Емхананы аралау барысында Қазақстан Президентіне «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын өңірде іске асыру барысы туралы баяндады, сондай-ақ заманауи емдеу жабдықтары көрсетіліп, емхананың жұмысы туралы айтты.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары мемлекеттің денсаулық саласын дамытуға зор мән беріп отырғанын атап өтті.
- Бұл емхана «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынды. Тағы 6 медициналық мекеменің және 4 жалпы білім беретін мектептің пайдалануға берілуі бағдарламаның табысты жүзеге асқанын білдіреді. Сондай-ақ, қазіргі уақытта елімізде перинаталдық орталықтар салынды, шала туған балаларға көмектесу үшін жаңа жабдықтармен жабдықталды. Қазақстанда жыл сайын 400 мың бала дүниеге келеді. Мемлекет оларға, сондай-ақ олардың отбасыларына барлық қажетті жағдай жасауда. Сонымен қатар, зейнетақы реформасын жүргізе отырып, әйелдерге бала күтімі кезіндегі уақыты үшін зейнетақы қорына аударылымын жоғалтпауға мүмкіндік беретін механизмді қарастырдық. Бұл үшін мемлекет қосымша 10 пайыз жарна төлейтін болады, бұл қосымша әлеуметтік қолдау болып табылады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті елімізде кардиохиругияны дамытуға көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Жалпы ашылып жатқан ірі медицина орталықтары қазақстандықтарға қымбат ем алу үшін шетелге шықпай, елімізде сапалы көмек алуға жағдай жасайды.
Кездесуде өңірдегі медицина қоғамдастығы өкілдері жүргізіліп отырған әлеуметтік саясатқа, оның ішінде зейнетақы жүйесін жаңғыртуға қолдау білдірді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысына қазірдің өзінде 900 операция жасап үлгерген жаңа кардиохиругиялық орталықтың қызметі туралы айтылды.
2010 жылы пайдалануға берілген Павлодар қаласындағы № 4 емхана 71 мың адамға қызмет көрсетеді, оның 16 мыңнан астамы 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл медицина мекемесінде 391 адам жұмыс істейді.