National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Жұмыс сапарлары

Елбасы Ресей Президенті Владимир Путинмен бірге Қазақстан мен Ресейдің ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумының жалпы отырысына қатысты

2014 жылғы 30 қыркүйек

 

Қазақстан мен Ресейдің биылғы XI өңіраралық ынтымақтастық форумы көмірсутек саласында, соның ішінде мұнай және газ өндірісінде инновациялық технологиялар қолдану мәселесіне арналды.

Форум отырысында сөйлеген Мемлекет басшысы мұнай қоры бойынша әлемде 12-орынды иеленетін, газ қоры жөнінен алғашқы жиырмалықтағы елдердің қатарына кіретін мұнай-газ өнеркәсібінің Қазақстан экономикасы үшін маңыздылығын атап көрсетті. Соған орай, Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз үшін көмірсутек секторының дамуын айқындайтын заманауи үрдістердің өзектілігін атап өтті.

  - Былтырдан бері мұнайды тұтыну теңгерімі дамушы экономикалар жағына қарай ауды. Дамушы елдердегі мұнай тұтынысы тарихта бірінші рет ЭЫДҰ елдерінің тұтынысынан асып түсті. Мұнай-газ саласындағы соңғы жылдардың негізгі тренді сланецті кеніштерді игеру болды. Көлбеу бұрғылау мен жер қыртысын сумен жарудың заманауи технологиялары газды да, мұнайды да өндіруге мүмкіндік береді, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресейдің көмірсутек саласындағы ынтымақтастық әлеуеті зор екенін айтты.

- Бұл – терең және шектен тыс терең бұрғылаудың озық технологияларын өндіру мен сынау, ол біз үшін Каспий маңы ойпатында өзекті. Қазақстанның компаниялары ресейліктермен бірге өз өндірісінің жоғары технологиялық жабдықтарын ұсына алар еді, - деді Қазақстан Президенті.

 Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, екі елге мұнай мен газдың жаңа перспективалы кеніштерін анықтау үшін геологиялық барлау саласындағы бірлескен жұмысты жандандыруға болады. Атап айтқанда, бұл ресейлік тараптың халықаралық «Еуразия» жобасын жүзеге асыруға атсалысуына қатысты.  

- Бұл жобаның негізгі міндеті – тереңдіктегі геологиялық түзілістерді және Каспий өңіріндегі жер қыртысының геохимиясын зерттеу, уақыттық-кеңістіктегі модельді жасау, сондай-ақ ресурстарды бағалау. Қазақстан мен Ресей аумағындағы мұнай-газды Каспий маңы ойпатының ғаламат перспективалары халықаралық ірі компаниялардың зор қызығушылығын тудырады, - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

 Қазақстан Президенті мұнай саласының инфрақұрылымын дамыту үшін көлік, логистика және құрылысты ғана емес, инжиниринг, жобалау, ақпараттық технологиялар секілді жоғарытехнологиялық қызметтерді қоса қамтитын қызмет ауқымын кеңейтудегі екі елдің өзара іс-қимылының әлеуеті жоғары екенін айтты.

Мемлекет басшысы энергетикалық секторды дамыту үшін ғылыми зерттеулердің рөлі айрықша екеніне тоқталды.

 - Біздің ғылыми институттарымызға бірлескен зерттеулер арқылы ауыр мұнай өндірісін интенсификациялау, терең судағы өндіру, сланецті мұнай, мұнай синтезін алу, балама энергетика және басқа да перспективалы бағыттармен айналысуға болады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысының атап өткеніндей, Қазақстан мен Ресейдің мұндай бірлескен жұмыстарының нәтижелері Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесінде ұсынылуы мүмкін.

 Өз кезегінде Ресей Президенті өңіраралық ынтымақтастық форумы Қазақстан мен Ресейдің арасындағы серіктестік қарым-қатынастарды дамытудың маңызды құралына айналғанын айтты. 

- Өткен 11 жыл ішінде елдеріміздің экономикалық байланыстары жаңа сапалы деңгейге шықты. Екіжақты тауар айналымы 6 еседен астам өсті. Қазақстан экономикасына келген ресейлік тікелей инвестициялар көлемі 10 есе ұлғайды. Мұндай жоғары қарқын көбіне-көп экономикаларымыздың инвестициялық ықпалдастығы арқылы қамтамасыз етілуде, - деді Владимир Путин.

Ресей Президенті екі елдің шекаралық ынтымақтастығының деңгейін де жоғары бағалады.

- Ресейлік субьектілердің көпшілігі Қазақстанның барлық 14 облысымен тікелей серіктестік қатынас орнатқан. 11 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын құрылды. Өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы 300-ге жуық өңір аралық келісімге қол қойылды. Ресей мен Қазақстан әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекараға ие. Осы шекараның бойында орналасқан өңірлерге екіжақты тауар айналымның 40 пайыздан астамы тиесілі, - деп атап өтті Владимир Путин.

 Жалпы отырыс барысында сондай-ақ Ресей тарапынан – энергетика министрі А.Новак, Орынбор облысының губернаторы Ю.Берг, Башқұртстан Республикасының президенті Р.Хамитов, Қазақстан тарапынан – энергетика министрі В.Школьник, Атырау облысының әкімі Б.Ізмұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі  А.Мұхамбетов баяндама жасады.

 Қазақстан мен Ресейдің келесі ХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы 2015 жылы Уфа қаласында (Ресей Федерациясы) өтеді.


***

 Форум қорытындысы бойынша екі мемлекет басшыларының қатысуымен мынадай құжаттарға қол қойылды:
 
1. ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасында Көктемгі-Аралшы кенішіндегі мысты-колчеданды кенді игеру кезінде шекаралық аумақтағы шаруашылық қызметті жүзеге асырудың ерекшеліктері туралы келісім.

2. ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасында «Байқоңыр» кешені аумағында радиожиілік спектрін пайдалану жөніндегі келісім.

3. Атырау облысының әкімдігі мен Башқұртстан Республикасы Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісім.

4. Атырау облысының әкімдігі мен Татарстан Республикасы Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісім.

5. «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» (ҚР)  Компаниялар тобы мен «АВТОВАЗ» ААҚ (РФ) арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты дамыту туралы келісім.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару

Заңдар

2024 жылғы 22 қараша

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды


Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

2024 жылғы 28 қараша

Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің бірлескен мәлімдемесі

Жарлық

2024 жылғы 15 қараша

Мемлекет басшысының жарлықтарымен:


Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің