Қазақстан Президенті жиын-терін жұмыстарының барысымен танысып, облыстың ауылшаруашылық құрылымдарының басшыларымен әңгімелесті.
Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында мемлекет қазақстандық ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерге жан-жақты көмек көрсетіп келе жатқанын атап өтті.
- Ауыл шаруашылық жылы, сонымен бірге жиын-терін науқаны аяқталып келеді. Солтүстік Қазақстан облысына ауыл шаруашылығы үшін субсидия тұрақты түрде бөлінеді. Бүгінде аграршыларда жақсы технология, тиісті техника мен біліктілік бар. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек ете жүріп, сіздер халықтың, жалпы, мемлекеттік игілігі үшін жұмыс істеп жүрсіздер, өндірісті арттырып, адамдар үшін жұмыс орнын аштыңыздар. Осының барлығының нәтижесінде еліміздің әл-ауқаты артып келеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті мал шаруашылығын дамыту қажеттігін атап көрсетті.
- Етті тұрақты экспорттауды бастау қажет. Бүгінде кедендік шекара ашық, нарыққа қолжетімділік қамтамасыз етілген. Кеден одағындағы қазіргі кезеңде біз өзіміздің аграршылар үшін баға саясатының тиімді болуына көмектесеміз. Дегенмен, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және өндіріс көлемін ұлғайтуға ұмтылу керек, -деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда, ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілер Нұрсұлтан Назарбаевқа саланы дамытуға назар бөлгені үшін рахмет айтты. Олар жаңа технологияның арқасында, аграршылар қуаңшылық жылдың өзінде түсімі жақсы астық алуға мүмкіндіктері болғанын айтты. Облыс диқаншылары еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосатынына сенім білдірді.
«СК-Вагулинское» ЖШС-ның жұмысының негізгі бағыты - ауылшаруашылық өнімдерін өндіру. Биыл 8 мың гектардан астам алқапқа бидай егілді, көктемгі егістік және жиын-терім жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік субсидия 2,32 миллион теңгеге ұлғайтылды. Өткен жылы дәнді дақылдың орташа түсімі гектарына 33 центнерді құраса, биыл гектарына 28,5 центнерді құрайды.
Серіктестікте 73 адам жұмыс істейді.