National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Жұмыс сапарлары

Президент Ақмола облысындағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен және агрокәсіпорындардың басшыларымен кездесті

2014 жылғы 03 қыркүйек

 

Кездесудің алдында Мемлекет басшысы «Аскөп» ЖШС-нің егіс алқаптарындағы астықтың жағдайымен танысты және қолданыстағы ауыл шаруашылығы техникаларының үлгілерін көрді.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен және агрокәсіпорындардың басшыларымен әңгіме барысында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау жылдан жылға ұлғайып келе жатқанын айтты.

– Саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды, ол ауыл шаруашылығы құрылымдарын қаржылық сауықтыруды, субсидиялау жүйесін одан әрі жетілдіруді қарастырған. Осының бәрі сіздердің жұмыстарыңызға қолайлы жағдай жасауға бағытталған, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті пайдаланылмаған жерлерді қайтару, сондай-ақ кәсіпорындарды іске қосу және жұмысын қалыпқа түсіру өңір үшін өзекті мәселе екендігіне тоқталды. Атап айтқанда, 69 өңдеуші өндірістің 60-ы жобалық қуатына жетпеген.

Нұрсұлтан Назарбаев астық шығымын арттыру мәселесіне назар аударуды тапсырды.

– Ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыру маңызды. Қазақстан бойынша орташа астық түсімі гектарына 15 центнерден келеді, ал бұл ретте 20 центнер жақсы деп бағаланса, озық шаруашылықтар 22-25 центнерден алады. Біз орасан қаражат жұмсап жатырмыз және ол нәтиже беруі тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы азық-түлікке сұраныстың өсе беретінін еске салды.

– Жыл сайын 7,5 миллион тонна астық импорттайтын Иран бағытында теміржол ашылады. Осылайша, біз үшін перспективалы нарық құрылады. Сонымен қатар, біздің өнімдерімізге Қытай және басқа да көршілеріміз қызығушылық танытуда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті тағы бір маңызды мәселеге – саланы әртараптандыру ісіне де назар аударды.

 – Біз тек бидай өндірумен ғана шектеліп қалдық. Мал азығы дақылдарын егетін алқаптарды кеңейту қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар әлеуметтік мәселелерді де қозғады. Өңірдегі «Ақ бұлақ» бағдарламасының жүзеге асырылуына жеке тоқталды. Бүгінде облыстағы елді мекендердің 78 пайызы ғана сумен қамтамасыз етілген. Жыл сайын өңір «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 2-2,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді.

- Денсаулық сақтау саласы дамып келеді,  біз жаңа ауруханалар мен  амбулаторияларды пайдалануға беріп жатырмыз. Білім беру саласына да қомақты қаражат жұмсалуда, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Ресейге қарсы санкцияларға байланысты біздің экономикамызда белгілі бір қатерлер пайда болатынын айтты.

–Үкімет қажетті шаралар қабылдап, жағдайдың өрістеуінің түрлі нұсқаларын қарастыруда. Елде барлық бағыттар бойынша орнықты дамуды қамтамасыз етуге септігін тигізетін мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып жатыр. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін біз барлығын істейтін боламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Ақмола облысының әкімі С.Кулагин Елбасыға өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуы мен жиын-терін науқанына дайындық туралы баяндады.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер Қазақстан Президентіне ауыл шаруашылығы саласының дамуына ұдайы көңіл бөліп отыратыны үшін алғыстарын айтты.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің