Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеконференция форматында «СОVID-19 пандемиясымен күресудегі ниеттестік және ынтымақтастық» тақырыбында өткен Түркі тілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің (ТТМЫК) төтенше саммитіне қатысты.
Жиынның күн тәртібінде ұлттық деңгейде қабылданатын шаралар бойынша тәжірибе алмасу, сауда және транзит-көліктік байланыстардың үзіліп қалмауын қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты күшейту және ТТМЫК-ға қатысушы елдердің азаматтарына өзара көмек көрсету мәселелері талқыланды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан бөлек шараға ТТМЫК-ға мүше мемлекеттердің басшылары – Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, шақырылған қонақ ретінде Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, сондай-ақ Түркі кеңесіне бақылаушы мәртебесіне ие Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбан және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус қатысты.
Мемлекет басшысы шараға қатысушыларға арнаған сөзінде осы төтенше саммитке бастамашы болғаны үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, Президент ТТМЫК көшбасшыларымен бірге байланысқа шыққан ДСҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуске алғыс айтып, жаһанға қатер төнген сын сағатта ол басқарып отырған Ұйымға әлем жұртшылығы құлақ асып, ерекше үміт артатынын айтты.
Қазақстан Президентінің айтуынша, бүгінгі таңда Түркі кеңесі толыққанды көпжақты алаңға айналып, ұйымның халықаралық беделі мен ықпалы артып, бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастық нығайып келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі кеңесінің төтенше саммиті дүниежүзіне коронавирус індеті тараған күрделі кезеңде өтіп жатқанына назар аударды.
– Қазақта «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген мақал бар. Дәл осындай қиын-қыстау сәтте барлық мемлекеттер күш-жігерін жұмылдыруы тиіс. Біз де сол көштен қалмауымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, коронавирус пандемиясын ауыздықтау және оны еңсеру үшін жедел ақпарат алмасу, коронавирусқа қарсы іс-шаралар жүргізу, диагностика жасау және инновациялық емдеу тәсілдерін ойластыру, ғылыми ынтымақтастықты күшейту аса қажет.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы COVID-19 пандемиясы жағдайында еліміз үшін бауырлас мемлекеттердің азаматтарына барынша қолғабыс жасаудың маңыздылығын айта келе, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қырғызстан мен Тәжікстанға (әр елге 5 мың тоннадан ұн беріледі) қолдау көрсетілетіні туралы айтты.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті саммит қатысушыларын елімізде коронавирус індетіне қарсы қабылданып жатқан шаралар, халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау және экономиканы ынталандыру туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңдағы жаһандық дағдарысқа тойтарыс беру үшін ТТМЫК елдерінің басшыларын ортақ күш жұмылдыруға шақырып, бірқатар бастамаларға тоқталды.
Біріншіден, Мемлекет басшысы қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін жетілдіріп, нақты шаралар қабылдау қажеттігін аттап өтті.
– Бүгінде әлемнің барлық дамыған елдері вакцина дайындаумен айналысып жатыр. Меніңше, біздің де осы үрдіске барынша үлес қосуға мүмкіндігіміз бар. Жақында Қазақстанның ғылыми институттары коронавирусты анықтайтын диагностикалық тест жүйесін әзірледі. Біз осы тәжірибені бөлісуге дайынбыз, – деп мәлімдеді Қазақстан Президенті.
Екіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда Түркі Кеңесінің Хатшылығы «Түркі келешегі – 2040» бағдарламасын әзірлеп жатқанын және оны былтыр Ұйымның жетінші саммитінде Түркі кеңесінің Құрметті төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынғанын еске сала кетті.
– Осы стратегиялық құжатты әзірлеу кезінде медицина саласына баса мән беру қажеттігіне назар аударғым келеді, — деді Президент.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті коронавирустың теріс салдары Түркі кеңесіне мүше елдері арасындағы сауда-экономикалық байланыстарға кері әсерін тигізетінін айтып, оның алдын-алу үшін бірлескен «Іс-шаралар жоспарын» әзірлеуді ұсынды.
– Бұл құжатта өзара сауданы және инвестицияны ынталандыру шаралары көрсетілуі тиіс. Бұл тұрғыда, Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының және Түркі инвестициялық қорының жұмысын жаңғыртсақ, бәрімізге тиімді болары анық, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Экономикалық ынтымақтастық саласын жалғастыра келе, Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі дағдарыстан кейін бүкіл әлем бойынша мүлдем басқа экономика қалыптасатыны туралы пікір білдірді.
– Қазірдің өзінде экономика жедел түрде цифрлық платформаға көшірілуде. Халықаралық сарапшылардың болжамына сәйкес екі мың жиырма үшінші жылы әлемде электрондық коммерция нарығы 2,8 триллион долларға дейін өседі. Соған дайын болу – болашақта тұрақты дамудың және бәсекеге қабілетті болудың кепілі, — деді Президент.
Сөз соңында Қазақстан Президенті коронавирус індетін еңсергеннен кейін ынтымақтастыққа жаңа серпін берудің жайын ойластыру, халықтарымыздың қауіпсіздігі мен елдеріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын баянды ету үшін Түркі кеңесі елдерімен тізе қосып жұмыс істеуге дайын екенін айтты.
Бейнесаммит қорытындысында мемлекеттер басшылары бірлескен Декларация қабылдады. Құжаттың толық нұсқасымен мына сілтемеден танысуға болады.