«Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» атты тақырыппен өткен биылғы сессияға 1500-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында елдің барлық өңірінен келген Ассамблея ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, ғылыми, шығармашыл зиялы қауымның және БАҚ өкілдері бар.
Жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде Елбасы 2017 жыл тәуелсіз Қазақстан тарихында еліміз үшін ерекше жыл болып саналатынын атап өтті.
– Жүйелі жаңғыру биыл біздің бүкіл жұмыстарымыздың өзегіне айналды. Біріншіден, экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Екіншіден, саяси жаңғыруды бастадық. Үшіншіден, рухани жаңғыруға кірістік. Бұған мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаламды арнағанымды білесіздер, – деді Мемлекет басшысы.
Президент бағдарламалық мақаладағы негізгі міндеттерге назар аударып, Қазақстан қоғамының даму кезеңдеріне қатысты ойын ортаға салды.
– Мен ең алдымен болашақ қазақстандықтың болмысын айқындап, қандай болуы қажеттігін атап өттім. Біріншіден, ол – әлемдік бәсекеге қабілетті жасампаз тұлға. Екіншіден, алдына нақты мақсаттар қойып, соған ұмтылатын прагматик, әрі реалист. Үшіншіден, ұлттық бірегейлігін нығайтып, ұлтының дамуын тежейтін барлық нәрселерден бас тартатын адам. Төртіншіден, білімнің салтанат құруын ең маңызды іс санайтын, жаһандық білімнің шыңына шыққан жан. Бесіншіден, тек эволюциялық даму ғана халқының өсіп-өркендеуіне мүмкіндік беретінін жақсы түсінетін саналы азамат. Алтыншыдан, ол – түрлі тілдерді игерген, әлемнің үздік тәжірибелерін алуға және заман талаптарына сай өзгеруге қабілетті, сана-сезімі ашық жан, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге, Елбасы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның рөліне тоқталып, бағдарламалық мақалада көрсетілген жобалардың терең зерттелуінің маңыздылығын айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының рухани жаңғыруға белсене атсалысатынына сенім білдіріп, Ассамблея мүшелеріне өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін бірқатар жобаға тоқталды.
– Бірінші. «Туған жер» жобасы Ассамблея үшін зор мүмкіндіктерге жол ашып береді. Екінші. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына Ассамблея тікелей қатысып, басы-қасында жүруі керек. Біздің қаншама замандастарымыз, қаншама Ассамблея белсенділері ел игілігі үшін риясыз қызмет етіп жүр. Ұлтына, қай өңірден екеніне, жынысына қарамастан біз олардың барлығын елге таныта білуіміз керек. Мұнда қойылатын талап біреу ғана, ол – азаматтың Қазақстан дамуына қосқан үлесі. Үшінші. Ассамблея «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасына табысты атсалыса алады, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев жастардың сана-сезімін қалыптастыру үшін айрықша маңызы бар «Жаңа гуманитарлық білім» жобасын атап өтті.
– Жоба әлемнің жетекші тілдерінен ең үздік оқулықтарды қазақ тіліне аударуды көздейді. Философия, әлеуметтану, экономика, мәдениеттану, шығыстану салалары бойынша ағылшын, орыс, француз, испан тілдерінде және басқа да тілдерде басылған тамаша оқулықтар бар. Оқу процесіндегі ғылыми айналымға олардың енгізілуі отандық білімді жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы мемлекет пен қоғам алдында тұрған заманауи жаһандық сын-қатерлерге назар аударып, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін ерекше шешімдер қарастыруды тапсырды.
– Тұтас қоғам да, жеке азаматтар да бейбітшіліктің, тұрақтылық пен келісімнің өздігінен келе салмайтынын білуге тиіс. Мемлекет ұдайы этносаралық және конфессияаралық процестердің тамырын басып, жіті қадағалап отыр. Ұлттық бірлікті нығайта түсу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы мен барлық мемлекеттік органдар тұрақты, күнделікті жұмыс жасауда, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев қабылданып жатқан шаралардың дұрыстығын және өз уақытында атқарылып жатқанын атап өтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен мемлекеттік органдар алдына жаңа міндеттер қойды.
– Бірінші міндет. Жүйелі жаңғырудың мақсаттарына жауап бере алатын қоғамдық сана-сезім қалыптастыру керек. Бұл процеске мемлекет пен азаматтық қоғам, білім беру мен әлеуметтік сала, жеке бизнес пен масс-медиа, бәрі де тартылуы қажет, – деп тапсырды Елбасы.
Мемлекет басшысы екінші міндет ретінде азаматтық бірегейлікті нығайтып, бірлік пен келісімді қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Осыған орай, Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.
– Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне облыс әкімдерімен бірлесіп, Ассамблеяның барлық деңгейдегі қоғамдық келісім кеңестерінің 2017-2018 жылдарға арналған, діни экстремизмге қарсы тұру жөніндегі жоспарын дайындауды тапсырамын. Сонымен қатар, ҚХА қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын реттеп, олардың қызметтерінің нақты критерийлерін жасауы керек. Бұдан бөлек, Үкіметке қайырымдылықты дамыту, оның ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері ҚХА жұмысының жаңа бағдарын – қоғамдық келісім кеңестері, қайырымдылық және медиация жұмыстарын күшейтуі қажет, – деп тапсырма берді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сессия барысында Мемлекет басшысы ақпараттық жұмыстарға ерекше мән беріп, 2018 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының көпфункционалды мультимедиалық порталын ашуды, сондай-ақ «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасын жасауды тапсырды.
– Ел иесі – қазақтың мемлекет құраушы ретіндегі айрықша рөлін ескере отырып жасалуға тиіс электронды карта ежелгі қазақ жерінде сан түрлі ұлт өкілдерінің ұйысу процесін көрнекі және толық көрсетіп береді. Білім және ғылым министрлігіне ҚХА-мен бірлесіп ғылыми негізде осы интерактивті картаны жасап, келесі жылы «Алғыс айту» күніне орай тұсауын кесуді тапсырамын, – деді Елбасы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті бизнес, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерін «Туған жер» жобасына қатысуға және өз ауылдастарын қолдау үшін күш жұмылдыруға шақырды.
Сессияда Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптау тобының төрағасы, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бөлімінің бастығы, жүк тиеу және түсіру жөніндегі кешеннің докер-механизаторы, ақын, журналист, балалар ауруханасының нефрология бөлімшесінің меңгерушісі, теолог, «Ұлттық волонтерлер желісі» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы, шаруа қожалығының басшысы, Росарио қаласындағы (Аргентина) Қазақстан мәдениеті орталығының директоры, режиссер, қоғамдық ұйым жетекшісі, кәсіпкер-инвестор және жоғары оқу орнының студенті сөз сөйледі.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің сөздерінде көптеген мәнді мәселелер көтерілгеніне тоқталып, БАҚ өкілдеріне оны терең талдау жөнінде ұсыныс айтты.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды алдағы Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, бейбіт өмір, игілік пен бақ-береке тіледі.
Қазақстан Президенті сессия барысында ҚХА мүшесі, Ақтөбе облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сергей Викторович Вишнякті және ҚХА кеңесінің мүшесі, «Әзербайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абилфас Муслимович Хамедовті Ассамблея төрағасының орынбасарлары етіп тағайындау туралы өкімге қол қойды.
XXV сессия соңында Ассамблея қабылдаған мәлімдемеде рухани жаңғырудың заңдылық және қажеттілік екені, Қазақстан дамуының бүкіл стратегиясына оның тұтастық дарытатыны атап көрсетілді.
Іс-шара аяқталған соң Мемлекет басшысы салтанатты концертке қатысты.