Мемлекет басшысы кеңес басталмас бұрын «Қазақстанды жаңа индустрияландыру: 2014 жылғы І жартыжылдықтың нәтижелері» тақырыбындағы көрмемен танысты. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевқа жүзеге асыру ісіне шетелдік инвесторлар қатысатын, өңдеуші өнеркәсіптегі бірқатар жаңа жобалар көрсетілді. Олардың қатарында IVECO (Италия), Toyota Tsusho Corporation (Жапония), Emirates Future (Иордания), LG Electronics (Корея), «Белкамит» (Италия-США), Isoplus (Германия) және басқа да ірі компаниялар бар.
Кеңеске қатысқан Қазақстан Президенті индустриялық саясат мәселелері жөніндегі биылғы кездесу жаңа ғимаратта – Президент кітапханасында өтіп отырғанын, бұл «жасыл» экономика қағидаттарын енгізудің іс жүзіндегі мысалы екенін атап өтті.
– Бұл экологиялық архитектураның жарқын үлгісі. Шатырдың әйнекті беті күндізгі уақытта күннің табиғи жылуын жинақтауға мүмкіндік береді. Осылайша, алаңы 30 мың шаршы метр болатын мына алып ғимарат жарық пен жылуға арналған энергияны өзі алады. Бұл біздің «жасыл» экономикаға қарай жүйелі ұмтылысымыздың, энергия үнемдеуді дамытудың көрнекі мысалы, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті өнеркәсіптің бірінші жартыжылдықтағы жұмысының нәтижелерін қарау әкімдер мен Үкімет қызметінің биылғы аралық қорытындысын ғана емес, биліктің жергілікті атқарушы органдарының бесжылдық жұмысының қорытындыларын да шығару болып саналатынына тоқталды. Ол басты нәтиже ретінде Қазақстанның экономикалық өсімнің қажетті қарқынын қамтамасыз ете алғандығын айтты.
– Егер әлемдік экономиканың қалпына келуі баяу жүріп жатқанын ескерсек, бұл өте маңызды. Сарапшылардың көпшілігі биылғы жаһандық өсімге қатысты байыпты болжамдар жасауда. Әлемдік экономиканың қалпына келуінің әлсіз белгілері ойластырылмаған бірқатар саяси шешімдердің қаупімен қатар келуде, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы әлемдегі мейлінше дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру ел экономикасының шикізаттық бағдарын өзгертуді қажет ететіндігіне назар аударды. Барлық шикізаттық ресурстарға әлемдік нарық коньюнктуралары нашарлаған жағдайда экономиканың орнықтылығын қамтамасыз ету үшін өңдеуші өнеркәсіп те маңызды.
Қазақстан Президенті атап өткендей, ілгерілеу болғанына қарамастан, индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру отандық экономиканың құрылымында жеткілікті көрініс тапқан жоқ. Өңдеуші өнеркәсіптің өсімі баяулады, оның ІЖӨ құрылымындағы арасалмағы 2010 жылғы 11,3 пайыздан 2013 жылы 10,9 пайызға дейін төмендеді. Өндіруші өнеркәсіпте айтарлықтай өсу болмағанын ескере отырып, сарапшылар экспорттың шикізаттық емес үлесі 30 пайыздан 20 пайызға дейін төмендегенін айтты.
– Біз инновацияға, заманауи технологияларға негізделген табысты индустриялық жобалардың, индустриялық революцияға бастапқы старт алаңы болатындай жобалардың ілкімді қатарын жасай алмадық, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы өңдеуші өнеркәсіп өсімінің жекелеген нәтижелері үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асырғанға дейін іске қосылған жобалармен байланысты болғанын айтты. Олардың қатарында «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» және «Қазақмыс» компанияларының жобалары, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізі, Алматыдағы метро құрылысы бар.
Сондай-ақ өнеркәсіптік бесжылдыққа шикізаттық сала мен инфрақұрылым нысандарын қоса қамтыған, өңдеуші индустрияға тікелей қатысы жоқ жобалар да еніп кеткен.
Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, осы олқылықтар және дағдарыс алдындағы жағдайға жеткізген жаһандық геоэкономикадағы келеңсіз оқиғалар еліміздегі экономикалық өсімнің баяулауына әкелді. Бірінші тоқсандағы экономикалық өсім жоспарланған қарқыннан кейін қалып, 4 пайызды құрады, бұл былтырғы жылдың осы кезеңінен 1 пайызға кем.
Жағдайды өзгерту үшін Үкімет 2014 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық саясаттың бірінші кезектегі шараларының Жол картасын әзірледі.
– Ол жаһандық экономикалық үрдістердегі ықтимал жағымсыз өзгерістерді ескеріп әзірленген дағдарысқа қарсы жоспарға айналды. Жалпы алғанда, бұл жоспар іске асты. Қазақстанның ХХІ ғасырдағы индустриялық базасының қарқынды өсіп келе жатқан қорын толықтыратын, бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Атап айтсақ, соның негізгілерінің бірі ұлттық энергетиканың тұңғыш ірі жобасы – шетелдік банктердің қаражаты инвестицияланған Балқаш ЖЭС-і болып саналады, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ әлемдік жетекші компаниялармен ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды. Соның ішінде геологиялық барлау саласына инвестициялар мен заманауи инновациялық технологиялар трансферттеу саласы да бар.
Сонымен қатар, экономикалық өсімді жеделдетуде ықпалдастық үдерістері, соның ішінде бастамашыл отандық кәсіпкерлер үшін перспективалы кеңістік болып саналатын, келесі жылы жұмысы басталатын Еуразиялық экономикалық одақ үлкен рөл атқаруы тиіс.
Мемлекет басшысы интеграциялық үдерістер қазірдің өзінде-ақ Қазақстанның экономикасын әртараптандыруға және экспорт құрылымында өңделген өнімдер үлесінің артуына оң ықпалын тигізгенін айтты. Көлік құралдарының барлық түрін өндіру көлемі 2009 жылмен салыстырғанда былтыр 24 есеге өсті. Агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық өнімдерінің көлемі 2010 жылы 150 миллион доллар болса, 2013 жылы 534 миллион долларға жетті.
Биыл Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру үдерістерін аяқтау қажет, бұл да біздің ел үшін мүмкіндіктердің тағы бір деңгейін білдіреді.
Қазақстан Президенті табысты экономикалық дамудың тағы бір маңызды аспектісі халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастық аясын кеңейту екендігіне тоқталды.
– Қазақстан Дүниежүзілік банкпен 2,5 миллиард доллардың, Азиялық банкпен 1,6 миллиард доллардың, Ислам банкімен 1,1 миллиард доллардың ынтымақтастық туралы негіздемелік келісіміне қол қойды. Еуропа қайта құру және даму банкімен де 550 миллион долларға келісім бар. Осылайша, индустрияландыруды жүзеге асыру мүмкіндіктері айрықша ұлғайды, тек жұмыс істеу қалды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы стратегиялық бағыт айқындалғанын, соның аясында Қазақстан экономикасының негізгі бағыттарындағы инвестициялық секторларды дамытудың басымдығы бар бағдарламаларын халықаралық банктер арқылы бірлесіп қаржыландыру қамтамасыз етілетінін айтты.
Қазақстан Президенті атап өткендей, маусым айында 2015-2019 жылдарға арналған жаңа индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қабылданды, онда өндіруші емес, индустриялық держава болу үшін өндірістік қуаттарды тездетіп жаңғырту міндеті қойылған.
– Бұл – еліміз үшін күрделі міндет. Екінші бесжылдық жоспары өнеркәсіпті стратегиялық басқару контекстінде жүзеге асырылатын болады. Осы жоспардың жалпы инвестициялар көлемі шамамен 6,6 триллион теңге, соның 90 пайызы жеке инвестициялар болады. Бұл міндетті шешу үшін бүкіл Үкіметтің жұмыс істеуіне тура келеді, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы хабарлағандай, бағдарламаны жүзеге асыру 2019 жылға қарай өндірілген өнім көлемінің өсімін 43 пайызға жеткізуге, еңбек өнімділігін 1,4 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Басымдығы бар салаларда 29 мыңнан астам өнімділігі жоғары жұмыс орындары ашылады. Осыған байланысты Қазақстан Президенті индустрияландыру үдерістерінің сұранысына сай келетін кадрлар даярлау қажеттігіне назар аударды. Осы мақсатта 323 кәсіптік стандарт әзірленді, соның 147-сі бойынша білім беру бағдарламасын дайындау жүріп жатыр. Білім беру деңгейі, материалдық-техникалық қамтылуы, оқытушы-профессорлық құрамы тұрғысынан білікті кадрлар даярлау міндетін атқара алатын 10 университет және 9 колледж іріктеп алынды. Сондай-ақ қыркүйекте Парламентке білім беру және кадр даярлау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасы енгізіледі.
– Индустриялық-инновациялық бағдарламаның екінші бесжылдығы қарқынды басталуы үшін Үкімет жыл соңына дейін барлық дайындық жұмыстарын аяқтауы тиіс, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті мұнай-газ секторын дамытудың 2018 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданғанын айтты. Оны жүзеге асыру МӨЗ-дегі мұнай өңдеуді 17,5 миллион тоннаға, мұнай тасымалын 98 миллион тоннаға және газды 35 миллиард текше метрге дейін ұлғайтуы тиіс. Таяу уақытта елді 2030 жылға дейін газдандырудың бас сызбасы ұсынылуы керек және келесі жылдан бастап 1600-ден астам елді мекенді газдандыру жоспарлануда. Бұл орайдағы халықты қамту ауқымы 12 миллион адамды құрайды деп күтілуде.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы энергия сервисі шарттары механизмін енгізу жөніндегі заңның әзірлемесін, сондай-ақ Дүниежүзілік банкпен, Еуропа қайта құру және даму банкімен 55,7 миллион доллар мөлшеріндегі сомаға энергия тиімділігі жөніндегі жобаларды қаржыландыру туралы келісімге қол қоюды қолдайтынын атап өтті.
Тау-кен металлургиясы өнеркәсібін 2018 жылға дейін дамыту жөніндегі бесжылдық кешенді жоспарға сәйкес, жалпы құны 1,3 триллион теңге болатын 31 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген.
Нұрсұлтан Назарбаев екінші бесжылдық жоспардың басымдығының бірі ретінде логистика саласындағы индустрияландыру жұмысын атады. Ол 2015 жылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» трансконтинентальды магистралі құрылысы аяқталатынын, сондай-ақ Ақтау теңіз порты мен «құрғақ порт» қуатын арттыру үшін «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнаулы экономикалық аймағы аумағында үш құрғақ жүктер терминалының құрылысы жүріп жатқанын айтты.
Астана-Щучинск автожолымен жүріп өту үшін ақы енгізу оны бюджет қаражатын пайдаланбай-ақ күтіп-баптауға және жөндеуге мүмкіндік тудырды. Сонымен қатар Астана-Павлодар автожолының құрылысы басталады, келесі жылы Теміртау-Қарағанды тас жолын салу аяқталады, бұл жұмысты жалғастыру қажет. Мемлекет басшысы жол салу экономиканың маңызды басымдығы болып саналатынына назар аудартты.
Көлік-логистика жүйесін дамыту аясында «ҚТЖ» АҚ базасында логистикалық активтерді шоғырландыру жұмысы жүргізілді.
– Еліміз Азия-Тынықмұхит өңірі нарығына және Парсы шығанағы елдеріне тікелей шығатын бірегей Орталық Азия державасына айналып келеді. Еуразиялық экономикалық одақтың арқасында біз Қазақстанның бүкіл Еуразия хабына айналу мүмкіндігін іске асыра аламыз. Көлік-логистика саласын дамыту 21 ғасырдың бірінші жартысындағы жаңа экономикалық кезеңге енудегі біздің алғашқы тәжірибеміз болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан бөлек, экономикалық өсімді қамтамасыз етуде агроөнеркәсіп кешені үлкен рөл атқарады.
– Біз – аграрлық елміз. Ауыл шаруашылығының азық-түлік өніміне қажеттілік әлемде өсе береді, шамамен ол 2050 жылға қарай 2 есе артпақ. Біз соған дайындалуымыз керек. Бұл – біздің орасан экспорттық резервіміз. Оны пайдалану мақсатында биыл ауыл үшін өте маңызды бірқатар мәселелер шешілді. АШК субъектілерін сауықтыруды қаржыландыру қағидаттары қабылданды. Ол сыйақы мөлшерлемелерін арзандатуға, кредиттік лизингтік міндеттемелерді қайтару мерзімдерін ұзартуға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешені субъектілерін қаржылық сауықтыру үшін 52 миллиард теңге бөлінгенін айтты. Жалпы қарызы 300 миллиард теңгеге жететін 160-тан астам АШК субъектісін сауықтыру көзделіп отыр. Сондай-ақ ол аграрлық салаға шетелдік инвесторлар тартудың маңызды міндет екеніне назар аудартты. Бұл үшін инвестициялық салымдарды субсидиялау қағидаттары қабылданды, оларда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің шығыстары үшін өтемақы беру қарастырылған. Алдын ала бағалауларға сүйенсек, бұл аграрлық өндіріс саласына қосымша 48 миллиард теңге жеке инвестиция тартуға мүмкіндік туғызады.
– 2014 жылы «Қазагро» холдингі желісі бойынша жалпы сомасы 36,5 миллиард теңгелік 66 инвестициялық жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осының бәрі ауылда 2000 жұмыс орнын ашуды қамтамасыз етеді. Топырақ астындағы көкөніс өнімі импортының 19 пайыз көлемі, сондай-ақ сиыр еті импортының 7 пайыз көлемінің орны толтырылады. Тамақ өнеркәсібіне жасалатын мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемі таяудағы 5 жылда 220 миллиард теңге деңгейінде болады деп жоспарланған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті елде тері, жүн, мақта, балық өңдеу, макарон және кондитерлік бұйымдар өндірісі бағыттары бойынша ауылда жұмыс істейтін шағын бизнес үшін мейлінше қолайлы жағдайлар жасалғанын айтты. Кәсіпкерлерге ҚҚС-ға 70 пайыздық салық жеңілдігі ұсынылып отыр.
– Бүгінде бүкіл әлемде «инвестициялық аштық» байқалады. Сондықтан мемлекет инвесторларды қолдауға байланысты шығыстар мен тәуекелге бас тігуде. Біз еліміздегі іскерлік ахуал сол қолайлы қалпында қалуы үшін барлығын істеп жатырмыз. Мамырдың аяғындағы ҚХР-ға менің сапарымның нәтижесінде біздің экономикамызға тағы 10 миллиард доллар инвестиция тартылды. Ол инвестициялардың ар жағында Жамбыл, Маңғыстау, Ақтөбе, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарында жаңадан химия, мұнай-газ, электр энергетикасы, кен өндіру салалары кәсіпорындарын ашу көзделген. Бұлар – тұтас өңірлердің келбетін өзгертетін инновациялық, ғылымды және капиталды көп қажет ететін өндірістер, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан біздің елімізді инвестиция нарығындағы күшті ойыншыға айналдырып отырған бірқатар артықшылықтарға ие екенін, ал келешекте ол Еуразиялық экономикалық одақтың инвестициялық орталығына айналуы мүмкін екенін айтты.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті қаржы жүйесін сауықтыру жұмысын жалғастыруды тапсырды. Атап айтқанда, «Самұрык-Қазына» ҰӘҚ екінші деңгейдегі банктер активінен шығуға тиіс. Бұл қорға өзінің басты міндетіне –корпоративтік басқаруды жақсартуға, активтерді көбейтуге, ұлттық холдингтер айналасында бизнес-құрылымдар ашуға көшкен жөн.
Мемлекет басшысы жалпы бірінші жартыжылдықта ауқымды жұмыс атқарылғанын айтты.
– Бұл – Үкіметтің барлық құрылымы мен өңір әкімдерінің пәрменді жұмысының нәтижесі. Мен сондай-ақ ел Парламенті депутаттарына жоспарлағанымызды жүзеге асыруға мүмкіндік тудырған бірқатар маңызды заң жобаларын жедел қабылдағаны үшін ризамын. Енді келесі міндеттер туралы ойланған жөн, біз тек жолдың басындамыз. Біздің міндетіміз – өңдеуші өнеркәсіптің өз маңызы жөнінен шикізат саласы деңгейіне жетіп, ал келешекте одан асып түсуіне қол жеткізу, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңес кезінде сөз сөйлеген Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев 4,5 жылда 672 жоба жүзеге асып, 69 мың тұрақты жұмыс орны ашылғанын баяндады. Бұдан бөлек, Индустрияландыру картасы нысандарында 3,2 триллион теңге өнімі өндіріліп, экспорт 133 миллиард теңге болды, жалпы экспорт көлеміндегі дайын өнімнің үлесі 8 пайызға жетті, 325 жаңа өнім түрі игерілді.
– Индустриялық-инновациялық дамудың бірінші бесжылдығының аяқталуына жарты жыл қалды. Биыл біз көршілес нарықтардағы және жалпы әлемдік экономикадағы ахуалдың күрделі екенін көріп отырмыз. Нақты жоспар бар, біз алдымызға қойылған міндеттің бәрін орындай аламыз деп үміттенеміз. Осы жылы 700 миллиард теңгелік 120 жобаның құрылысы аяқталады. Бүгін 21 жоба іске қосылады, – деді Ә.Исекешев.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы әлемдік қаржы дағдарысы кезеңінде дағдарысқа қарсы басты құрал рөлін атқара отырып, экономика өсімінің қарқынын сақтауға, сондай-ақ жұмыспен қамту деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік бергеніне тоқталып өтті.
– Бағдарламаны қаржылай қамтамасыз ету мақсатында 2010-2013 жылдар кезеңінде 3,7 триллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұдан бөлек, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға 2,4 триллион теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Экономиканың орташа жылдық 6,4 пайыз өсімінің қарқынын ескергенде, 2013 жылдың қорытындысы бойынша нақты ІЖӨ-нің 2008 жылғы негізгі көрсеткіштен 30 пайыз өсімі қамтамасыз етілді. Аталған кезеңде нақты алғанда ІЖӨ 2013 жылы екі еселеніп, 34,1 триллион теңгеге жетті. 2013 жыл қорытындысы бойынша еңбек өнімділігі өңдеуші өнеркәсіпте 57,5 мың доллар болды, – деді Е.Досаев.
Іс-шара аясында сондай-ақ өңірлермен телекөпір өтіп, оның барысында жұмыс істеп тұрған және салынып жатқан бірқатар индустриялық-инновациялық нысандар таныстырылды. Телекөпір аяқталған соң Мемлекет басшысына салтанатты түрде «Құрметті металлург» белгісі тапсырылды.