Жыл сайынғы жақсы дәстүрге айналған мемлекеттік туды көтеру Елорда күнін мерекелеудің басталғанын білдіреді. Кешенге орнатылып, 111 метр биіктікте желбіреп тұратын мемлекеттік туды астананың кез келген нүктесінен көруге болады.
Іс-шараны аша отырып, Мемлекет басшысы елорда Сарыарқаның кең даласынан өзінің лайықты орнын тапқанын атап өтті.
- Мереке қарсаңында біз арайлы күн астында қалықтаған айбынды қыран бейнеленген мемлекеттік туды көтеріп отырмыз. Елорданың орталығында желбіреген ту - мемлекетіміздің мәртебесі, халқымыздың абыройы. Осы сәтте әр қазақстандық ел үшін мақтаныш сезімін бастан кешеді, олардың жүрегі өз Отанына деген сүйіспеншілікке тола түседі. Халқымыз үшін ту көтеру – зор абырой, ерлік пен бірліктің белгісі. Қиын уақытта біздің даңқты балаларымыз әрдайым өз Отанын қорғауда желбіреген тудың айналасына топтасқан. Биыл дәстүр бойынша әскери жоғары оқу орындарының мыңдаған түлектері атақ алады. Бүгін олардың ең үздіктеріне погондар тапсырылады. Осынау желбіреген тудың күш-қуаты Отанымыздың әрбір қорғаушысының бойында патриотизм рухын оятады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жоғары әскери оқу орнының үздік түлектеріне офицер погондарын тапсырды.
- Бүгін біз олардың өміріндегі айтулы датамен барлық түлекті құттықтаймыз. Сіздер офицер атағын лайықты алып жүріп, мемлекетіміздің абыройын сақтауға, еліміздің шекарасы мен бейбіт өмірді қорғауға тиіссіздер. Елорда күніне орай, ту көтеру және лейтенант погондарын тапсыру – маңызды оқиға. Бүгін біз Елорда күніне арналған барлық іс-шараны бастап отырмыз. Баршаңызды осы айтулы күнмен құттықтаймын. Елімізге игілік және табыстар тілеймін, - деді Қазақстан Президенті.
Әскери ісін оқудағы жетіктіктері Мемлекет басшысы тарапынан атап өтілген әскери қызметкерлердің ата-аналары рәсімге алғаш рет шақырылды. Түлектер Президентке өздеріне көрсеткен құрметі үшін алғыс айтып, Отанға және Қазақстан халқына адал қызмет етуге уәде етті.
Елорда күніне арналған мерекелік іс-шараның ашылу рәсімі Республикалық ұлан, ҚР Қорғаныс министрлігі мен ҚР Ішкі істер министрлігінің құрметті қарауыл ротасының сап түзеп өтуімен аяқталды.