Нұрсұлтан Назарбаев «Жұбановтар әлемі» атты жаңа орталықты аралап көрді. Орталық атақты Жұбановтар әулетінің көрнекті тұлғаларының шығармашылық мұрасын дәріптеу, сондай-ақ дарынды балаларды оқыту мақсатымен салынды.
Мемлекет басшысына бұл нысанның құрылысы жеке адамдардың қаржысы арқылы жүргізілгені баяндалды.
Қазақстан Президенті еліміздің көрнекті ғылым және өнер қайраткерлері – Жұбановтардың өмірі мен шығармашылығына арналған музейді аралап көрді.
Бұдан бөлек, Елбасы облыстың жұртшылық өкілдерімен кездесті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсетілген жаңғыру үдерісінің ерекшеліктеріне тоқталды.
– Әлем көз алдымызда өзгеруде, біз сол өзгерістердің ортасындамыз. Жаңа ғылымдар пайда болып, тың көзқарас қалыптасуда. Барлық реформалар, соның ішінде қоғамдық сананы жаңғырту үдерісі замандастарымызды жарқын болашаққа дайындау үшін жасалуда, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Елбасы Астана, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар Ақтөбе де инновация орталығы болып, өндірістік, қаржылық және адами ресурстарды тартатын факторға айналуға тиіс екендігін ерекше атап өтті.
– Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе облысының халқы екі есе өсті. Осы көрсеткішті арттыру мақсатымен мұнда тұтас шағын аудандар мен қажетті инфрақұрылым салынуда. Барлық жағдай жасалып жатыр. Тұрғын-үй, жол салынып, газ бен су құбырлары тартылуда. Сол сияқты бүкіл Қазақстан аумағы жол желісімен қамтылады. Міне, даму дегеніміз – осы. Мұны адами даму деуге де болады, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев облыс тұрындарына амандық пен бақ-береке тілеп, еліміздің өркендеуі жолында табысқа жетулеріне ниеттестігін білдірді.