Кездесуге Президент Әкімшілігінің, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің және басқа да мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Іс-шара барысында еліміздегі мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері Мемлекет басшысына өздері басшылық ететін мекеменің қызметі туралы есеп берді. Сонымен бірге Қазақстан Президенті мемлекеттік БАҚ-тың жетістіктерімен және олардың алдағы даму жоспарларымен танысты. Елбасы жастарды адамгершілікке тәрбиелеуге септігін тигізетін сапалы отандық медиаконтент әзірлеудің маңыздылығын атап өтті. – Мемлекеттік БАҚ медиа саласы нарығынан өз орнын алу үшін жұмыс жүргізуге тиіс. Мейлінше тартымды, соның ішінде әлемдік мәдениет пен тарих туралы ақпараттық контенттің көбірек болғаны жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Отандық БАҚ жетекшілері Мемлекет басшысына Қазақстанның ақпарат әлеміндегі қазіргі ахуал және оның даму перспективалары туралы баяндады. Соңында Елбасы бәсекеге қабілетті мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарын қалыптастыру қажеттігін атап өтіп, бірқатар нақты тапсырма берді.