National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Нұрсұлтан Назарбаев «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің тәрбиеленушілерімен кездесті

2018 жылғы 30 қараша

Мемлекет басшысы ұлттық әскери-патриоттық орталыққа барып, «Отан, Елбасы, Жас сарбаз» атты мерекелік іс-шараға қатысты, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілерімен кездесті.

Елбасы іс-шара басталар алдында әскери-патриоттық орталықтың музейіндегі экспозициялармен танысты. Онда Қазақстан армиясына арналған әскери суретшілер студиясының туындылары мен «Орбұлақ шайқасының» диорамасы қойылған, сонымен қатар 3D-mapping шоу технологиясын қолдану арқылы проекциялық көрме ұйымдастырылған.

Қазақстан Президенті шараға қатысушылардың бәрін өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтін «Жас сарбаз» қозғалысының құрылуымен құттықтады. Осыған орай, Мемлекет басшысы ұлттық рухты қалыптастырып, ел тарихын терең зерттеудің маңыздылығын айрықша атап өтті.

– Жақында жарияланған Жолдаудағы маңызды мәселелердің бірі – патриоттық тәрбие беру ісі. Егер біз Отанымызды қорғай алмасақ, онда тәуелсіздіктің 27 жылы ішінде атқарған барлық жұмысымыздың мәні жоғалады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы бүгінде мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаралардың бәрі келер ұрпақ үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталғанын айтты.

– Осының бәрі жастарымыз – біздің болашағымыз үшін атқаруда. Бұл жұмыстардың бәрі сіздердің тұрмыстарыңызды қазіргіден де жақсартып, Қазақстанымызды одан әрі байыта түсу үшін жасалуда, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің барлық жастарын «Жас сарбаз» қозғалысына мүше болуға шақырды.

– «Жас сарбаз» қозғалысы еліміздің барлық өңірінде құрылуға тиіс. Жастар осы қозғалыстың қатарынан табылуы қажет. Сондықтан, дене шынықтырумен айналысып, әскери мамандықтарды игерген жөн. Бұл ұйым Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, патриоттар тәрбиелеу ісіне белсенді атсалысуы керек. Сонда ғана сіздер халықтың тірегіне айналасыздар, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаланың Қазақстандағы патриотизмді күшейту ісіндегі ерекше маңызы туралы айтты. 

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан қоғамының гүлденуі үшін тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

– Елімізде көптеген этнос өкілдері тұрады. Біз бәріміз де – Қазақстан азаматтарымыз. Бай тарихымыздың арқасында төзімділік пен құрмет сезімін бойымызға сіңірдік. Бұл құндылықтар Қазақстанды біріктіреді, мемлекетті қуатты және сыйлы мемлекетке айналдырады. Сондықтан патриот болу – баршамыздың парызымыз, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы іс-шараға қатысушыларға табыс тілеп, жаңа жетістіктерге жетуге ниеттестік білдірді.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің