«ExxonMobil» компаниясының президенті Д.Вудс, «Total E&P» компаниясының президенті А.Брейяк, «Royal Dutch Shell» компаниясының бас атқарушы директоры Б.ван Берден және «Eni» компаниясының барлау және өндіру жөніндегі бас директоры А.Велла қатысқан кездесуде Қазақстанның мұнай-газ саласындағы әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы барлық мәселелерді, соның ішінде экологиялық түйткілдерді шешу үшін бірлесе күш жұмсаудың маңыздылығын атап өтті.
– Қазақстан Үкіметі мен Шетелдік инвесторлар кеңесі ынтымақтастығымыздың аясын кеңейтуге қатысты барлық мәселені қарастыруға дайын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
«ExxonMobil», «Total E&P», «Royal Dutch Shell» және «Eni» компанияларының басшылары республикада қолайлы инвестициялық жағдай жасалғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, Тәуелсіздік мерейтойының құрметіне орай мұнай құйылған символдық сауыт, сондай-ақ 25 мың голланд қызғалдағы түйнегіне арналған сертификат табыс етті.
Соңында Мемлекет басшысы бірлескен жобаларды жүзеге асырушыларға табыс тілеп, өзара тиімді ынтымақтастықтың жалғаса беретініне сенім білдірді.