National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты

2018 жылғы 05 шілде

Ашылу рәсімі басталар алдында Қазақстан Президенті отандық және шетелдік компаниялардың цифрлық технологияларының көрмесін аралап көріп, цифрлық қаржылық технологиялар саласындағы инновациялық әзірлемелермен танысты.

Елбасы іс-шараға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде барша жұртты «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми ашылуымен құттықтады.

– Біз Астана үшін осынау ауқымды әрі маңызды шараға көңіліміз ерекше толқып, зор қуанышпен келіп отырмыз. Қазақстан – ғасырлар тоғысында кең далада әсем астана тұрғызған әлемдегі жалғыз мемлекет. «Астана» халықаралық қаржы орталығы – тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа кезеңінің бастауы, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қаржы орталығының құрылуы халықаралық бизнес қоғамдастығының біздің елге деген сенімінің және табысты даму жолымызға берген жоғары бағасының белгісі саналатынын айтты.

Елбасы халықаралық қаржы орталығын құру туралы идеяны алғаш рет 2015 жылы жаһандық жаңа сын-тегеуріндерге қарсы тұрудың бірден-бір жолы ретінде ұсынғанын атап өтті.

– Бүгінде елімізде ауқымды құрылымдық және институционалдық реформалар жүзеге асырылуда. Олар Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылуына бағытталған, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев елімізде бизнес ахуалды жақсарту және құқықтық ортаны жетілдіру үшін жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды.

Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығы жетекші қаржы орталықтарының тәжірибелері мен олардың құрылу тарихын мұқият зерттеу нәтижесінде ашылғанын айтты.

– Қаржы орталығының қазақстандық моделі әлемдік қаржы құрылымдары қызметтерінің ең үздік тәжірибелерін басшылыққа алған. Бұл орталық Қазақстан Республикасының резиденттерімен де, резидент емес субъектілермен де жұмыс істейтін болады. «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне қатысушылар Қазақстан мен оның өңірлерінің ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемнің капиталына қол жеткізе алады, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті қаржы орталығының құқықтық мәртебесі конституциялық заңмен бекітілгеніне және оның ресми тілі ағылшын тілі екеніне назар аударды.

– «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне қатысушыларға 50 жылға дейін салықтық жеңілдіктер, сондай-ақ жеңілдетілген валюта, виза және еңбек режімдері қарастырылған. Бұл – жұмысы ағылшын құқығына негізделген өңірдегі жалғыз орталық. Тәуелсіз Сот пен Халықаралық арбитраж орталығы әділетті болуға және тараптардың құқықтарын сақтауға кепілдік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығында тиісті сенім ахуалы мен тиімді ынтымақтастық қалыптасқанын айтты.

Сонымен бірге, Қазақстан Президенті орталықтың ашылуымен бір мезетте өз жұмысын бастайтын «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының қызметіне де тоқталды.

– Қазіргі уақытта «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында активтерінің жалпы көлемі 34 миллиард доллар болатын 14 жергілікті және халықаралық брокерлер бар. Бұл көрсеткіш арта береді, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев биыл исламдық құнды қағаз – «сукукты» шығару жоспарланып отырғанын айтты.

–  «Астана» халықаралық қаржы орталығы қызметінің маңызды саласы – инновациялық қаржы технологияларын дамыту үшін тиімді орта қалыптастыру. Жаңа қаржы технологиялық өнімдерді сынақтан өткізуге мүмкіндік беретін «реттеуші sandbox» жұмыс істейтін болады. Капитал нарықтарын дамыту және жеке тұлғалардың қаржысын басқару да «Астана» халықаралық қаржы орталығының басымдығы болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының тұсаукесер рәсімін Астана мерейтойы қарсаңында өткізудің символдық мәні бар екенін атап өтті.

– Астана Еуразиялық кеңістіктің мойындалған орталығына айналды және қазіргі заманның ең өзекті деген мәселелері жөнінде халықаралық түсіністікті қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Мұнда бизнес қарқынды дамып келеді, шамамен 100 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектілер жұмыс істейді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті елордада технологиялық және мейлінше жайлы тіршілік ортасын қалыптастыруға бағытталған «Ақылды қала» тұжырымдамасының жүзеге асырылу барысы жөнінде айтты.  

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жаңадан құрылған Экспат орталығы жұмысының ерекшеліктеріне тоқталды.

– Экспат орталығы визалық көші-қон, салық, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету және әкімшілік полиция қызметтерінің бір орталықтан қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Мұнда әлемнің жетекші қаржы институттарының өкілдіктері ашылуда. Осы мүмкіндіктер мен ресурстардың бәрі «Астана» халықаралық қаржы орталығының тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті шетелдік инвесторлар мен отандық кәсіпкерлерді халықаралық қаржы орталығының қызметін пайдалануға шақырды.

Соңында Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының барлық әріптестеріне белсенді қолдауы мен орталықты құру ісіне атсалысқаны үшін зор ризашылығын білдірді.

– Астана өңірдегі негізгі қаржы хабына айналуға тиіс. Ал, келешекте Азияның жетекші қаржы орталықтарының қатарына қосылуы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің