Кеңесті ашқан Мемлекет басшысы Алматы қаласы бүгінде Қазақстанның қаржы, мәдени және ғылыми орталығы болып саналатынын атап өтті.
– Ширек ғасыр ішінде қала экономикасы 100 есе, шағын және орта бизнес өнімінің көлемі 130 есе өсті. Қала аумағы мен оның тұрғын үй қоры 2 есе ұлғайды. Біз елдер арасындағы бәсекелестіктің қалалар арасындағы бәсекелестікке ұласып бара жатқанына куә болып отырмыз. Бүгінде 600 қала әлемдік ішкі жалпы өнімнің үштен екісін өндіреді, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Алматының инфрақұрылымы жақсарып келе жатқанын атап өтті. Соңғы екі жыл ішінде қалада 100 мың ағаш отырғызылып, 42 шақырымдай арық жүйесі қалыпқа келтірілді, 60 шақырымнан астам велосипед жолы салынды.
Қазақстан Президенті қалаға келетін туристер санының артқанына назар аударды.
– Бүгінде шетелдік туристің әрбір екіншісі Алматыны келіп көреді. Қалада көптеген қонақүйлер, театрлар, музейлер мен спорт нысандары бар. Биыл туристер санының артқаны байқалуда. Бұған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өтуі де септігін тигізді. Көрмені табысты өткізуіміз Астана мен Алматының ғана емес, бүкіл Қазақстанның абыройын асқақтатты, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Алматы біз үшін мәңгілік Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі болып қалатынын айтты.
– Мұнда ел тағдыры үшін маңызды шешімдер қабылданды. Ата Заңымыздың, мемлекеттік рәміздеріміздің, ұлттық валютамыздың тұсауы осы шаһарда кесілді. Елорданы Арқаға көшіру Алматының дамуына тың серпін берді. Мықты саяси орталықтың және ірі мегаполистің болуы – көптеген дамыған мемлекеттерге тән, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы кез келген қаланың экономикасын тұрақты дамыту оның өркендеуіне негіз болатынын атап өтті. Ел дамуының жаңа кезеңі басталған кезде бұл ерекше маңызға ие болады.
– Біз еліміздің Үшінші жаңғыруы басталғаны туралы жарияладық, билік өкілеттіктерін қайта бөлу жөніндегі конституциялық реформаны жүзеге асырдық, қоғамдық сананы жаңғырту үдерісін бастадық, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы әзірленуде. Осы бастамалардың тиімді іске асуы көп жағдайда өңірлерге байланысты болмақ. Алматы бұл ретте басты рөл атқарады. Қала еліміздің ірі экономикалық орталығы әрі республикалық бюджеттің доноры ретінде қалыптасты, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев Алматының теңгерімді дамуының және оның экономикалық әлеуетіне әсер ететін бірқатар мәселелерді жүйелі түрде шешудің маңыздылығын атап өтті.
– Мен осы жылдың басында өңірлердің барлығына жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық бизнесті белсенді дамытуды тапсырдым. Қазір Алматының шағын және орта бизнесі негізінен банк несиесі есебінен қаржыландырылуда. Бұл орайда биыл шағын бизнеске берілген банк несиесінің 43 пайызға азайғаны байқалып отыр. Әкімдік пен «Даму» қоры тарапынан бизнеске көрсетілген қолдау көлемі небәрі екі пайызды құрады, – деді Елбасы.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев көлеңкелі бизнесті заңды жұмыс істеуге көшіруді тапсырды.
– Қалада төрт триллион теңгені құрайтын мүлік пен қаражат заңдастырылған. Ол қосымша салық түсімдерін шамамен 100 миллиард теңгеге көбейтуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы өсімнің көрінбейтін резервтерін анықтау жөніндегі жұмысты жалғастыру қажеттігіне және мемлекет-жекеменшік серіктестік саласындағы әлеуеттің толық пайдаланылмай отырғанына ерекше тоқталды. Инновациялық өнім көлемінің екі есе қысқарғанына да назар аударылды.
– Алматыда еліміздің барлық негізгі жоғары оқу орындары, соның ішінде Сәтбаев атындағы ірі техникалық оқу орны орналасқан. Алайда, әлі күнге дейін елеулі инновациялық әзірлемелер жасалған жоқ. Әкімдік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы мәселеге қатысты тиісті шаралар қабылдауға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы инновациялар өсімін қамтамасыз ету үшін «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының әлеуетін мейлінше пайдалану қажет екенін атап өтті.
– Оның құрылысына бюджет есебінен 20 миллиард теңге жұмсалып, 12 жыл ішінде арнайы экономикалық аймақтың жұмысына 22 миллиард теңге жеке инвестиция тартылды. Әкімдік оның жұмысына ықпал ете алмай отыр. Арнайы экономикалық аймақ қызметіне тиімді бақылау жасауды қамтамасыз етіп, бұл ретте тәртіп орнататын кез келді, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті Алматыда құрылған индустриялық аймақ туралы да айтты.
– Бүгінде онда 191 миллиард теңгені құрайтын 40 жоба тіркелген. Әзірге тек 1 жоба іске қосылған, 13 жобаның құрылысы жүріп жатыр, ал қалғандарына әзірлік жұмыстары жүргізілуде. Әкімге индустриялық аймақты жаңа жобалармен толықтыруды тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы тиімді инфрақұрылым қаланы табысты дамытудың маңызды мәселелерінің бірі екенін айтты.
– Соңғы бес жылда оның дамуына бюджеттен 430 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. 30 жолайрық желісі салынып, 330 шақырым инженерлік желі іске қосылды, метро дамып келе жатыр. Алматының тарихи орталығының үштен бірі жаңғыртылды. Бұл қала тұрғындарын қуантып, экономиканы дамытады әрі туристерді тартады. Сонымен бірге, мұнда шешімін таппаған мәселелер әлі де көп. Ең алдымен, бұл қаланың көлік жүктемесіне қатысты. Күн сайын 700 мың автокөлік қатынайды. Бұл мәселені смарт-технологиялар базасында көлік жүйесінің «ақылды» элементтерін енгізу арқылы шешу қажет. Ол қала тұрғындарының тұрмысын мейлінше жайлы ету үшін көліктің тиімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев қала тұрғындарының саны өсіп, оның аумағы ұдайы кеңейіп бара жатқанын ескеріп, қаланың бас жоспарын әзірлеуге жауапты институтты қалпына келтіру мәселесін көтерді.
– Соңғы 10 жылда қала 2 еседен артық өсті, жаңа екі аудан – Алатау және Наурызбай аудандары құрылды. Алайда, қаланың бас жоспары 2004 жылдан бері өзгертілген жоқ. Бас жоспарды әзірлеуге жауапты институт 2008 жылы жабылды. Егер қажет болса, осындай институтты қайтадан ашу керек, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы әкімдіктің пайдаланылмаған жер учаскелерін анықтап, қайтарып алу және оны тиімді пайдалану жөніндегі жұмыстарды жалғастыруы қажет екендігіне назар аударды.
– Бүгінде қаладағы жердің 500 гектары әлі игерілмеген. Жер – кез келген ірі қаланы дамытудың басты активі. Сәулет және құрылыс органдарының жұмысын түбегейлі қайта қарастыру қажет. Қала құрылысы саясаты қазіргі заманғы трендтерге сай болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы қаланың сәулетін жақсартуға және оның орталық бөлігін жаңғыртуға, ескі және апатты үйлерді азайтуға, көшелерді абаттандыруға арналған бағдарлама әзірлеу қажеттігін атап өтті. Қаланың көптеген айтулы нысандары орталық мемлекеттік органдардың қарауында екені және оларға тиісті күтім жасалмай отырғаны жөнінде айтылды.
– Баум тоғайы, Ботаникалық бақ қараусыз қалған. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы күрделі жөндеуді қажет етеді. Министрліктер бұл нысандарға мардымсыз қаражат бөліп отыр, ал әкімдік бюджет заңнамасындағы тәртіпке сәйкес оларға көмектесе алмайды. Егер орталық мемлекеттік органдар аталған нысандармен айналысқысы келмесе, оларды жергілікті атқарушы органдардың қарауына беру керек, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев экология мәселесіне ерекше назар аударды.
– Соңғы жылдары ауаны ластау индексі 20 пайызға төмендеді. Осы жұмысты жалғастыра беру керек. Әкімге «Самұрық-Қазынамен» бірге 2020 жылға дейін ТЭЦ-2-ні газбен жұмыс істеуге көшіру үшін тиісті шаралар қабылдауды және жеке секторды газбен қамтамасыз ету ісін аяқтауды тапсырамын. Қалада жас көшеттер отырғызу жөніндегі жүйелі жұмысты және бақылауды жолға қою қажет. Былтырдың өзінде бес мың ағаш кесілген. Бұл мәселе бойынша бақылауды күшейтіп, кесілген ағаштардың орнына жаңасын отырғызу жөніндегі норманы арттыру қажет. Жас көшеттерге күтім жасауды қамтамасыз ету керек, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қала әкімдігіне қоқысты кешенді түрде қайта өңдеу және оны толық жоюды қамтамасыз ету мәселесін жүйелі түрде шешу қажеттігін айтты.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушылардың Алматы мен бүкіл Қазақстанның игілігі жолындағы жұмыстарына табыс тіледі.