Салтанатты рәсімге студент жастар, олардың ата-аналары, университеттің Қамқоршылық кеңесінің өкілдері мен оқытушылар қатысты.
Мемлекет басшысы Назарбаев Университетінің түлектерін осы айтулы күнмен құттықтап, олардың бүгінгі табысына студенттер мен ұстаздардың, университеттің Қамқоршылық кеңесі мен барлық қызметкерлерінің бірлескен күш-жігерінің арқасында қол жеткізіліп отырғанын атап өтті.
– Көктемнің осы шуақты күні қуанышты сәтпен – диплом алған жас мамандардың кәсіби еңбек жолын бастауымен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгін Университеттің 737 түлегі оқуды аяқтады. Оқу орнының тарихында біз тұңғыш рет 9 ғылым докторын даярлап шығардық, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев университет дипломына ие болғандардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігі жоғары екеніне назар аударды.
– Алдыңғы жылдары бұл университетті мыңнан астам студент бітіріп шықты. Олардың жартысы әлемдегі беделді оқу орындарында білімін одан әрі жалғастырды. Еңбек нарығына қосылған түлектер өздерінің бәсекеге қабілеттілігін және сұранысқа сай екендерін дәлелдей алды. Олар еліміздің ірі компанияларында, ғылым, медицина және мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті бұл жетістіктерге меритократия мен бәсекелестік негізіндегі іріктеу жүйесін дамытуға бағытталған тиімді білім беру моделінің арқасында қол жеткізілгенін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев білім мекемелеріне қабылдау үшін өткізілетін іріктеудің әділдік пен ашықтық қағидаттарына негізделетінін атап өтті.
– Университет пен зияткерлік мектептердің есігі дарынды, еңбекқор және білімге құштар жастар үшін әрқашан ашық. Оқу орнына түсу, білім саласында жетістікке жету жолында әділеттілік сақталады және ол ешқандай субъективті факторларға тәуелді емес, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті студенттер санының көбеюіне байланысты келешекте оқу орнының институционалдық әлеуетін арттыру қажеттігіне назар аударды.
– Білім алып жатқан студенттер саны бүгінде 4 мыңға жетті, болашақта олардың саны екі есе артады. Бүгін мұнда әлемнің 55 елінен келген ғалымдар жұмыс істейді. Олар дәріс оқып қана қоймай, ғылыми жұмыстармен де белсене айналысуда. Білім беру мен зерттеу ісі ағылшын тілінде жүргізіледі. Қазірдің өзінде мыңнан астам зерттеу еңбегі жарияланды. Олардың арасында ең көп сілтеме жасалатын әлемдік ғылыми басылымдарда жарық көргендері бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы білім беру нарығында жаһандық бәсекенің күшейіп келе жатқанын айтып, таяу және алыс шетелдерден студенттер мен жас ғалымдарды көбірек тарту қажеттігін атап өтті.
Қазақстан Президенті зерттеулер сапасын арттыруға және жастарға ғылыми байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік беретін тиісті гранттар бөлудің маңыздылығына назар аударды.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев университеттің халықаралық байланыстар аясын кеңейту және оны жаһандық академиялық ортамен интеграциялау туралы айтты.
– Әлемнің жүзден астам білім беру және ғылыми орталықтарымен серіктестік орнатылды. Назарбаев Университеті Азия университеттері альянсының тең құрылтайшысы болды. Альянсқа Қытайдың, Гонконгтың, Үндістанның, Индонезияның, Жапонияның, Оңтүстік Кореяның, Малайзияның, Сингапурдің және тағы басқа елдердің жетекші жоғары оқу орындары кірген. Сонымен бірге, халықаралық байланыстар аясын одан әрі кеңейтіп, әріптестердің озық тәжірибесін үйрене отырып, өзіңнің бірегейлігіңді де сақтау керек, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті осы университет тәжірибесін еліміздегі бүкіл жоғары білім беру жүйесі көлемінде қолданудың маңыздылығын атап өтті.
– Отандық жоғары оқу орындарының басқарушылары мен оқытушылары осында білімін жетілдіріп, алған үздік тәжірибе мен меңгерген машығын өз оқу орындарына енгізулері керек. Назарбаев Университеті – жаңа жаһандық жағдайдағы сын-қатерлерге деген біздің стратегиялық жауабымыз. «Болашақ» бағдарламасына бөлінетін қаржының бір бөлігін осы Университетте оқытуға жұмсайтын кез келді. Нарыққа өз идеялары мен технологияларын ұсынатын жас ғалымдарға ақыл-кеңес, бастапқы капитал, кеңсе, маркетингтік және заңгерлік көмек түріндегі кешенді қолдау жасалуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы университеттің бірқатар ғылыми жобалары мен стартаптарын іске асыруына көмектесу қажеттігін атап өтті.
Қазақстан Президенті өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған табысқа жетудің басты талаптары туралы ойларын түлектердің есіне салды.
– Қазіргі заман – ертеректе оқыған-тоқығанын көңіліне тоқ санамайтын, жаңа білім алуға қабілетті, жаңа өзгерістерге бейім, зерттеушілер мен инвесторлардың тілінде сөйлей алатын адамның заманы. Міне, осындай жанның ұпайы түгел болады. Мен өмірлік тәжірибеме сүйеніп, азаматтарымыздың жаңа дәуірде нақты қасиеттерге ие болуы қажет екендігіне көзімді жеткіздім. Ең алдымен, бәсекеге қабілетті болу қажет. Бұл тек экономикамызға ғана емес, әрбір нақты адамға қатысты. Прагматик әрі патриот болу керек. Білімді дәріптеуден қашпау керек. Адам неғұрлым көп білген сайын оның мүмкіндігі де соғұрлым арта түседі. Назарбаев Университетінің студенттері мұны бәрінен де жақсы түсінеді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев қоғамның эволюциялық даму бағытын сақтап, ұғымтал болу, әлем тілдерін білу және жаһанда болып жатқан жаңа үрдістерді түсіне білу тұлға ретінде жетіле түсу үшін аса маңызды екенін атап өтті.
– Сіздерді тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне лайықты үлес қосады деп сенемін. Қол жеткізген жетістіктеріңіз өздеріңіз білім алған университеттің де беделі мен танымалдығының артуына септігін тигізеді. Ол үшін сіздер ерінбей еңбек етіп, алға қойған мақсат жолында табанды түрде ілгерілей берулеріңіз керек, – деді Қазақстан Президенті.