Зауытты көру барысында Елбасыға ферроқорытпа өндірісін ашу жобасы туралы баяндалды. Содан кейін Нұрсұлтан Назарбаев бірінші балқыту пешін салтанатты түрде іске қосты. Қазақстан Президенті сондай-ақ кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелесті. Олар мемлекет тарапынан металлургтерге ұдайы көрсетіліп отырған қамқорлық пен қолдау үшін ризашылықтарын білдірді. Мемлекет басшысы еңбек ұжымын жаңа ауқымды өндірістің іске қосылуымен құттықтап, оларға табыс және бақ-береке тіледі. «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның ферроқорытпа зауытының жобалық қуаты жылына 440 мың тонна жоғарыкөміртекті феррохром өндіруге жетеді. Биылғы жылдың соңына дейін 226,5 мың тонна өнім шығару жоспарланып отыр. Кәсіпорындағы жұмыс орындарының саны 500-ге таяу.