Съезге екі мыңнан астам адам қатысты, олардың қатарында республиканың барлық өңірінде өткен конференцияларда сайланған делегаттар, мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық холдингтердің басшылары, мәдениет және спорт қайраткерлері, дипломатиялық корпустың, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар ұйымдарының, бастауыш партия ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.
Іс-шара барысында «Қазақстан – 2021. Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасы қабылданды, Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітіліп, партияның Саяси кеңесі құрамына өзгеріс енгізілді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде елді дамытудың негізгі мәселелеріне тоқталып, «Нұр Отан» партиясының алдына жаңа сайлауалды бағдарламасына қатысты бірқатар нақты міндет қойды.
Қазақстан Президенті былтыр басталған Бес институционалдық реформаны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін 59 жаңа заң қабылданғанын айтты. Бүгінде барлық мемлекеттік органдар оған қатысты белсене жұмыс жүргізуде, қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар.
– Бес реформаны тиімді жүзеге асыру – біздің ХХI ғасырда табысты болуымыздың кілті. 100 қадам – шын мәнінде елді әрі қарай дамытудың жүйелі мәселелеріне арналған менің 100 нақты шешімім. Ұлт жоспары орындалу үшін Ұлттық комиссия жұмысына қоса барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметтердің кәсіби іс-қимылы қажет. Сондықтан әкімдер және «Нұр Отан» партиясының бүкіл жүйесі мұны ең басты міндеттің бірі санағаны жөн. Ұлт жоспары біздің алдағы бесжылдық кезеңге арналған жаңа сайлауалды бағдарламамыздың өзегі болып табылады, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы сайлау алдындағы бағдарламаның негізгі бағыттары туралы да егжей-тегжейлі айтып берді.
Бірінші. Дағдарысқа қарсы тұрақтандыру
Халықтың іскерлік белсенділігін және жұмыспен қамтылуын қолдауға бағытталған шараларды қарастырған Дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылданды. Тек биылдың өзінде осы мақсатқа республикалық бюджеттен 225 миллиард теңге көлемінде арнайы резерв қарастырылған.
– Біз еңбек адамдарына «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасының маңыздылығын арттыру арқылы қолдау көрсетеміз. 2015 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасына 770 миллиард теңге қарастырылды, ол 93% игерілді. 500 шақырымға жуық автомобиль жолы салынды, қайта жөнделді. 7000 пәтер салынды, оған қосымша Тұрғын үй құрылыс-жинақ банкі арқылы 3700 пәтер берілді, сондай-ақ 51 білім беру нысаны іске қосылды. Кәсіпкерлікті қолдауға 100 миллиард теңге бөлінді. Агроөнеркәсіп кешеніне, автоөндірушілерге және басқа да салаларға көмек көрсетілді. Бұл – бір жылғы жұмыстың нәтижесі. Алдағы уақытта жеке бизнесті, жұмысшыларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру ісін қаржыландыру көлемі ұлғайтылады. Жалпы, «Нұрлы жол» жобаларын жүзеге асыру барысы таяу жылдарда 400 мың жұмыс орнының ашылуын қамтамасыз етеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының алыпсатарлық арқылы өсуіне жол бермеудің маңыздылығына назар аударды. Осыған байланысты елімізде өнім шығару көлемін ұлғайту қажет.
Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік жылдары елде бизнесті дамыту үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті.
– Біз көптеген ауқатты адамдарды қалыптастырдық, олар елімізде капитал жинақтады. Енді шетелдегі мүліктерді заңдастырып, Қазақстанға қаражат әкелу керек. Бүгінде республикада жекешелендіру жүріп жатыр. Олардың осы үрдіске қатысып, нысандар сатып алуына және қазақстандықтар үшін жұмыс орындарын ашып, өндірісті дамыту арқылы табыс табуына болады, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы мемлекеттік шығыстардың барлық жүйесі қатаң үнемдеу қағидатына негізделетінін айтты. Экономикалық өсімнің қосымша көзі ретінде өңіраралық кооперацияға назар аударылды.
Екінші. Экономиканы құрылымдық тұрғыдан жаңғырту
4 базалық саланы баса дамыту құрылымдық өзгерістердің негізі болады. Мәселен, түсті металлургияда төртінші және бесінші қайтара өңдеуге көшу 2021 жылға қарай осы саладағы экспорттық өнімдер үлесін 20%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Нұрсұлтан Назарбаев мұнай-газ секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру шараларын жүзеге асырудың маңыздылығын айтты.
– Біз «Қашаған» кенішінде коммерциялық өндіру басталады деп күтіп отырмыз. «Теңізшевройл» ЖШС өндірісін ұлғайту мұнайдың қосымша көлемін қамтамасыз етеді. Каспий құбыр консорциумының қуаттылығын арттыру ісін аяқтау қажет. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының құрылысы да аяқталып келеді. 2018 жылға қарай нарық сұранысын толықтай отандық өнімдермен – бензинмен, дизелдік отынмен, авиакеросинмен және газбен қамтамасыз ету міндетін қоямын. Мұнай және газ нарығын ырықтандыру, мұнай өңдеуші кәсіпорындарға коммерциялық қызметтерін қайтарып беру маңызды. 2021 жылға қарай елдегі мұнай өндіру көлемі жылына 92 миллион тоннаға жетеді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы электр энергетикасы кешенінде инвестиция үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті.
– 2019 жылы KEGOK базасында қуатты бірыңғай сатып алушыны енгізу жоспарланған. Жаңғыртылатын энергетиканың отандық секторының дамуына алдағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қуатты серпін береді. Бұл болашақтағы «жасыл экономикаға» қарай маңызды қадам болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күшінің бірі аграрлық сектор болатынына назар аударды.
– Бүгінде біз өндірілген өнімді субсидиялауға көшіп жатырмыз, бұл ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға және аграрлық кешеннің жұмысын жақсартуға септігін тигізеді. Жаңа технологиялар мен өндіріс инфрақұрылымдарын енгізу ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің өсімін 1,5 есеге арттыруға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы Астанада үш ғылыми-технологиялық кластерді – жоғары технологиялар, биомедицина және геология кластерін дамытудың маңыздылығын айтты. Сонымен қатар, Алматы инновациялық технологиялар паркінде экспортқа бағдарланған кемінде 2 жаңа бағыт, өңірлік стартап-хаб және трансұлттық корпорациялардың қатысуымен 5 технологиялар дамыту орталығы құрылады. Мемлекет басшысы бұл жобалар таяп келе жатқан Төртінші өнеркәсіптік революция аясында маңызды орын алатынын айтты.
– Цифрлық революция – бұл қазіргі әлем құрылымы үшін елеулі сын-қатер. Мысалы, цифрлы державалар 2020 жылға қарай 5 миллион жұмыс орнынан айрылуы мүмкін. Сондықтан біз баршаға қолжетімді білімге – балабақшадан бастап кәсіби білімге, қызметкерлерді оқытуға кеңінен инвестиция салуымыз қажет. Бұған мемлекет қана емес, әрбір адам қатысуы тиіс. Бизнес болашақты ойлауы керек, оқытып, жұмыс орындарын аша отырып, бос қаражатын соған салуы керек, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес елдің транзит-көлік әлеуеті барынша дамытылатынын атап өтті.
– Биыл «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралінің құрылысы аяқталады. Тағы 2 перспективалы жоба – Еуразиялық трансқұрлықтық дәліз және Транскаспийлік бағыт жүзеге асырылады. Маңғыстау облысында Құрық портында паром кешені құрылысы салынуда, Астана халықаралық әуежайы қайта жөнделіп жатыр. Контейнерлік тасымалдың логистикалық желісін дамыту жалғастырылады. Қазірдің өзінде Ляньюньган портынан Еуропаға тауарлар Қазақстан арқылы жеткізілуде. Осының барлығының есебінен ішкі жалпы өнім көлемінің жылдық өсімі орташа 5 пайызды құрайтын болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Үшінші. Қазақстандықтардың тұрмыс сапасының жаңа стандарттары
Қазақстан Президенті денсаулық сақтауды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында базалық медициналық көмектің кепілді көлеміндегі жеке сектордың үлесі ұлғайтылатынына, әлеуметтік нысандар құрылысы кезінде мемлекет-жекеменшік серіктестігі дамытылатынына назар аударды.
Сонымен қатар, биыл білім мен ғылымды дамытудың жаңартылған мемлекеттік бағдарламасын қабылдау керек.
– Үш ауысымды оқытудан түбегейлі арылу үшін қазір 34 мектептің құрылысы жүріп жатыр. 2017 жылы жаңа «Тегін кәсіби-техникалық білім – баршаға» жобасын жүзеге асыру басталады. 2019 жылы мектеп оқушыларының алғашқы жұмысшы мамандығын тегін алуы қамтамасыз етіледі. Оқыту үдерісін өндіріспен тығыз байланыстыруды қамтамасыз етіп, жастардың бойында еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар мен қабілеттер қалыптастыру, жұмыс берушілерді кадр даярлау үдерісіне тарту мәселесін қарастыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын, мүмкіндігі шектелген адамдарды қолдаудың маңыздылығын айтты.
– Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа жүйесі енгізіледі. Жәрдемақылар көлемі әр отбасының табыс деңгейіне қарай белгіленеді. Бұл ретте мұндай отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелері жұмыспен қамтудың өңірлік бағдарламаларына қатысуға міндетті болады. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға бүгінде алып жүрген бірнеше әлеуметтік төлемдер құнына тең бірыңғай жәрдемақы төленеді. Жаңа баспана саясаты жалға берілетін баспаналардың кең ауқымды құрылысын жүргізуге бағдарланады. «Нұр Отан» елдің проблемаларына баса көңіл бөліп, осы жұмыстың басында болуға тиіс. Бұл орайда белгілі бір тәжірибе бар. Мысалы, біздің партиялық ұйымдардың атсалысуы арқылы 22 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналасты. Жасотандықтар осындай патриоттық істердің бастамашысы болуы керек, – деді Қазақстан Президенті.
Төртінші. Конституциялық патриотизм мемлекеті.
Мемлекет басшысы қоғамдық тәртіп, баршаның заңға бағынуы және қауіпсіздік конституциялық патриотизмнің басты қағидаттары болып саналатынын атап өтті.
– Елдің және оның халқының бірлігін бұзуды мақсат еткен кез келген адамның әрекетінің тамырына батыл түрде балта шабу керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бесінші. Өңірлік тұрақтылық, интеграция және қауіпсіздік
Қазақстан Президенті еліміздің Ресей, Қытай, АҚШ, ЕО, ТМД мемлекеттері және Орталық Азиядағы көршілермен стратегиялық серіктестік қарым-қатынасын нығайтатынына назар аударды.
– Бейбітшілік пен қауіпсіздік мүддесі жолында Орталық Азия тұрақтылықтың, ынтымақтастықтың және тату көршілестіктің аумағына айналу үшін қажетті нәрсенің бәрін жасау маңызды. Сондықтан Қазақстан Орталық Азиядағы көршілерін тағы да ынтымақтастықтың көпжақты форматтарын жаңғыртуға шақырады. Бұл бүкіл өңірдің экономикалық және геосаяси әлеуетінің артуына септігін тигізеді. Біз еуразиялық интеграция үдерісін нығайтуға жан-жақты жағдай жасайтын боламыз. Батыл айта аламын, «Нұр Отан» партиясы өзін Еуразия оптимистерінің партиясы ретінде көрсетіп отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ нарықты қалыптастыру үшін жүйелі қадам жасаудың маңызды екенін айтты.
– Қазақстан Қытай Халық Республикасы ұсынған «Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты жаңа жобаның жұмысына қатысады, Біз Қытаймен бірге химия, металлургия, көлік және машина құрастыру мен энергетика саласындағы қытай капиталының үлесі бар кәсіпорын құрылысы жөніндегі бірлескен бағдарламаға қол қойып та үлгердік. Қазақстан Ауқымды ашық Еуразияның ауқымды жаңа интеграциялық идеясының бастамашысы болды, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы біздің елдің Еуроодақпен кеңейтілген ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанын және ДСҰ-ға кіргенін еске салды.
Қазақстан Президенті әлемде қауіпсіздікке жаңа қатерлер туындап жатқан кезде республикамыз халықаралық қоғамдастықты жаһандық сенімді қалпына келтіруге шақырып отырғанын айтты.
– Біз бүкіл әлем елдеріне жаппай қырып-жою қаруының, сондай-ақ халықаралық терроризмнің таралуы мен өркен жаюының қатерін болдырмау үшін бірігуге үндеген сөзімізді арнаймыз. Ертең балаларымыз бен немерелеріміз жер бетінде тыныш өмір сүруі үшін мұны бүгін жасау керек, – деді Мемлекет басшысы.
***
Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отанның» барлық саяси күштермен сындарлы өзара іс-қимыл жүргізуге әзір екенін атап өтті.
– Мен партияның барлық филиалдары мен ұйымдарының сайлауға дайындық жұмысын белсене жүргізіп, жеңіске жетулеріне тілектестік білдіремін. Сайлауалды бағдарламамызды әрбір сайлаушыға жеткізу керек. Біздің ортақ мүддеміз – тұрақты, біртұтас және өсіп-өркендеген Қазақстан, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті Парламент Мәжілісінің депутаттығына партия ұсынған кандидаттарға алдағы сайлау науқаны барысында табыс тіледі.
– Сайлауды әлемнің түрлі елдерінен келген көптеген байқаушылар бақылайтын болады. Ол ашық, әділ және бәсекелестік күреспен өтуге тиіс. Кандидаттар дайындалып, істі білетінін көрсете отырып, сенімді түрде халыққа партия қызметінің нәтижелерін түсіндіргені жөн. Өткен шақырылым кезеңінде жұмыс істеген және орасан жұмыс атқарған депутаттарға шынайы ризашылық білдіремін. Партия атынан депутаттыққа ұсынылатын кандидаттар тізімін жаңарту оның өкілдерінің құрамын жасарту ниетінен, осы кезеңге лайық мамандарды іріктеу қажеттілігінен туындады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Съезд барысында қоғам және мемлекет қайраткері М.Жолдасбеков, Астана қаласының әкімі Ә.Жақсыбеков, Атырау облысындағы Каспий өңірлік қазіргі заманғы колледжінің директоры Б.Хаменова, «Родина» агрофирмасы» ЖШС директоры, Еңбек ері И.Сауэр, Қызылорда облысындағы «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС цехының аға шебері К.Кемалова, «Казахдорстрой» ЖШС Солтүстік-Шығыс филиалының шебері Д.Цурский, «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің екі дүркін чемпионы Б.Ыстыбаев, тележүргізуші М.Бекбаева, Назарбаев Университетінің студенті Д.Лесхан, Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің жентек өндіру фабрикасы директорының орынбасары Р.Есмұхамбетов, Қарағанды қаласындағы «КазПласт» ЖШС бастауыш партия ұйымының төрағасы С.Водько сөз сөйледі.