Нұрсұлтан Назарбаев съезд делегаттары алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның осы шараны өткізу жөніндегі бастамасына қолдау көрсетіп, оған атсалысып келе жатқан дін көшбасшыларына, халықаралық ұйымдар өкілдеріне, саясаткерлер мен сарапшыларға зор ризашылығын білдірді.
– Алғашқы тарихи съезден бері 15 жыл уақыт өтті. Бүгін біз алтыншы рет бас қосып отырмыз. Мен өткен жиындарға қатысқан ескі достарымызбен қайта қауышқанымызға өте қуаныштымын. Астанаға алғаш рет келгендерге ризашылық білдіремін. Біздің елордамыз биыл өзінің жиырма жылдығын атап өтуде. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі елордамыздың бойтұмарына айналды деуге болады. Себебі, біз Астананы барлық мәдениеттер үшін ашық әрі болашақтың еуразиялық қаласы ретінде салдық, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы бітімгершілік, серіктестік, толеранттылық, жасампаздық идеяларын жаһандық деңгейде ілгерілету жолында Қазақстанның жұмсаған күш-жігері мен елорданың рөлі жөнінде айтты.
– Ғылыми-технологиялық прогрестің дамуы барысында өркениетаралық қақтығыстардың жөнсіздігі айқын көрінеді. Дәл қазір болашақ адамзаттың бет-бейнесі қалыптасуда. Келер ұрпаққа ортақ планетамызды қандай күйде тапсыра аламыз – өркениетіміздің басты проблемасы осы. Біздің үшінші мыңжылдықта өмір сүріп жатқанымызға 18 жыл болды, алайда бейбітшілік, бақ-береке мен молшылық адамзат дамуының негізгі үрдісіне айнала алмады. Әлемдік қоғамдастық өзара сенімсіздіктің, жек көрушілік пен қақтығыстың иірімінен шыға алмай келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті геосаяси шиеленістің және санкциялық текетірестің өршіп келе жатқанына арнайы тоқталды.
– Елдердің, геосаяси блоктардың арасында жаңа дуалдар мен «темір перделі» кедергілер бой көтеруде. Бірақ, ең қауіптісі, адамдардың ой-санасы мен жүректерінде бір-бірімен араздық сезімі күшейіп келеді. Көп күш-жігер ынтымақтастықтың негізін қалауға емес, бәсеке үшін сылтау іздеуге, халықтың өсіп-өркендеуіне жол ашатын бірлескен жобаларға емес, бірін-бірі қырып-жоятын құрал жасауға бағытталып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы әлемде қалыптасқан жағдайдың адамзат үшін жағымсыз салдары болатынына назар аударды.
– Технологияның қарыштап дамуына, жалпыәлемдік байлықтың артуына қарамастан, әлеуметтік кеселдің ауқымы арта түсуде. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сәйкес, жер шары халқының 14 пайызы аштықтың азабын тартып отыр. Жұмыссыздардың жалпы саны 190 миллион адамнан асты. Бұл радикализмнің өріс алуына негіз болатын әлеуметтік теңсіздікті күшейте түседі. Сондықтан, қауіпсіз әрі әділетті әлем қалыптастыру негізгі мәселе болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы түрлі мәдениет, дін және мемлекет көшбасшылары арасында өзара сыйластық, сындарлы ынтымақтастық идеяларын нығайту ісіндегі Қазақстанның тәжірибесі жөнінде айтты.
– Қазақстанда 18 түрлі конфессияның 3,5 мыңнан астам діни субъектілері тіркелген. Осыншама алуан түрлілікке қарамастан, біз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дін бостандығын қорғаудың тепе-теңдігін сақтай білдік. Біз елімізде конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің көпшілік мойындаған ерекше қазақстандық моделін қалыптастыра алдық. Қазақстан тәжірибесін әлемдік ауқымда да толық қолдануға болады деп сенемін, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев сенімнің жаһандық дағдарысын еңсеру үшін күш біріктірудің маңыздылығын атап өтіп, съезге қатысушылардың бірлескен жұмысының жекелеген бағыттарына тоқталды.
– Ақпараттық қоғам дәуірінде біз бейбітшілік пен келісім идеясын жаһандық деңгейде ілгерілету үшін жаңа технологиялардың барлық артықшылығын пайдалануымыз қажет. Сол үшін Съезіміздің базасында Ақпараттық портал құру ұсынылып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті әлемдік қоғамдастықты бейбітшілік пен қауіпсіздікке шақыру жөнінде рухани көшбасшыларға ұсыныс білдірді.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев білім мен ағартушылықты насихаттаудың маңызды екенін, сондай-ақ білім алудың қол жетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
– Білім мен ғылымға жаппай ұмтылмай, кедейшілік пен қайыршылықты жеңу мүмкін емес. Тек білім ғана радикализм идеяларының бүкіл көріністеріне қарсы орнықты иммунитет қалыптастырудың негізі болып саналады. Бұл тұрғыда діни білімнің де маңызы орасан зор. Қазір оның платформасын әртүрлі жалған діни ұйымдар белсенді пайдалануда. Сондықтан, әлемдік және дәстүрлі діндер діни құндылықтарды саяси идеологемалардан ажырату жөніндегі жұмыстарды атқара алар еді, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бәрін Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құру үшін ұсынған іс-қимылдарын қолдауға шақырды.
– Қазақстан алдағы уақытта да бар күш-жігерін өңірлік және жаһандық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді шешуге жұмылдыра береді. Айтылған бастамаларды бірлесе жүзеге асыру үшін Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөнінде орталық құруға дайынмын, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін берілетін Съездің бірінші сыйлығын Ватикан Папасының кеңесіне табыстау жөнінде шешім қабылданғанын делегаттарға хабарлады.
Соңында Қазақстан Президенті съезд делегаттарының бәріне ашық та сындарлы диалог рухында табысты жұмыс істеуіне ниеттестік білдірді.
Пленарлық отырыс аяқталған соң Мемлекет басшысы Бейбітшілік және келісім музейінің экспозицияларын аралап көрді.