National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Қазақстан Президенті Есіл өзені арқылы өтетін велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған көпірді аралап көрді

2018 жылғы 01 шілде

Мемлекет басшысы көпірдің техникалық-пайдаланушылық сипаттамаларымен танысты.

Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев Нұрсұлтан Назарбаевқа көпірдің саябақ аймағындағы жаяу жүргіншілер легі мен велосипед желісін Есіл өзенінің оң жағалауымен жалғайтынын баяндады.

– Егер көпірге жоғарыдан қарайтын болсақ, оның пішіні Атырау облысының символы саналатын балыққа ұқсайтынын көруге болады, – деді облыс әкімі.

Қазақстан Президенті жаңа көпір Атырау облысының лайықты тартуы екенін және оның елорда тұрғындары мен қонақтарына ұзақ жылдар бойы қызмет ететінін атап өтті.

– Астаналықтар бұл нысандарды дайындауға атсалысқан барлық өңірлерімізге алғыс айтуға тиіс. Бас қаланы бүкіл ел болып тұрғыздық және бүкіл ел қуанышқа кенелуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев Нұрсұлтан Назарбаевқа жалпы ұзындығы 56 шақырым болатын велосипед көлігінің инфрақұрылым нысандарын таныстырды. Велосипед жолы Есіл өзенінің бойы мен сол жағалауы және ЭКСПО кешенінің нысандары арқылы өтеді. Ол қалалық саябақтағы шаңғы және роликке арналған жолдар мен Ильинка кентінен «жасыл белдеу» арқылы өтетін велосипед жолақтарын байланыстырады. Велотректер арнайы үстелдері және велосипед қоятын орындары бар, wi-fi және телефонды қуаттандыру мүмкіндігі қарастырылған «ақылды инфрақұрылыммен» жабдықталған.

Шара соңында ашық аспан астындағы амфитеатр сахнасында Атырау облысы филармониясының өнер ұжымы ұйымдастырған «Ұлы дала жүрегі – Астанама» атты театрландырылған концерттік бағдарлама көрсетілді.

***

Көпірдің дизайны сәулет өнерінің әлемдік үрдісіне сәйкес келеді. Оның сырт келбеті заманауи үлгіге сай, ал жаяу жүргіншілерге арналған ішкі жағы жарық пен көлеңкенің қызықты көрінісін бейнелейді.

Нысанның жалпы ұзындығы – 313,5 метр, ені – 10,5 метр. Көпірде жаяу жүргіншілерге арналған алты метрлік жолақ, велосипедшілерге арналған үш метрлік жолақ, сондай-ақ ені 0,5 метр болатын қауіпсіздік жолағы және 0,5 метрлік шарбақты қоршауға арналған екі жолақ бар. Көпір жабындысы үшін литакрил пайдаланылған. Бұл нысан ауа райы жағдайы ескеріле отырып салынған. Оны жобалағанда желдің әсері де есепке алынған. Салмағы – 1920 тонна.

Велосипедшілер мен жаяу жүргіншілерге арналған көпірді және велосипед инфрақұрылымын «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Атырау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола және Жамбыл облыстарының әкімдіктері тұрғызды.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің