Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, ғылыми және шығармашылық зиялық қауым өкілдері, жастар қатысты.
Мемлекет басшысы Алғыс айту күніне арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» экспозициясын көрді.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ барша Қазақстан халқын мерекемен құттықтады.
Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында айтылған менің ұсынысым жұртшылықтан кеңінен қолдау тапты. Сол іс-шарада елдегі түрлі этнос өкілдері бір-біріне және қазақ халқына алғыс тақырыбын қозғады. Биылғы қаңтарда мен тиісті жарлыққа қол қойдым. Алғыс айту күні – енді ұлттық күнтізбедегі Еңбек күні, Отбасы күні сияқты өзге де мерекелердің қатарындағы жаңа дата. Мен бұл мереке қазіргі уақытта аса қажет біздің қоғамдағы сенімді, келісім мен достықты бұрынғыдан да нығайта түсетініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті тарихымыздың көптеген беттері биік моральдық құндылықтардың бірі ретінде алғыспен байланысты екенін атап өтті.
Біздің бабаларымыз халықтың басына түскен ауыр сынақтарға төтеп беретін күш-қуат дарытқан туған жерге және тағдырына риза сезімде болған. Олар әскери шапқыншылық жылдарында, қуаңшылық немесе жұт кезінде көмекке келген жақындарына, туыстары мен көршілеріне әрдайым алғыс айтқан. ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және жер аудару сияқты қайғы-қасірет жылдары миллиондаған адам бір-біріне көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін ризашылық танытты. Бұл барынан айрылған адамдарға тіршілік жасауға, үмітін қайта жалғауға, өмірді қайта бастауға күш берді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы сол қуғын-сүргін жылдарының куәгерлері мен олардың ұрпақтары Қазақстанның қасиетті жерінде көрген қамқорлық пен қонақжайлықты қазір айрықша жылылықпен еске алатынын айтты.
Олар кезінде өздеріне де оңай болмағанына қарамастан қазақтардың қайырымдылығы үшін, сол кездегі тыйымдарға қарамастан батыл әрі риясыз көмегі үшін алғыс айтады. Қазақтар да бауырластарға туған өлкеге деген сүйіспеншілігі үшін, жеріміздің түрленуіне қосқан үлесі үшін, ұлттық мәдениетке, тілге және дәстүрге деген құрметтері үшін алғыс білдіреді, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде еліміздің көпэтностылық тарихынан сабақ алу қажеттігіне назар аударды.
ХХ ғасырда Қазақстанда көпэтносты халық қалыптасты. Столыпин реформасы кезіндегі шаруаларды қоныстандыру барысында Қазақстанға Ресейден, Украина мен Беларусьтен 1 миллион 150 адам келді. 30-жылдары ұжымдастыру кезінде бұрынғы КСРО-ның орталық өңірлерінен тәркілеуге түскен 250 мың шаруа жер аударылды. Осы уақыттары өнеркәсіп нысандарының құрылысына 1,2 миллион адам келді. Сталин режимі кезінде тұтастай бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың корей отбасы Қиыр Шығыстан жер аударылды. Оларды тауар вагондарына тиеп, қақаған қыста ашық далаға әкеп тастады. Ол кездері мұнда тек қазақтар ғана тұратын. Өздері жоқшылықта отырса да, қазақ отбасылары оларды үйлеріне кіргізді. Солардың бірі біздің үй болатын, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті сталиндік қуғын-сүргін кезінде елімізде 11 арнаулы лагерь – АЛЖИР, Қарлаг, Степлаг, Дальлаг, Песчанлаг, Камышлаг, Жезқазғанлаг, Актөбе, Петропавл, Кегір және Өскемен лагерлері құрылғанын, оларда мыңдаған тұтқын отырғанын айтты.
Солардың көпшілігі тұтқыннан босағаннан соң кеткен жоқ, осы жерде тұрақтап қалды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы елімізге түрлі кезеңдерде көп адам келгенін атап өтті.
Соғыс кезінде Қазақстан эвакуацияланған 350 мың адамды қабылдады. 50-жылдары тың игеруге 1,5 миллион адам келді, жабық әскери нысандарда 150 мың маман және олардың отбасы мүшелері жұмыс істеді. ХХ ғасырдың басынан бастап Қазақстанға барлығы 5,6 миллион адам қоныстанды. Жергілікті халықтың саны ол кездері 6 миллионның шамасында болатын. Қылмыстық сипаттағы Сталиндік ұжымдастыру салдарынан 1,5 миллион адам аштан қырылды. Тағы миллионнан аса адам өзін және балаларын аман сақтау үшін бұрынғы КСРО аумағынан кетуге мәжбүр болды. Қазақтарға жойылып кету қаупі туды. Біздің көпэтностылығымыз осылайша қолдан жасалды. Бірақ мұнда біздің жерімізге еркінен тыс келген адамдардың еш кінәсі жоқ. Біз Тәуелсіздіктің жаңа дәуірінде барлық этностарды біртұтас, ұйысқан халыққа айналдыра білдік. Бүгінде бұл – біздің ең басты артықшылығымыз. Біздің күшіміз де осында. Менің тапсырмам бойынша, тарихымыздың осы парақтары Астанадағы жаңа Ұлттық тарих музейінің экспозицияларында көрініс табатын болады, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев сол кезеңнің тоталитарлық машинасынан барлығы жапа шеккенін атап өтті.
Біз жыл сайын саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өтеміз. Бүгінде біз – 100-ден аса этнос және 17 конфессия өкілдері татулық пен келісімде өмір сүріп жатқан бірегей елміз. Біз бірге қалалар мен кенттер салып, егін егіп, индустрияны дамытып, жол салып жатырмыз, отбасын құрып, бала тәрбиелеудеміз. Табыстарымызға бірге қуанып, ең қиын сәттерде бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз. Менің тапсырмаммен Ассамблеяның бүкіл елдегі барлық қайырымдылық шаралардың үйлестірушісі ретіндегі рөлі Ұлт жоспары аясында заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Ассамблея тарихы – біздің достығымыз бен тұрақтылығымыздың тарихы. Алғыс айту күні бізді бұрынғыдан да жақындастыра түсетініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті татулық пен келісімде бірлесіп өмір сүру салты әсіресе жаһандық экономикалық дағдарыс жағдайында көші-қон хаосы басталған, этносаралық және әлеуметтік қақтығыстар ушыққан бүгінгі таңда еліміздің ең қымбат тәжірибесі екеніне назар аударды.
Біздің бірегей этносаралық келісім тәжірибемізді неғұрлым көп ел пайдаланатын болса, соғұрлым әлем де қауіпсіз бола түсетініне сенімдімін. Біз – ынтымағы жарасқан керемет халық мекендейтін ғажайып елміз. Татулық пен келісімнің қазақстандық тәжірибесі негізінде біздің болашағы біртұтас ұлт қалыптасуда. Сондықтан, біз Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған 1 наурызды Алғыс айту күні ретінде әділ таңдадық. Бұл күнді айрықша қайырымдылық акцияларымен, мұқтаж жандар мен жақындарға қолдау көрсету арқылы атап өту маңызды. Осыған байланысты Ассамблеяның арнаулы қорын құрып, сол арқылы қолдау көрсеткен жөн болар еді. Әрбір ауылда, ауданда, қала мен облыста әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге бағытталған қоғамдық шаралар айрықша мәнге ие, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы бүгінде Қазақстаның алдында зор міндеттер тұрғанын атап өтті.
Менің халыққа Жолдауымды, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру жүріп жатыр. Біз «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын іске асырудамыз. Сондықтан мен бүгін бірлік пен келісімге, достық пен өзара түсіністікке деген құлшынысы үшін бүкіл Қазақстан халқына зор ризашылығымды білдіргім келеді. Әр үйде татулық, жақсылық және береке болсын. Алғыс айту күні еліміздің ең айшықты, әркімнің де жүрегіне жақын мейрам болатынына сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Қазақстан Президенті Конституция мен ел заңнамасында ұлттық және діни ерекшелігіне қарамастан барлық азаматтардың теңдігі көрініс тапқанына назар аударды.
Заңның осы ережелерін мүлтіксіз орындау керек, оларды қалауынша әлдекімдерге түсіндіруге жол беруге болмайды. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясына ерекше рөл жүктеледі. Мен орын алған кейбір құқық бұзушылықтарға байланысты бұл туралы айттым да. Біз үштілділік бағытын ұстанып отырмыз және бұл әлдебіреудің қалауы емес, уақыттың талабы. Мемлекеттік тілді, титулды этностың тілін білуге біз міндеттіміз. сондықтан да біз қазақшаға балаларды мектептен бастап үйретіп жатырмыз. Біз ағылшын тілін де білуге тиіспіз, өйткені ол ғылымның, инновация мен ақпараттық технологияның тілі. Ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде орыс тілін де білу маңызды. Балаларымызға бұл қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әл-ауқаты, қоғамдық келісім, тұрақтылық пен бірлік – Отанымыздың бақытты болашағының кепілі екенін айтты.
Ұлы дала елінің перзенттері мәдениеттер алуандылығын, түрлі этностар мен конфессиялар өкілдерінің құндылықтарын ана сүтімен бірге бойға сіңірген. Тарих және бабалар бізді осыған үйретті. Этникалық алуандылық біздің елдің әлсіз тұсы емес, оның байлығы, – деді Қазақстан Президенті.