Мемлекет басшысы қырғыз тарапының өтініші бойынша Сооронбай Жээнбековпен кездесу өткізді. Әңгіме барысында Қазақстан Президенті Қырғызстан Президентін сайлаудағы жеңісімен құттықтады.
– Екі ел арасындағы туысқандық әрі бауырластық қарым-қатынасты орнына келтіру қажет. Бұл жерде екі халықтың мүддесі тұр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті жуық арада екі ел үкіметтерінің жұмыс топтары Жол картасы бойынша жұмыс жүргізіп, оған қол қоятынын айтты. Содан соң, қырғыз тарапының өтініші бойынша Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы қазіргі мәселелер шешілетін болады.
– Шекараға Қазақстан және Қырғызстан тараптары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ өкілдері бірлесе бақылау орнататын болады. Мұндай тәртіпті Қырғызстан-Қытай шекарасында да белгілеген жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан Президентін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Сооранбай Жээнбеков Нұрсұлтан Назарбаевқа құттықтағаны және Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырғаны үшін алғыс айтты.
– Біз елдеріміздің өзара іс-қимыл мәселелерін талқылап, бірқатар ұстаным бойынша ортақ пікірге келдік. Қазіргі проблемаларға қарамастан, мен жеке жауапкершілігіме ала отырып, шекарамыздағы ахуалды реттеуді сұрадым, – деді Қырғызстан Президенті.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы елдеріміздің қарым-қатынасы тату көршілік сипатта екенін атап өтіп, туындаған барлық мәселені сындарлы жолмен шешуге ниетті екенін білдірді.