Президенттің жұмыс сапарының екінші күні «Оралагрореммаш» АҚ аралаудан басталды.
Президент Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында 2011 жылы жаңғыртылған арнайы техника жинақтау цехында болды. Өндірісті әртараптандыру мақсатында технологиялық жабдықтау паркі жаңартылып, көпфункционалды коммуналдық автоарнайытехника өндірісі қолға алынды. Зауыт МАЗ шассиі негізінде жылына қуаттылығы 300 бірлік техника шығара алады. Техника құны 8-ден 11 млн. теңгеге дейін, бұл Ресей Федерациясы шығаратын сондай өнімнен арзан.
Қазақстанда алғаш рет қолға алынған коммуналдық техника көшені қардан арылтып, жол жиегі мен жаяу жүргіншілер жолын тазалап, суарып қана қоймай, арнайы баспамен өрт сөндіре де алады. Бұл техника ірі қалалар ғана емес, өрт сөндіру бөлімі жоқ шалғай елді мекендер үшін де қолайлы. Кәсіпорынға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қолдау көрсетілген.
«Оралагрореммаш» зауытының директоры Ғимран Бисенов Мемлекет басшысына зауытта жасалып жатқан өнімдер жөнінде баяндап берді. Зауыт өрт сөндіретін және жол тазалайтын, жанармай, су таситын машиналарды, тіркеме-цистернаны жасап шығарады. Сондай-ақ бұл жолы насос стансасының жаңа тәжірибелік үлгісі таныстырылды.
Мемлекет басшысы қазақстандық үлесті дамыту мақсатында бейінді министрліктер, ұлттық компаниялар мен облыстық әкімдіктер өрт сөндіретін және әмбебап коммуналдық техниканы сатып алуды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев жаңа бірегей лазерлік-плазмалық жабдықтар мен тамшылатып суару жүйесінің жұмысымен таныс болды.
Одан кейін Президент ыстық мырыш металл конструкциялық цехта болды. Мемлекет басшысына қатты-тұрмыстық қалдақтар жинайтын контейнерлер, тұтас жүк тиегіштер мен қатты-тұрмыстық қалдықтарды пайдаға асыратын және қайта өңдейтін өзге техникалар таныстырылды. Бұл жобаның қуаттылығы жылына 8500 тонна металл конструкцияны құрайды. Жобаның іске қосылуымен бірге 55 жаңа жұмыс орны ашылды. Жобаның жалпы құны 240 миллион теңгені құрайды. Жоба 2011 жылы Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған.
Мемлекет басшысы сондай-ақ осында зауытта облыстың кәсіпкерлерімен кездесті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы жаңа Назарбаев мектебінде болды.
Жаңа мектептің өзіндік ерекшелігі – толық күн бойынша білім беретіндігі. Білім беру мекемесіндегі 54 сыныпта 600 оқушы білім ала алады.
Мектеп соңғы үлгідегі жабдықтармен, смарт-сыныптармен, интерактивтік тақтамен, физика, химия, биология пәндеріне арналған, нано және биотехнологиялық ауқымды зертханалармен, сондай-ақ роботтехникалық, техникалық моделдік, технология мен өнер, мемлекет негізі мен құқық және өзге де пәндерге лайықталған кабинеттермен қамтамасыз етілген.
Сонымен бірге, мектепте «TV NIS» жастар телестудиясы, кинозал және шағын типография жұмыс істейтін болады.
Орал қаласындағы Зияткерлік мектептің басты ерекшелігі, онда 120 орындық интернат алғаш рет жұмыс істейтін болады. Алыс аудандардан келген балалар үлкен және аса жайлы интернатта тұруға мүмкіндік алады.
Жаңа мектепте жаттығу залымен бірге спорт-сауықтыру блогы, 15 мың кітап қоры бар кітапхана, асхана, медициналық пункт, мәжіліс залы және басқа да мүмкіндіктер қарастырылған.
Мектеп өзінде көптілді инновациялық білім беру үлгілерін, дәстүрлі классикалық жаратылыстану-математикалық білім беру мен әлемдік педагогика тәжірибесінің заманауи жетістіктерін тоғыстыратын болады.
Мемлекет басшысы Қазақстанда алғаш рет пайда болған интерактивтік тақтаның мүмкіндіктерімен таныс болды.
Мектеп 7, 8, 9 сынып оқушылары үшін өз есігін биылғы қыркүйекте ашатын болады. Ол Президенттің тапсырмасы бойынша салынған Зияткерлік мектептің саны бойынша жетіншісі болмақ. Қазіргі уақытта тағы да 15 мектеп жобаланып, құрылысы жүрып жатыр.
Батыс Қаазақстан облысына сапарының соңында Мемлекет басшысы журналистер алдында брифинг өткізді.
«Біріншіден, «Ауыз су» бағдарламасы жүзеге асырылуда, екіншіден – жастар үшін жаңа жұмыс орындары ашылуда. Ал ауылда өз бизнесін ашқысы келетіндер болса – барлық қажетті жағдай жасалған. Егер қалаға келіп, кәсіп бойынша тегін оқығысы келсе, оларға стипендия төленеді. Қазақстан бойынша кеңінен қолға алынған үшінші бағдарлама – ол тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Бұл жерде екі жол бар. Біріншісі – ол тұрғынүйжинақтау жүйесі. Екнішісі – ол мемлекет тұрғын үй тұрғызып, оны жалға береді. Мысалы, бір бөлмелі пәтердің жалға берілетін құны 50 шаршы метрге 40-50 мың теңгені құрайды. Бұл ретте пәтер үшін төленетін бұл қаражат ескеріледі, кейіннен белгілі бір уақыттан соң ол жекеменшік болады. Ешжерде де мұндай бағдарлама жоқ, ол тек бізде ғана жүзеге асуда. Тағы бір маңызды жоба – «Бизнестің жол картасы-2020». Сыртқы коммуникацияға мемлекет есебінен жөндеу жұмыстары жүргізіледі, ал ішкі коммуникацияға жөндеу жұмыстарын жүргізу шығынын мемлекет және үй иелері бірдей бөліседі. Бұл мақсат үшін үй иелері несие алуларына болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Түстен кейін Мемлекет басшысы Орал қаласының орталық алаңында облыс жұртшылығы өкілдерімен кездесті. Ұлы Отан соғысының ардагері Мұхтар Әжіғұлов Мемлекет басшысына алға қойған мақсаттарын іске асыруда табыс тіледі. Өз кезегінде Президент мемлекет ардагерлер мен зейнеткерлерге одан әрі қамқорлық көрсететініне сенім білдіріп, оларға зор денсаулық және ұзақ өмір тіледі.