Елбасы кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы жұмысымен танысты, сондай-ақ мекеме ұжымымен әңгімелесті. Орталықтың жаңа ғимараты осы мекеменің өз қаражатына бес жыл ішінде тұрғызылды. Ғылыми-клиникалық орталықтың 7 бөлімшесі, ота жасайтын бөлмелері, заманауи құрылғылармен жабдықталған жан сақтау бөлімі, жайлы палаталары бар. Мұнда жүрекке жасалатын отаның барлық түрін қамтитын кең ауқымды қызмет көрсетіледі. Бұл мекеме сондай-ақ елдегі көптеген медициналық оқу орындары үшін кардиохирургия, кардиоанестезиология және жан сақтау салалары бойынша мамандар даярлауға арналған клиникалық база қызметін атқарады. Жамбыл облысының тұрғындары үшін 2013 жылдан бері тегін медициналық көмек көрсетіледі. Өзге өңірлердің тұрғындары тегін көмекті госпиталдау бюросының порталы арқылы алуына болады. Бүгінде консультативтік-емдік көмек алу үшін азаматтар елдің басқа өңірлерінен, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстаннан келіп, осы орталық қызметіне жүгінуде.