Отырыс барысында Елбасы үлкен жұмыс атқарғаны үшін Бауыржан Байбекке алғыс айтты және партия Төрағасының жаңа бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовті таныстырды.
Қазақстан Президенті «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің ынтымақты жұмысы арқасында оның сайлауалды тұғырнамасының 70 пайызы орындалғанын, басқа бағыттар бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
Парламенттегі фракция біз жүзеге асырып жатқан барлық бағдарламаларды заңнамалық тұрғыдан нығайтуды қамтамасыз етіп отыр. Партия азаматтық қоғаммен кең ауқымды диалогты жолға қойды. Оның бастамасымен құрылған «Қазақстан-2050» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясы біздің қоғамды ұйыстыратын алаңға айналды, бұл жұмысты жалғастыру қажет. Партияның қоғамдық қабылдаулары халықпен кері байланысты тиімді қамтамасыз етуде. Интернеттегі, соның ішінде алғаш рет енгізілген «электронды партия» арқылы жұмыс күшейді. Сондай-ақ «Жас Отан» жастар қанатының жаңа бағдарламасының қабылдануымен бірге жастармен жұмыс жаңа сапалы деңгейге шықты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев біртіндеп орталықсыздандыру және өкілеттіктерді жергілікті жерлерге беру жағдайында партияның өңірлерді басқару тәжірибесі бар кадрларға зәрулігі арта түсетінін айтты.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті қазіргі уақытта жетекші әрі бүкіл халық алдындағы жауапты саяси күш ретінде «Нұр Отан» партиясының алдында аса маңызды міндеттер тұрғанын атап көрсетті. Соның біріншісі қазақстандықтарды Бес институционалдық реформаны және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға жұмылдыру болып табылады.
Жаңғырту жұмыстары күрделі жағдайда өтіп жатыр. Біздің экспорттық тауарларымыздың бағасы айтарлықтай төмендеп, бюджет ақшасы азаюда. Сондықтен мен Үкіметке және барлық әкімдерге халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындауға бюджетте қажетті қаражат болуын қамтамасыз ету үшін қаржыны қатаң үнемдеуді тапсырдым. Ел арасында да тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын тиімді бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Біз қабылдаған осы және басқа бағдарламалар дер кезінде жасалған, оны түсіндіру қажет. «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға кейбір ірі кәсіпорындардан босауға мәжбүр болған адамдарды тарту керек. Бұл барша әкімдердің міндеті, бұған қажетті ақша бөлінген, барлық жерде автомобиль жолдарын, аурухана, мектеп, баспана, ТКШ нысандарын жөндеу және салуды қамтитын жұмыстар баршылық, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев партияның қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтауға ықпал етіп, барлық туындайтын мәселелер бойынша халықпен белсенді жұмыс істеуі тиістігіне назар аударды.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті партияға келесі жылы болатын және күрделі экономикалық жағдайда өтетін Парламент сайлауы жөніндегі науқанға дайындықты қазірден бастау керектігін атап айтты.
Соңында Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігі, Үкімет, «Нұр Отан» және оның Парламенттегі фракциясының үйлесімді жұмыс жүргізуі қажеттігін атай отырып, А.Мырзахметовке белсене жұмыс істеу керектігін айтты.