National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Елбасы Астананың «жасыл белдеуін» дамыту жұмыстарының барысымен танысты

2014 жылғы 30 маусым

 

Мемлекет басшысы елорданың айналасындағы жасыл аймақты тікұшақтан қарап шығып, оның қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі шараның негізгі мақсатының бірі 1998 жылы басталған, елорданың айналасында «жасыл белдеу» қалыптастыру жөніндегі тапсырманың орындалу барысымен танысу болғанын айтты

– Содан бері 16 жыл өтті, Астананың айналасында нағыз «жасыл белдеу» орнады. Оның жазық даладағы нағыз орманға айналғаны маңызды. Бірақ бәрі бұл жер жарамсыз болғандықтан, ағаш өспейді деп санаған еді. Алайда біздің орманшылар мен ғалымдардың бұл мәселеге біліктілікпен қарау, қажетті көшеттерді іріктеп алуы ғажап нәрсе жасауға мүмкіндік берді – қаланың айналасында 60 мың гектар, қала ішінде тағы 20 мың гектар аумаққа ағаш егілді. Егілген орманның жалпы ауданы 2020 жылға дейін 100 мың гектарға жетеді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы қолайлы қоршаған орта қалыптастыру еліміздің тұрғындарына да байланысты екенін атап өтті.

 – Егер біздің барлық азаматтарымыз өз үйлері айналасына, бүкіл қалалар мен ауылдарда жыл сайын ағаш отырғызса, біз «жасыл» елге айналамыз. Егілген ағаштар дегеніміз – елді мекендердің тыныс алатын «өкпесі», таза ауа, қолайсыз күн райынан қорғаныш.  Біз мұны болашақ ұрпақтың игілігі үшін жасайтын боламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы елорданың «жасыл белдеуін» қалыптастыру «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында айрықша мәнге ие болатынын атап айтты.

Өткен кезеңде қала шегіндегі орман аумағы 14,8 мың гектарға жуықтап, онда 9,6 миллионнан астам ағаш және 1,9 миллионға жуық бұта өсіп келеді. 2030 жылға дейін 9,8 мың га аумақта ағаш отырғызу жоспарланған. Ал қала сыртында 1997-2014 жылдар аралығында ағаш егілген аумақ 55,2 мың гектарға жуықтады.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің