National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Мемлекет басшысы Құрық портының мультимодальды хабын таныстыру рәсіміне қатысты

2018 жылғы 11 тамыз

Елбасы мультимодальды хабтың Бесінші Каспий саммитінің қарсаңында іске қосылуының символдық мәніне тоқталып, бұл жобаның тек Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ бүкіл Еуразия құрлығы үшін маңызы зор екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамытудың маңыздылығына назар аударып, оның Еуразиялық құрлықаралық көлік жүйесіне қосылуы мемлекетіміз үшін стратегиялық міндет болып саналатынын атап өтті.

– Соңғы жылдары 2,5 мың шақырымнан астам темір жол салынып, 12 мың шақырым автомобиль жолы қайта жөнделді. Логистикалық инфрақұрылым дамып келеді. Жүк тасымалдайтын вагондар жаңартылуда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль транзиттік дәлізі іске қосылды. Ақтау порты жаңартылды. Қытаймен шекарада Қорғас құрғақ порты құрылды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы соңғы он жылда Қазақстанның көлік-логистика жүйесін дамыту үшін тартылған инвестиция көлемі 30 миллиард долларға жеткенін және Құрық мультимодальды кешені осы ауқымды жұмыстың маңызды бөлігі болып саналатынын айтты.

– Бүгін іске қосылған Құрық портының автожол инфрақұрылымы көлік транзитін дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Құрық арқылы өтетін Транскаспий бағыты Қытайдан, Орталық Азия елдері – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, сондай-ақ Ресейдің Орал-Сібір өңірлерінен Түркия мен Еуропаға және кері қарай жүк тасымалдаудың тиімді логистикасын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, 2020 жылға қарай Қазақстанның транзиттік тасымалдан түсетін кірісін жылына 5 миллиард долларға арттыруға мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев

Қазақстан Президенті көлік инфрақұрылымын дамыту экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің артуына мультипликативті ықпал ететінін және қайта қалпына келген Жібек жолы арқылы өтетін сауда легіне тың серпін беретінін, сондай-ақ өңірдегі ынтымақтастықты кеңейтуге және экономиканың ілгерілеуіне септігін тигізетінін атап өтті. 

– Бүгінде Маңғыстау облысы әуе, автомобиль жолдары, темір жол және теңіз көліктері желісі тоғысқан ірі көлік-логистика орталығына айналып отыр. Каспийдегі екі заманауи порт өзара бірін-бірі толықтыратын болады. Бұл өңір үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Қызмет көрсету секторын ілгерілетіп, трансұлттық компанияларды тарту керек, сондай-ақ жаңа технологияларды пайдалана отырып, қайта өңдейтін өндірісті дамытқан жөн. Бұлардың бәрі туристік индустрияны дамытуға жол ашады. Бұл аймақ экономикасын диверсификациялау үшін аса маңызды. Бізге осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Елбасы Үкіметке облыс әкімдігімен бірлесіп, мультимодальды хабтардың – Ақтау және Құрық порттарының базасында қосымша өндірістер мен қызмет көрсету секторын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды.

– Жергілікті атқарушы органдар индустриялық және сервистік өндірістерді жаңа жағдайларға бейімдеу үшін қажетті шараларды қабылдауы керек. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашып, кадрларды жаңа мамандықтар бойынша оқытуға және қайта даярлауға, сондай-ақ өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасау қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті еліміз үшін маңызы зор жобаларға атсалысқандардың бәріне ризашылық білдіріп, көлік саласының еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Мемлекет басшысы телекөпір режімінде «Құрық порты – «Тажен» шекаралық кеден бекеті», «Құрық порты – «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы құрғақ порты» мультимодальды бағыттар бойынша қатынайтын автомобиль және темір жолдарын іске қосты.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің