National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Жұмыс сапарлары

Елбасы Қостанай облысының жұртшылық өкілдерімен және кәсіпкерлерімен кездесті

2014 жылғы 02 қыркүйек

 

Кездесудің алдында Қазақстан Президенті өңірдің ауыл шаруашылығы алқаптарын аралап көрді.

Кездесу барысында Қостанай облысының әкімі Н.Сәдуақасов өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы баяндады. Сондай-ақ ҚР ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков қысқаша есеп берді.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы Қостанай облысы астық дақылдарын көп жинайтынын, оның көлемі бүкіл Қазақстан бойынша жиналатын астықтың 25 пайызын құрайтынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл облыс елдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін жетекші өңір саналатынын, соңғы 6 жылда аймақтың агроөнеркәсіп кешеніне үлкен мемлекеттік қолдау жасалғанын атап өтті. 

Бұл ретте Қазақстан Президенті өңірдің осы саласындағы жағдай барлық жағынан қанағаттанарлық емес екеніне назар аударды. Бұл мал шаруашылығын дамытуға кесірін тигізетін, астықтың бір ғана түрінің сақталуына да қатысты.  Сонымен қатар, үлкен жайылымдық алқаптар бола тұра, олар тура мақсатында жартылай ғана пайдаланылады.  

– Облыстың әлеуеті ірі қара мал санын бүгінгі 400 мың бастан 1,5 миллионға дейін жеткізуге мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев облыста ылғал сақтау технологияларын енгізу мен егістікті әртараптандырудан тиісті нәтиже байқалмайтынын да атап айтты.

– Облыста егіннің 83 пайызын астық алып жатыр, көкөніс, картоп егістігі өсірілмегін, ал мал азығы 15 мың гектарға қысқарған, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қостанай облысындағы өңдеуші өндірістердің өніммен қамтылу мәселесі алаңдаушылық тудыратынын айтты.

– Ет өңдейтін зауыт салдық, ол 50%, жұмыс істейді, мемлекеттің ақшасы тиімсіз жұмсалды, – деді Мемлекет басшысы.

Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев жобаларды тиімді жүзеге асыру үшін қаржыландырмас бұрын мұқият есеп жүргізіп, нарықты жақсылап зерттеп алу қажеттігін айтты.

Қазақстан Президенті Аркалық қаласын дамытуға көңіл бөлу қажеттігіне, жаңа теміржолдың ашылуына байланысты ол үшін жаңа мүмкіндіктер мен жұмыс орындары пайда болып жатқанына тоқталып өтті.

Мемлекет басшысы өңірде ауыл жастарын жұмыспен қамтумен айналысу қажеттігін айтты.

– Егер жастар ауылда қалып, жұмыс істегісі келсе, оларға шаруашылықпен айналысуды үйрету керек, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық сақтау саласындағы түйткілді мәселелерді – өлім деңгейінің жоғарылығын, өңірдегі өкпе ауруының көптігін, ауыз сумен және мектепке дейінгі балалар мекемелерімен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Қазақстан Президенті аталған барлық мәселе бойынша жедел шаралар қабылдау керектігіне назар аударды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы қатысушыларға бақ-береке және еңбектеріне табыс тіледі.

Өз кезегінде облыстың аграрлық кәсіпорындары өкілдері Нұрсұлтан Назарбаевқа ауыл шаруашылығы мәселелеріне ұдайы көңіл бөліп отыратыны үшін алғыстарын айтып, саланы дамытуға қатысты шаралар уақтылы қабылданатынын атап өтті.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің