Облыс әкімі Қ.Көшербаев Мемлекет басшысын облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының және 2020 жылға дейінгі стратегиясының негізгі нәтижелері туралы хабардар етті.
Қазақстан Президенті Қызылорда облысының отандық экономиканы дамытуға мол үлес қосып келе жатқанына тоқталды және жұртшылық өкілдерімен кездесіп, қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерлерде қалай жүзеге асырылып жатқанын тексеру үшін оңтүстік өңірлерге сапарын жалғастыруда екенін атап өтті.
– Өздеріңіз білесіздер, біз алдымызға Қазақстанның 2050 жылға дейінгі дамуында әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуы жөніндегі стратегиялық міндет қойдық. Бұл мақсатқа қол жеткізу халықтың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің жоғары деңгейін ғана емес, сондай-ақ адам әлеуетінің дамуын, тұрмыс деңгейінің артуын көздейді. Бүгінде бұл міндетті шешу үшін жағдай жасалған. Индустриялық-инновациялық, жұмыспен қамту, инфрақұрылымды дамыту, білім беру, денсаулық сақтау және қазақстандықтар тұрмысының өзге де салаларын қамтитын барлық қажетті мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Енді бөлінген қаражатты ұтымды пайдаланып, оларды тиімді іске асыруды қамтамасыз ету маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті өңірде ауыл шаруашылығын дамытуға және оның өнімділігін арттыруға ерекше назар аударды.
– Өнімнің өзіндік құнын азайту қажет. Мемлекеттік субсидия болмаған жағдайда сіздер өздеріңіздің қымбат өнімдеріңізді қалай сата аласыздар? Мысалы, өңірде суармалы суғарудың, техниканың көмегімен күріш өсіру көп ресурсты қажет етеді. Сәйкесінше, өнімнің өзіндік құны едәуір артады. Сондықтан тауардың бәсекеге қабілеттілігін сақтап қалу үшін аталған шығынды мейлінше азайтуға бағытталған жаңа технологияны қолданған жөн. Мемлекеттік қолдауға арқа сүйемей, саладағы өнімділікті арттыруда дербес жұмыс жүргізу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің экономикасындағы кәсіпкерлікте шағын және орта бизнестің үлесін арттыру басымдық екеніне тоқталды.
– Оның үлесін қазіргі 30 пайыздан 50 пайызға дейін жеткізу үшін шағын және орта бизнесті дамыту қажет. Бізге өзінің нарықтық бағдарын тез алмастыра алатын икемді өндірісі бар бизнес-бірліктер керек. Еуропа елдерінің тәжірибесі мұндай шағын және орта кәсіпорындар дағдарыс жағдайына оңай төтеп бере алатынын айқын көрсетіп отыр. Бүкіл Қызылорда облысын теміржолдар басып өтеді, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі салынатын болады. Бұл инфрақұрылымдар бойында кемпингтерді, жөндеу қызметтерін, өзге де қызмет түрлерін қамтитын мыңдаған бизнес-нысандар құруға болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Білім және ғылым мәселелерін қарастыра келе, Мемлекет басшысы бұл саланы кешенді дамытудың маңызды екенін, сондай-ақ оның тиімділігін арттыру үшін экономика саласымен тығыз өзара іс-қимыл қажеттігін атап өтті.
– Қазір ғылым мен білім арасында алшақтық бар. Назарбаев Университеті тәрізді оқу орындары осы алшақтықты жолға бағытталған. Профессор-оқытушылар құрамының кәсіби деңгейін де арттыру қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы өңірдегі экологиялық мәселелерге, атап айтқанда, Арал теңізі проблемасының жоспарлы түрде шешіліп жатқанына да тоқталды.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның мейлінше дамыған өңірлерінің қатарына қосылу үшін нәтижелірек жұмыс жүргізуге шақыра отырып, қызылордалықтарға мол игілік және бақ-береке тіледі.
Кездесу барысында сөз сөйлеген жұртшылық өкілдері облысқа көңіл бөлінгені және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тиімді мемлекеттік саясат үшін ризашылықтарын білдірді.
Бизнес орталығында Мемлекет басшысына сағатына 250 жолаушы қабылдауға арналған «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалы құрылысының жобасы да таныстырылды. Аумағы 9200 шаршы метр болатын жаңа терминал халықаралық стандарттарға сай болмақ. Құрылыс жұмыстарын 2014 жылғы күздің соңына дейін аяқтау жоспарланған.