National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Мемлекет басшысы Назарбаев Университетінің түлектеріне диплом тапсыру салтанатты рәсіміне қатысты

2018 жылғы 01 маусым

Рәсімге қатысушыларға арналған сөзінде Елбасы биыл бүкіл еліміз бойынша 140 мыңнан астам студент жоғары оқу орнын бітіріп, дипломдарын алатынын атап өтті.  

– Бүгін біз Қазақстанның ең үздік оқу орнының түлектеріне ақ жол тілеу үшін жиналып отырмыз. Назарбаев Университетінің төртінші жылғы бітірушілерін және еліміздегі барлық оқу орындарының түлектерін шын жүректен құттықтаймын! – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев білім экономикасы мен инновациялық дамуды  қалыптастыру ісіндегі зерттеу университеттерінің рөлі мен маңызын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, қысқа мерзім ішінде Университет жаңарудың символына және еліміздің ғылыми-зерттеу, инновациялық және кадрлық әлеуетінің өсу орталығына айналғанын айтты.   

– Назарбаев Университетінің ғалымдары халықаралық рейтингі жоғары басылымдарда 1700-ден астам мақала жариялады. 36 патент алынды. Корпоративті демеушілер ғылыми зерттеулерге 40-тан астам грант бөлді. Университет инновациялық кластерді табысты қалыптастырудың негізі болды. Ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру аясында 21 жоба қолдауға ие болды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы университеттің одан әрі табысты дамуы еліміздің адами капиталының артуына септігін тигізіп, Қазақстанда бүкіл Орталық Азия өңірі ауқымындағы толыққанды білім беру хабын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев қойылған міндеттерді іске асыру үшін осы жоғары оқу орнына алдыңғы қатарлы зияткерлік және ғылыми ресурстарды жұмылдыру, өндіріс пен кәсіпкерліктің инновациялық мәдениетіне бағытталған оқу бағдарламаларына бет бұру, сондай-ақ қашықтықтан білім беру платформасын дамыту арқылы Университет жұмысын жандандыруды тапсырды.

– Университет еліміздің ғана емес, сондай-ақ алыс және жақын шетелдердің оқымыстыларын тартатын орталыққа, жастардың жобаларын бірлесе жүзеге асыратын орынға және Гарвард, Корсер, Хан академиясының онлайн-курстары үлгісімен білім берудің интернет-платформасына айналуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Астана экономикалық форумында көтерілген жаһандық өзгерістердің бес мегатренді туралы айтып, елдің ауқымды экономикалық, саяси және рухани жаңғыруын жүзеге асыру ісіндегі өскелең ұрпақтың рөліне баса назар аударды.  

– Жаңарған Қазақстанның келбеті де, жаңа формацияның ұрпағы да және мұны өмірде іске асыратын да сіздер боласыздар. Сіздердің күш-қуаттарыңыз, бастамашылдықтарыңыз, ақыл-ойларыңыз бен креативті ұстанымдарыңыз Отанымыздың табысты дамуының кепілі саналады. Сіздер өздеріңіздің қайталанбас өмір жолдарыңызды жүріп өткелі тұрсыздар. Мен сіздердің әрқайсыңызды мақтан тұтамын, – деді Қазақстан Президенті.  

Мемлекет басшысы үздік дипломдарды тапсыру сәтінде Назарбаев Университетінің оқытушы-профессорлар құрамын және түлектерді тағы да құттықтап, олардың өз идеяларын жемісті жүзеге асыруына тілектестік білдірді.  


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің