Қазақстан Президенті Теміртау қаласы әкімдігінің ғимаратында болып, әр жылдары өзімен бірге еңбек еткен серіктестерімен кездесті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мұражайында болып, экспозиция залдары мен мұражайдың қорын аралап көрді. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мұражайы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығында ашылды. Онда Тұңғыш Президенттің өмірі туралы бірегей материалдар жинақталған. Мұражай залдары тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның жетістіктеріне арналған. Онда Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде қалыптасу кезеңдерін бейнелейтін құжаттар мен фотосуреттер қойылған. Мұражайды аралап болғаннан кейін Мемлекет басшысы өңірдің жұртшылық өкілдерімен кездесті.