Елбасы мультимодальды хабтың Бесінші Каспий саммитінің қарсаңында іске қосылуының символдық мәніне тоқталып, бұл жобаның тек Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ бүкіл Еуразия құрлығы үшін маңызы зор екенін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамытудың маңыздылығына назар аударып, оның Еуразиялық құрлықаралық көлік жүйесіне қосылуы мемлекетіміз үшін стратегиялық міндет болып саналатынын атап өтті.
– Соңғы жылдары 2,5 мың шақырымнан астам темір жол салынып, 12 мың шақырым автомобиль жолы қайта жөнделді. Логистикалық инфрақұрылым дамып келеді. Жүк тасымалдайтын вагондар жаңартылуда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль транзиттік дәлізі іске қосылды. Ақтау порты жаңартылды. Қытаймен шекарада Қорғас құрғақ порты құрылды, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы соңғы он жылда Қазақстанның көлік-логистика жүйесін дамыту үшін тартылған инвестиция көлемі 30 миллиард долларға жеткенін және Құрық мультимодальды кешені осы ауқымды жұмыстың маңызды бөлігі болып саналатынын айтты.
– Бүгін іске қосылған Құрық портының автожол инфрақұрылымы көлік транзитін дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Құрық арқылы өтетін Транскаспий бағыты Қытайдан, Орталық Азия елдері – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, сондай-ақ Ресейдің Орал-Сібір өңірлерінен Түркия мен Еуропаға және кері қарай жүк тасымалдаудың тиімді логистикасын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, 2020 жылға қарай Қазақстанның транзиттік тасымалдан түсетін кірісін жылына 5 миллиард долларға арттыруға мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев
Қазақстан Президенті көлік инфрақұрылымын дамыту экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің артуына мультипликативті ықпал ететінін және қайта қалпына келген Жібек жолы арқылы өтетін сауда легіне тың серпін беретінін, сондай-ақ өңірдегі ынтымақтастықты кеңейтуге және экономиканың ілгерілеуіне септігін тигізетінін атап өтті.
– Бүгінде Маңғыстау облысы әуе, автомобиль жолдары, темір жол және теңіз көліктері желісі тоғысқан ірі көлік-логистика орталығына айналып отыр. Каспийдегі екі заманауи порт өзара бірін-бірі толықтыратын болады. Бұл өңір үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Қызмет көрсету секторын ілгерілетіп, трансұлттық компанияларды тарту керек, сондай-ақ жаңа технологияларды пайдалана отырып, қайта өңдейтін өндірісті дамытқан жөн. Бұлардың бәрі туристік индустрияны дамытуға жол ашады. Бұл аймақ экономикасын диверсификациялау үшін аса маңызды. Бізге осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Елбасы Үкіметке облыс әкімдігімен бірлесіп, мультимодальды хабтардың – Ақтау және Құрық порттарының базасында қосымша өндірістер мен қызмет көрсету секторын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды.
– Жергілікті атқарушы органдар индустриялық және сервистік өндірістерді жаңа жағдайларға бейімдеу үшін қажетті шараларды қабылдауы керек. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашып, кадрларды жаңа мамандықтар бойынша оқытуға және қайта даярлауға, сондай-ақ өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасау қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті еліміз үшін маңызы зор жобаларға атсалысқандардың бәріне ризашылық білдіріп, көлік саласының еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Мемлекет басшысы телекөпір режімінде «Құрық порты – «Тажен» шекаралық кеден бекеті», «Құрық порты – «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы құрғақ порты» мультимодальды бағыттар бойынша қатынайтын автомобиль және темір жолдарын іске қосты.