Елбасы Томотерапия және ядролық медицина орталығының жаңа ғимаратын аралап көріп, әр пациенттің жекелеген қажеттіліктеріне сай онкологиялық ауруларды нақты әрі жоғары сапалы сәуле беру арқылы емдеуге мүмкіндік беретін «TomoTherapyHI-HD» құрылғысының жұмысымен танысты. Нұрсұлтан Назарбаев медициналық мекеменің қызметкерлерімен әңгімелесу кезінде онкологиялық ауруларға диагностика жасап, оларды емдеу барысында заманауи ғылыми әдістерді қолданудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне медициналық құрал-жабдықтар мен препараттар шығаратын жаңа кәсіпорынның қызметі жөнінде мәлімделді. *** Томотерапия және ядролық медицина орталығының арнаулы құрылғылары халықаралық стандарттарға сәйкес емдеу үдерісі мен сапасын оңтайландыруға және жетілдіруге, сондай-ақ алдағы уақытта өзге елдердегі онкологиялық ауруға шалдыққан пациенттерге медициналық көмек көрсетуге зор мүмкіндік береді.