Мемлекет басшысы кешке қатысушыларға арнаған сөзінде Жаңа жыл мерекесі әрдайым көтеріңкі көңіл-күй мен бақытты болашаққа деген үміт сыйлайтынын атап өтті.
– Өтіп бара жатқан жыл жарқын және ауқымды оқиғаларымен есте қалады. Қысқы Универсиада мен халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі қазақстандықтарға және шетелдік қонақтарға спорт пен технологияның тамаша мерекесін тарту етті. Біз Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммитін жоғары деңгейде өткіздік, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде еліміздің бейбіт бастамаларын ілгерілету мәселелеріне және алдағы жылы Қазақстанның осы халықаралық ұйымға төрағалық етуінің перспективаларына ерекше тоқталды.
– Бұл – әлемнің екі жүзге жуық елінің жас мемлекетке білдірген айрықша сенімі. Келесі жылы Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, сондай-ақ басқа да көптеген маңызды іс-шаралар өтеді. Бұл жеңістердің барлығы – әрқайсымыздың күш-жігеріміз бен қажырлы еңбегіміздің нәтижесі. Әрбір азаматымыз Қазақстанның жетістіктеріне қатысы бар екенін сезінгені маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев кешке қатысушыларды келе жатқан жаңа 2018 жылмен құттықтап, барша қазақстандықтарға зор денсаулық, қуаныш пен шаттық тіледі.
– Бәріміздің үйіміз мейірім шуағына бөленіп, бақ-берекеге толы болсын! – деді Қазақстан Президенті.
Жаңажылдық балды өткізуден түскен қаражат қайырымдылық мақсатқа бағытталатын болады.