Қазақстан Президенті форумға қатысушыларға арнаған сөзінде бизнес-форум екі елдің тығыз ынтымақтастығы мен ықпалдастығының жарқын мысалы екендігін айтты.
– Тарихи тұрғыдан солай болды, қазақтар мен корейлер бауырласып, ауыр тарихи сынақтарды бірге өткерді. Қазақстан өткен ғасырдың 30-жылдары жер аударылған жүз мыңнан астам корейдің екінші отанына айналды. Біз сол қиын-қыстау уақыттың ауыртпалығын тең бөлістік. Бүгінде Қазақстандағы корей диаспорасы өз отандарына айналған мемлекетіміздің дамуына елеулі үлес қосуда, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасы еліміздің Азиядағы ең белсенді бизнес-серіктестерінің бірі екеніне тоқталды.
– Былтырғы жыл қорытындысы бойынша елдеріміздің арасындағы тауар айналымының көлемі 9,5% -ға ұлғайып, 1,5 миллиард долларға жетті. Соңғы 20 жылда біздің елге келген оңтүстіккореялық тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 5 миллиард долларды құрады. Қазір жалпы сомасы 22 миллиард доллар болатын 15 бірлескен жоба жүзеге асырылу сатысында. Тағы 8 жоба пысықталып жатыр. Машина жасау, тамақ және химия өнеркәсібі, энергетика және металлургия секілді салаларда ынтымақтастығымыз дамуда, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы қазіргі кезде елімізде корей бизнесінің ірі компаниялары бар екеніне, сонымен бірге шағын және орта кәсіпкерліктің де болуы маңызды екендігіне назар аударды.
– Экономикалық ынтымақтастыққа қажетті әлеует түгесілген жоқ. Біз еліміздің экономикасына корейлік инвестициялардың әлі де тартылғанын қалаймыз. Қазақстан – экономикалық даму жөнінен Орталық Азиядағы көшбасшы. Республикамыздың ІЖӨ барлық Орталық Азия елдерін қоса алғандағы ІЖӨ-нен екі есе асып түседі. Тек былтырдың өзінде Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар 18 миллиард долларды құрады, бұл өңірдің өзге республикаларға тартылған жалпы инвестициядан 4 есе көп, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Ресей және Беларусьпен бірлесіп құрылған Еуразиялық экономикалық одақ бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтетіндігін атап өтті.
– Қазақстан инвесторлардың Еуразиялық экономикалық одақ нарығына кіруі үшін тиімді бастапқы алаң болып саналады. Инвестициялық көшбасшы мәртебесін нығайта түсу үшін таяуда ғана біз инвесторларға арналған ынталандыру мен преференциялардың тұтас бір жаңа жиынтығын қабылдадық. Біз сондай-ақ Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын көтеруге қосымша серпін беретін Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру ниетіндеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан елді индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырып жатқанын, оның екінші кезеңі өңдеуші өнеркәсіпті, инновациялық және сервистік салаларды дамытуға бағытталатынын атап өтті.
– Бұл орайда біз үшін Оңтүстік Кореяның тәжірибесі қызықты әрі маңызды. Біз Сіздің елмен ынтымақтасуға ниеттіміз және серіктестіктің ол үшін тиімді болатынына сенімдіміз, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Мемлекет басшысы сапармен келгені үшін Пак Кын Хеге ризашылығын білдіріп, оған және барша Оңтүстік Корея халқына табыс пен игілік тіледі.
Өз кезегінде Корея Республикасының Президенті қатысушыларды бизнес-форумның ашылуымен құттықтап, ол екі ел экономикасын бірлесе дамыту жөніндегі шараларды талқылауға мүмкіндік беретініне тоқталып өтті.
– Жаһандық қаржы дағдарысына қарамастан, Қазақстан экономика өсімінің жоғары қарқынын сақтап, Орталық Азияның бай әрі ең қолайлы бизнестік ахуалға ие елі ретінде мойындалып отыр. Болашақта екі елдің экономикалық серіктестігін экономиканы энергетика және өзге де салаларда мейлінше теңгермелі дамытуды көздейтін Қазақстанның ұлттық стратегиясына сәйкес әртараптандыру қажет. Бұл орайда «Қазақстан-2050» стратегиясы елді одан әрі дамытудың өте дұрыс таңдалған жолы болып саналады деп ойлаймын, – деді Корея Республикасының Президенті.
Пак Кын Хе көне замандардан бері Еуразия өңірі Ұлы Жібек жолы елдерінің алмасуын, ынтымақтастығын және жақындасуын ілгерілете отырып, өркениеттің дамуында маңызды рөл атқарып келгенін атап өтті.
– Былтырғы қазан айында мен «Еуразиялық бастама» тұжырымдамасын ұсындым, оның мақсаты – Еуразияны біріктіру және оны бүкіл халықаралық қоғамдастықтың өсіп-өркендеу орталығы ретінде дамыту. Қазақстан Еуразияның дәл орталығында БРИКС елдерімен, соның ішінде Ресей, Үндістан және Қытаймен іргелес орналасқан, сондықтан ол Еуропа мен Азия арасын жалғастырушы буын қызметін атқарады. Қазақстан мен Корея әртүрлі салалардағы бірлескен жобаларды ілгерілете отырып, ортақ күш-жігер арқылы бейбіт әрі өркендеген Еуразия дәуірінің басталуында негізгі рөл атқаратын болады деп үміттенемін. Кәсіпкерлерден осы мақсаттың жүзеге асырылуына бірлесе күш-жігер жұмсауды өтінемін, – деді Пак Кын Хе.
Бұл ретте ол Қазақстанда елдің болашақ дамуы жолында бірлесе жұмыс істеп жатқан 100-ден астам ұлттың өкілі өмір сүруде екеніне назар аударды.
– Өткен ғасырда қазақтар өздерінің өте қиын жағдайда болғанына қарамастан, Орталық Азияға күштеп қоныстандырылған корейлерге үлкен көмек көрсетті. Ал қазір корейлер Қазақстан қоғамының бөлінбес бөлшегіне айналып отыр. Егер қазақстандықтардың сол ашық-жарқын мінезі корейлердің экономикалық дамудағы тәжірибесімен ұштасса, біз елдеріміздің болашақтағы өсіп-өркендеуін жақындата алар едік, – деді Оңтүстік Корея Президенті.
Соңында Пак Кын Хе бизнес-форумға қатысушыларға мықты денсаулық және бақ-береке тіледі.
Бизнес-форумның ашылуынан кейін екі мемлекет басшылары елорданың бірқатар мәдени-гуманитарлық айшықты нысандарын аралады.