National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Президенттер Н.Назарбаев пен Х.Рухани Қазақстан-Иран бизнес форумына қатысты

2014 жылғы 09 қыркүйек

 

Форум қатысушылары алдында сөйлеген Мемлекет басшысы Иран Қазақстанның Таяу және Орта Шығыстағы маңызды экономикалық серіктестерінің бірі екенін айтты.

- Бірінші жартыжылдықтың деректеріне сәйкес, біздің елдеріміздің арасындағы тауар айналымы өсіп келеді, біз оны бір миллиард доллардан асады деп сенеміз. Бүгінгі форум елдеріміздің арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды мүлде жаңа сапалық деңгейде құру үшін бастапқы серпін болады, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық және көлік-транзит әлеуетін дамытуға бағытталған бірқатар қазақстандық-ирандық жоблардың сәтті жүзеге асырылуын атап өтті.  

- Биыл біз Орталық Азия мен Парсы шығанағы елдерінің арасын байланыстыратын желіге айналатын Жаңаөзен – Берекет – Гөрган  бағытындағы теміржолдың құрылысын аяқтаймыз. Жаңа теміржол бағытының іске қосылуы арқылы тек келесі жылдың өзінде елдеріміздің арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға дейін өсуі мүмкін, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президентінің пікірінше, екі ел де өзара тиімді ынтымақтастықты металлургия, агроөнеркәсіп кешені, көлік, логистика және туризм секілді салаларда кеңейте алар еді.

- Олардың кейбіріне қатысты, инвестициялар көлемі 1 миллиард доллар болатын, жалпы саны 20-ға жеткен қазақстандық-ирандық бірлескен жобаларды талқылау жүріп жатыр, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан өз алдына әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру сынды биік мақсат қойып отырғанын айтты.  Бұл мақсатқа жетудің негізін табысты кәсіпкерлік қалайтын болады.

- Бұл міндетті жүзеге асыру үшін елде біздің экономикаға инвестиция салу үшін бірегей жағдайлар жасалуда. Инвестициялық субсидияларды, заңнаманың тұрақтылығын, салық преференцияларын, тарифтердің болжамдылығын қарастыратын ынталандырудың жаңа пакеті заңнамалық деңгейде бекітілді, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі Қазақстан ірі компаниялармен қатар, орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер мен орасан әлеует екенін атап өтті.

– Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы есебінің нәтижелеріне сәйкес, биыл Қазақстан 144 елдің арасынан 50-інші орын алды. Дүниежүзілік банктің жыл сайын жасалатын «Бизнес жүргізудің жеңілдіктері» рейтингісінде де Қазақстан 50-інші орында тұр. Жалпы алғанда, бұлар – Кеден одағы елдері мен біздің көршілеріміз арасындағы тәуір көрсеткіштер, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің айтуынша, елде қазірдің өзінде 10 арнаулы экономикалық аймақ жұмыс істейді, индустриялық аймақтардың инфрақұрылымы қалыптастуда. Ол аумақтарда кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіледі, салықтық преференциялар жасалуда.

Бұған қоса Қазақстанда шетелдік кәсіпкерлер үшін бизнес жүргізуге мейлінше қолайлы жағдай жасалған.

– Кеден одағының және Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуымен бірге Қазақстанда жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер үшін 2,5 триллион АҚШ доллары көлемінде қаражаты және 170 миллион халқы бар нарыққа жол ашылды, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев ирандық бизнесмендерді «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі нысандарының құрылысына және Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырды.

– Бағдарлама аясында 4 жылда 670 жаңа кәсіпорын іске қосылып, жүз мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Біз 325 жаңа өнім түрін шығара бастадық.  2015 жылдан бастап осы бағдарламаның екінші кезеңін бастаймыз. Бағдарламаның басты күш-жігері басымдығы бар салаларға – металлургиялық кешенге, машина жасау ісіне, мұнай-газ өңдеу кешеніне, химия өнеркәсібіне, құрылыс материалдары өндірісіне, азық-түлік өнеркәсібіне бағытталатын болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Иран Президенті Хасан Рухани Иран мен Қазақстанның ортақ тарихи және мәдени-гуманитарлық байланыстары екі елдің болашақ қарым-қатынастарын орнату үшін қажетті зор жетістігі екенін айтты.  

– Иран мен Қазақстан ИЫҰ және АӨІСШК сияқты өңірлік ұйымдар аясындағы ынтымақтастық үшін қажетті үлкен әлеуетке ие. Иранның инженерлік-техникалық, фармацевтикалық, сондай-ақ электр стансаларының құрылысы саласындағы әлеуеті зор. Біз инфрақұрылым қалыптастыру, транзит саласында, мұнай-газ секторында, телекоммуникация, туризм және өзге де салаларда ынтымақтастық орната аламыз, – деді Иран Президенті.

Сондай-ақ Иран Президенті Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу Иранның іскер топтары үшін өздерінің соңғы жетістіктерін көрсетуге керемет мүмкіндік тудыратынын айтты.
- Иранда энергияның балама көздерін пайдалануға зор көңіл бөлінеді. Сондықтан екі елдің де жаңғыртылатын энергия саласында ынтымақтасуға жақсы мүмкіндігі бар, - деді Х.Рухани.
Оның сөзіне қарағанда, Иран бай энергетикалық қор мен жоғары білікті мамандарға, сондай-ақ зор көлік әлеуетіне ие. Х.Рухани Қазақстан мен Иранның озық технологиялар, соның ішінде биотехнологиялар мен нанотехнологиялар саласында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізе алатындығын атап өтті. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару

Заңдар

2024 жылғы 22 қараша

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды


Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

2024 жылғы 28 қараша

Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

Жарлық

2024 жылғы 15 қараша

Мемлекет басшысының жарлықтарымен:


Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің