Жиналғандарға арнаған сөзінде Елбасы баршаны Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.
Біздің Конституциямыз «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып...» деп басталады. Бірліктің негізі осы сөздерде түйінделген. Біз 25 жыл бойы тең әрі теңқұқылы адамдардың мемлекетін құрып жатырмыз. Бұған әсіресе дағдарыс жағдайында қол жеткізу оңай болған жоқ, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің қалыптасуы мен дамуы үшін тұтастықтың маңызды екенін атап өтті.
Бірліктің арқасында біздің халқымыз орасан жер аумағын сақтап қалды, Тәуелсіздікке қол жеткізді, нарықтық экономика қалыптастырды. Біз қысқа уақыт ішінде өзге мемлекеттер жете алмаған табыстарға жеттік. Бүкіл әлем Қазақстанды таныды, біздің пікірімізді халықаралық қоғамдастық тыңдайды, елімізде көптеген мемлекеттердің қатысуымен ірі саммиттер өткізіледі, бізге сенеді және сыйлайды, біз қақтығыстарда араағайындық жасаймыз. Қазақстан – татулық пен тыныштық мемлекеті, бізден осыны үйренеді. Мен сіздердің араларыңыздан шықтым және Президент болғаныма қарамастан, ұлы халқымыздың қолдауынсыз осының бәріне қол жеткізе алмас едім, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті республикамызда өмірдің барлық саласында жасалып жатқан жағдайларға назар аударды.
Мәселен, жастардың әлемдегі ең үздік университеттерде оқуы қамтамасыз етілді, мектептер мен ауруханалар салынды. Қазақстандықтардың өмір жасы 64-тен 72 жасқа дейін ұзарды, бұл маңызды көрсеткіштердің бірі саналады. Сонымен қатар, экономиканы дамытуға арналған резервтер алдын ала қарастырылды. Қазіргі уақытта көлік-логистика инфрақұрылымы қарқынды салынып жатыр. Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске, ауыл шаруашылығына көмек көрсетілуде.
Мемлекет басшысы алдымызда жаңа міндеттер тұрғанын айтты.
Елімізде тыныштық салтанат құрып отыр. Біздің біртұтас ұлтымыз барлық мейрамды бірге мерекелейді. Мен халқымды дәл осы қалыпта көргім келеді және сол үшін бар білімім мен тәжірибемді жұмсап келемінда . Біз көздеген мақсаттарымызға – азаматтардың бұдан жақсы өміріне міндетті түрде қол жеткіземіз. Ол үшін жастарымыз біздің тәуелсіз жолымызды табанды түрде жалғастырып, көздің қарашығындай қорғауы, елдегі бірлікті, достық пен тыныштықты сақтауы қажет. Бұл – әр адамның міндеті, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарға денсаулық, бақ-береке және игілік тіледі.