Кездесуге БҰҰ Бас Ассамблеясы 67-ші сессиясының төрағасы В.Еремич, БҰҰ Экономика және әлеуметтік кеңесінің төрағасы Нестор Осорио, Фиджи аралдары республикасының сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі, Қытай және77 тобның төрағасы Р.Кубуабола, БҰҰ Бас хатшысының экономика және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары У.Хунбо, БҰҰ ЮНКТАД сауда және даму жөніндегі конференциясының бас хатшысы С.Панитчпакди, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – Еуропа экономика комиссиясының атқарушы хатшысы С.Алкалай және БҰҰ Азия және Тынық мұхитына арналған экономика және әлеуметтік комиссиясының бас экономисі және директоры Н.Кумар қатысты. Әңгімелесу барысында Қазақстанның БҰҰ бөлімшелерімен және агенттіктерімен ынтымақтастығының негізгі перспективалары талқыланды. Сонымен қатар, кездесуде Қазақстанның Дағдарысқа қарсы бүкіләлемдік конференцияны өткізу жөніндегі бастамасының негізгі қағидалары қарастырылды. Оның аясында әртүрлі елдердің өкілдері әлемдік реформалар жоспарының жобасын талқылайтыны көзделген. Бұл болып жатқан жаһандық оқиғалар тұрғысынан алғанда дер кезіндегі қадам болып саналатыны атап өтілді. Осы орайда, Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымына Астанада осындай маңызды және жауапты іс-шараны өткізуге көрсеткен қолдауы мен сенімі үшін ризашылығын білдірді.