Әңгімелесу барысында Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақстан экономикасының түрлі секторындағы мемлекеттік және жекеменшік жобаларды жүзеге асыруға қатысуының негізгі аспектілері талқыланды. Мемлекет басшысы Еуропа қайта құру және даму банкі бүгінде тиімді диалог алаңына айналған Шетел инвесторлары кеңесін құруға беслене қатысқанын атап өтті. - Кеңес отырысында инвесторларды толғандыратын барлық мәселе қарастырылады. Сонымен қатар, біз өз тілектеріміз бен ұсыныстарымызды айтамыз. Қазақстан мен Банк арасындағы екіжақты ынтымақтастық серпінді әрі табысты дамуда. Біз елімізді одан әрі дамуытуға бағытталған біздің серіктестігімізді өте жоғары бағалаймыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті Мемлекет басшысына кездесу үшін алғысын айтып, екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді. Еуропа қайта құру және даму банкі 1991 жылы Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің нарықтық экономикаға өтуі кезінде жобаларға қаржылық көмек көрсету үшін құрылған. Бүгінде 64 ел және 2 халықаралық ұйым (Еуропа одағы және Еуропа инвестициялық банкі) Еуропа қайта құру және даму банкінің мүшесі болып саналады.