҚШ-тағы Ұлы депрессиядан да төмен құлдырады. КСРО республикалары арасындағы аутсайдерден біз орнықты экономикалық өсім магистраліне шықтық. Бүгінде экономикалық өсім қарқыны бойынша біз ТМД елдері арасында көшбасшылар қатарынан көріндік. Қазақстан XX ғасырдың бірінші онжылдығында 9-10 пайыз, ал осы жылдар ішінде орташа 6-7 пайыз қарқынмен дамыды,  ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда 600 доллардан биыл 12 500 долларға өсті. Адам әлеуеті дамуының жаһандық индексінде біз жоғары нәтиже көрсеттік, әлемдік білім беру кеңістігінің бөлігіне айналған Қазақстанның білім беру жүйесі сенімді дамуда. Мысалы, технологиялық жабдықталуы мен кәсіби кадрлар деңгейі бойынша Қазақстан медицинасы алдыңғы қатарға шықты. Орташа өмір сүру ұзақтығы соңғы 8 жылда 5 жасқа ұзарып, бүгінде оның шегі 70 жасқа артты. Бала туу артты, демографиялық өсу байқалуда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бүгінде елдің дамуы өзге мемлекеттердің деңгейінде бағаланатынын және біздің азаматтарымыз ұлттардың арасындағы осынау бейбіт жарыста Қазақстанның жылдан жылға тек алға жылжып бара жатқанын мақтан тұтатынын атап өтті.

– Жеті жыл бұрын мен Үкіметке әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру жөнінде міндет қойдым. Бұл міндетті орындадық, бірақ біз мұнымен тоқтамаймыз, алға қарай батыл жүре бермекпіз. Біз «Қазақстан – 2030» Стратегиясымен жұмыс істеп, ондағы міндеттердің басым бөлігін жүзеге асырдық, енді өз дамуымызды 2050 жылға дейін жоспарлаудамыз. Біздің жас ұлтымыздың басты мақсаты – әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру. Осы биікті бағындырған соң біз халқымыздың өсіп-өркендеуі мен сенімді болашағын қамтамасыз ететінімізге менің күмәнім жоқ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті 2050 жылға қарай ең дамыған елдер арасындағы үйлесімнің біздер ойлағаннан және қазіргі көріп отырғанымыздан мүлде басқаша болуы мүмкін екеніне назар аудартты.

– «Дамыған ел» деген түсініктің өзінің де уақыт өткен сайын қолданыстағы терминнен айтарлықтай өзгеше болуы ықтимал екенін ескеру маңызды. Мәселен, ХХ ғасырдың басында ондайларға үлкен отарлық елдер жатқызылған еді, ал 30-40 жылдан соң дамыған елдер болып өнеркәсіптік әлеуеті мен әскери қуаты зор мемлекеттер саналды, тағы 20 - 30 жылдан соң дамыған елдер ғылыми және білім беру әлеуеті жоғары елдер болды. Бұған қоса, осы ғасырдың басына қарай ақпараттық даму деңгейі маңызды көрсеткішке айналды, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев тарихи дамуды ескере келе ғасырдың ортасына таман дамыған қоғамның формуласын шығару маңызды екенін атап өтті. Оның сапалық ерекшеліктеріне экономикалық және әлеуметтік өсімнің жоғары қарқынын, экономикада өзгермелі жаһандық конъюнктураға жедел әсер ете алатын тиімді мобильді құрылымның болуын жатқызуға болады.

Бұл орайда Мемлекет басшысы ел дамуының жоғары қарқынын қамтамасыз ететін, экономикалық және саяси-құқықтық институттарды құрудың маңыздылығын атап өтті.

– Ең алдымен, кәсіпкерлер табын нығайту үшін барынша қолайлы ортаны қамтамасыз ету қажет. 2008 жылғы дағдарыс мемлекетті экономикада  мейлінше белсенді рөл ойнауға мәжбүрледі. Бірақ ұзақ мерзімді жоспарда нарықтық тетіктерді күшейту баламасыз жол болып саналады. Өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық кәсіпорындардағы мемлекеттік меншіктің үлесі қысқарады. Біз бизнесті жүргізу шартын жетілдіріп, кәсіпкерлік ортаның дамуына жағдай жасайтын боламыз. Әкімшілік кедергілерді азайтуды жалғастыру маңызды. Бірінші кезекте, халықаралық саудадағы кедергілерді жою керек, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев көмірсутек ресурстарын басқарудың тиімді жүйесін құру қажеттігіне де тоқталды.

– Шикізат қорлары экономиканың өсіміне сеп болуы керек, бірақ бұл ретте мемлекет кірісінің басты көзі болудан қалуға тиіс. Бұл – Үкіметтің маңызды міндеті. Ең алдымен, мұнай өндірудің түрлі сценарийлерін қарастыру керек. Сындарлы жолын тапса, тұрақты өндіру мен мұнай ресурстарының экспортын 2050 жылға дейін сақтауға, демек Ұлттық қорға тұрақты кірісті қамтамасыз етуге толық негіз бар. Агрессиялық сценарий жағдайында біз мұнай ресурстарын экспорттауға қажетті мүмкіндікті тез тауысып алуымыз мүмкін. Біздің халқымыз бен мемлекетіміз үшін жылына 2 миллион баррель мұнай өндіру жеткілікті, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті басымдығы бар салалар санын шектеу қажеттігіне де назар аудартты.

– Жаһандық нарықта әлі иелік етілмеген жоғары технологиялық салаларды бағдарға алған маңызды. Бұл, мысалға, таза энергетика, роботты техника, нанотехнология, аэроғарыштық өнеркәсіп, гендік инженерия, яғни дамыған мемлекеттердің барлығы қазір айналысып жатқан салалар. Біз сондай-ақ геологиялық барлау, инжинирингтік, ақпараттық қызметтердің де жоғары технологиялық секторын қалыптастыруымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев елдің аграрлық саласын дамыту бойынша ауқымды жұмыстарды жандандыру қажеттігіне де тоқталды. Қазақстан Президенті жер шары тұрғындары санының өсуі, жаһандық климаттағы өзгерістер азық-түлік тауарларына сұранысты күшейтетінін атап өтті.

– Ауылшаруашылық айналымына қуаң және шөлейтті аудандардан жаңа жерлер қосу, осы ретте жаңа технологияларды қолдану маңызды. Ауылдардың инвестициялық тартымдылығы үшін жағдай жасау қажет. Ірі агломерациялардың, фермерлік шаруашылықтардың базасында, мысалы, Ақмола облысында айрықша инновациялық кластер құру арқылы аграрлық ғылымды дамыту маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы еліміздің аумақтық дамуы зор мәнге ие екендігін айтты.

– Қалалық агломерацияларды өсімнің қуатты нүктелері ретінде дамыту – біздің таңдауымыз. Ұзақ мерзімді мақсат – әлемдік деңгейдегі мегаполис-агломерациялар құру. Біз алдымызға тағы екі мегаполис, сондай-ақ бірқатар «ақылды», «жасыл», қауіпсіз қалалар құру міндетін қойып отырмыз. Жаңашыл, инновациялық кластерді дамытуда нақ осылар құнарлы орта болмақ. Бұл тәжірибені басқа агломерацияларға да қолдану қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы өзінің қазіргі күйіне – қуатты экономикаға, қоғамның өсіп келе жатқан игілігі мен Қазақстанның халықаралық беделіне 20 жылдан астам жол жүріп өткенін атап өтті.

– 2050 перспективасы алыс көрінер, бірақ ол толық сезінерліктей уақыт аралығы. Уақыт біздің бүгінге дейінгі одақтасымыз болды, бұдан былай да солай болатынына сенімдімін. Қазақстан бұл күнде мол мүмкіндік пен үміт елі. Біз бейбіт ел, біртұтас халық, сенімді серіктеспіз. Өңірлік көшбасшылығымызды біз жүзжылдық экваторында одан әрі нығайтып, әлемде нық орын алуға тиіспіз. Мен мемлекетіміздің болашағы үшін өсудің осы қарқынын қазақстандықтардың келесі буыны іліп әкететініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Австрияның бұрынғы Федералдық канцлері А.Гузенбауэр өз сөзінде білім беру сапасы мен оның әлемдік жоғары талаптарға сәйкестігі мәселесі дамуда, әсіресе, Қазақстан секілді ел үшін аса маңызды екендігіне тоқталды.

– Әрбір азамат барлық деңгейдегі жоғары дәрежелі білімі негізінде алған әлеуетінің бәрін толық пайдалану арқылы өз үлесін қосуға тиіс. Сонда ел алға қойған мақсаттарының баршасына жете алады. Мен болашақта мұнай мен газға, өндіруші салаларға тәуелділікті азайтуға, инновациялық салаларға және зияткерлік экономикаға, жоғары технологияларға арқа сүйеуге ниеттенген Қазақстан туралы айтып отырмын.

Польшаның экс-Президенті Александр Квасьневский өз сөзінде 2050 жылға дейінгі Стратегия өршіл, бірақ Қазақстан үшін мейлінше шынайы жоспар екенін атап өтті.

– Мен дамудың негізі адам капиталы екендігі жөніндегі Қазақстан Президентінің пікірімен келісемін және бұл өте дұрыс. Бұл Қазақстан үшін ғана емес, әлемнің дамыған барлық елі үшін де басымдық болып саналады. Адам капиталын дамытып, оны барынша тиімді пайдалану қажет. Сондықтан ел дамуында білім беру өте маңызды. Сонымен қатар экономикалық, саяси және сот институттары да аса елеулі, Қазақстан үшін бұл институттарды одан әрі күшейте түсу маңызды болады, – деп атап өтті  А.Квасьневский.

Италия экс-Премьер-Министрі және Еурокомиссияның экс-Төрағасы Романо Проди Қазақстан экономикасы дәл қазіргідей қарқынды дамып отырған жағдайда дамыған 30 елдің қатарына 2050 жылдан әлдеқайда ерте кіре алатынын атап өтті.

– Еуропа өңірі энергия ресурстарын экспортқа шығарушы болып саналады. Мен өңірдің әлеуметтік секторы мұнай мен газды экспортқа шығарудан үлкен ұтысқа шықты дей аламын. Сонымен бірге, өндірудің тұрақтылығы мен теңгерімін қамтамасыз етпей тұрып, бұл бағытта ілгерілеу өте қиын болады. Бұл бағытта тұрақты дамуға көшудің маңызды кезеңі жаңартылған энергия көздерінің пайдасына орай энергетикалық қоржынды әртараптандыру болып саналады, – деді Р.Проди.

Израиль экс-Премьер-Министрі Эхуд Ольмерт өз сөзінде өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атап айтқанда, Египет пен Сириядағы ахуал мәселелерін қозғады, сондай-ақ көтерілген мәселелердің бәрі ертеңгі отырыстарда талқыланатынына сенім білдірді.

Баяндаманың толық мәтінін мына жерден қараңыз.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің