National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Жұмыс сапарлары

Атырау қаласындағы Зияткерлік мектепте болу және облыстың жұртшылық өкілдерімен кездесу

2014 жылғы 06 ақпан

 

Мемлекет басшысы мектептің оқу бөлмелерін аралап, онда білім алып жатқан оқушылармен әңгімелесті.

Өңірдегі жұртшылық өкілдерімен болған кездесу барысында Қазақстан Президенті бұл республикадағы зияткерлік мектептер жүйесіндегі он бесінші мектеп екеніне тоқталды. Мемлекет басшысы бүгінгі күнге дейін осы мектептерді жалпы еліміз бойынша мыңнан астам оқушы тамамдағанын, олардың 25 пайызы Назарбаев университетіне түскенін айтты.

Мемлекет басшысымен кездесуде ауыл шаруашылығы саласының ардагері Ж.Беркалиев, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі А.Думлер, жазушы Р.Отарбаев және басқа да жұртшылық өкілдері сөз сөйледі. Олар ауыл шаруашылығын дамытуға, елдегі бірлік пен тыныштықты сақтауға, мәдениетті қолдауға бағытталған қызметі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылықтарын жеткізді.

Өз сөзінде Р.Отарбаев "Мәдени мұра" бағдарламасының қабылдануы, "Бабалар сөзі" жобасының жүзеге асырылуы Қазақстан Президентінің көреген саясатының жемісі екендігіне тоқталды. Ол сондай-ақ Елбасының "Мәңгілік ел" идеясын, әсіресе "Қазақ елі" деген ел атауы туралы сөзін көпшілік ықыласпен қабылдағанын айтты.

Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев республиканың ресми атауына қатысты ойын білдірді.

- Біздің еліміздің атауында Орталық Азияның басқа да елдеріндегі сияқты "стан" деген жалғау бар. Сонымен бір мезгілде, шетелдіктер халқының саны небәрі екі миллионды құрайтын Моңғолияға қызығушылық танытады, бірақ оның атауында "стан" жалғауы жоқ. Сірә, еліміздің атауын уақыт өте келе "Қазақ елі" деп өзгерту мәселесін қарастыру керек шығар, бірақ алдымен міндетті түрде халықтың талқысына салған жөн, - деді Президент.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы еліміз бірлік пен толеранттылықты сақтай отырып, барлық мақсаттарға жететінін атап айтты. 

- Біздің артықшылығымыз - көп этносты халқымыздың әралуандығында, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектеп 2013 жылдың қыркүйегінде ашылды. Жаңа «Нұрсая» шағын ауданында орналасқан мектеп 720 орынға лайықталған, оқу процесін оңтайландыру үшін жаңа құрал-жабдықтармен және технологиялармен жабдықталған. Сонымен қатар 120 адамға арналған жайлы жатақханасы бар.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің