Елбасына жобаны жүзеге асыру барысы туралы кеңінен баяндалды. Жобаға сәйкес, қуаты жылына 1,5 миллион тонна болатын астық терминалын, сондай-ақ негізгі жүктер мен контейнерлерге арналған, қуаты жылына 1,5 миллион тонна болатын екі терминал салу есебінен порттың жүк ауыстырып тиеу мүмкіндігін жылына 19,5 миллион тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде порттың жалпы алаңы 22 гектарға ұлғаяды. Құрылыстың бірінші кезеңін 2014 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланған. Мемлекет басшысына сондай-ақ Каспий теңізіндегі порттың, транскаспийлік бағыттың және Маңғыстау облысының көлік торабының инфрақұрылымын дамыту турасында баяндалды. Сонымен қатар, еңбек ұжымының өкілдерімен әңгімелескен Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның теңіз қақпасы ретіндегі маңызы өсе беретін портқа мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп отырғанын айтты. - Астраханьда өткен саммитте Каспий маңы мемлекеттерінің басшылары тарапынан Каспийдің экологиясын сақтау және осы су қоймасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін қамтитын көптеген жайттар шешілді. Осының бәрі ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған және ол бүкіл Каспий маңы өңірінің әрі қарайғы дамуына серпін береді,- деді Мемлекет басшысы.