Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі мемлекет басшыларының Төтенше саммиті (бұдан әрі – Түркі кеңесі) 2020 жылғы 10 сәуірде «COVID-19 пандемиясына қарсы күресте ынтымақтастық пен тілектестік» тақырыбында бейнеконференция арқылы өтті.
Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің бастамасы және төрағалығымен өткен осы отырысқа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Түркия Республикасының Президенті Реджеп Эрдоған, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Мажарстанның Премьер-Министрі Виктор Орбан және Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысты.
Сонымен қатар, бейнеконференцияға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры доктор Тедрос Адханом Гебрейесус қосылды.
Түркі кеңесіне мүше-мемлекеттердің басшылары,
«COVID-19» (бұдан әрі – пандемия) індетіне байланысты төніп тұрған ауыр жаһандық қауіпке алаңдаушылық білдіре отырып,
пандемияның мүше-мемлекеттер мен олардың халықтарына түрлі жолдар арқылы өсіп келе жатқан әсерін және оның келеңсіз салдарымен, соның ішінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру аясында күресу қажеттілігін мойындай отырып,
пандемиямен күресте кемсітушіліксіз негізінде екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың қажеттілігін атай отырып,
Біріккен Ұлттар Ұйымының пандемияға қарсы күрестегі маңызды рөлін атап, БҰҰ-ның басым мүше-мемлекеттері, оның ішінде Түркі кеңесі мемлекеттерінің тең-авторлығымен әзірленген және Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 2020 жылғы 2 сәуірде қабылдаған «COVID-19» вирусымен күрестегі жаһандық тілектестік» атты қарарды құптай отырып,
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдардың пандемияға қарсы күрес жөніндегі талаптары мен ұсынымдарын орындауға өздерінің адалдығын білдіре отырып,
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше кейбір мемлекеттердің халықаралық қоғамдастықтың пандемияға қарсы бағытталған күш-жігеріне жәрдемдесу мақсатында көрсеткен ерікті қаржылық көмектерін қолдай отырып,
ерік-жігерге сүйене Түркі кеңесі шеңберінде пандемияға және оның келеңсіз салдарына қарсы күресте ынтымақтастықты жүзеге асыруға және кеңейтуге өз дайындығын көрсетіп, түркітілдес халықтар арасындағы ниеттестікті одан әрі нығайтатынын назарға ала отырып,
халықаралық қатынастардағы егемендік, аумақтық тұтастық және халықаралық деңгейде танылған мемлекеттер шекараларының мызғымастығы, сондай-ақ халықаралық құқықтың нормалары мен қағидаттарын басшылыққа алу міндеттемесін қайта растай отырып,
келесіні мәлімдейді:
пандемияға қарсы күресте Түркі кеңесі шеңберінде ынтымақтастықты кеңейтуге дайындығын білдіреді,
халықаралық қоғамдастықпен ынтымақтастыққа дайын болуға және пандемияның таралуын қысқарту мен оны жою бойынша бірлескен шұғыл шараларды қабылдау мақсатында барлық мемлекеттерді жаһандық тілектестік пен кеңейтілген ынтымақтастыққа шақырады,
барлық мемлекеттер ортақ игілік үшін тілектестікті танытуға, тәжірибе алмасуды көтермелеуге және осы жаһандық апатпен күресте өзінің ғылыми, инновациялық, технологиялық және медициналық әлеуеттерін толық жұмылдыра отырып, өз күш-жігерлерін біріктіруге тиіс екеніне кәміл сенеді,
миллиондаған адамның өмірін құтқару, сондай-ақ болашақ ұрпақтардың әлеуметтік, экономикалық, моральдық және психологиялық жағдайларын сақтау барлық мемлекеттерден шынайы және ашық түрде жаһандық тілектестік пен қажетті іс-қимылдарды бірлесіп орындауын талап ететінін атап өтеді,
пандемияның жаһандық ауыр салдарын жеңуге бағытталған Біріккен Ұлттар Ұйымының шеңберіндегі барлық іс-әрекеттер мен тетіктерді қолдайды,
2019 жылы Бакуде өткен 7-ші Саммит барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев жария еткен «Түркі келешегі - 2040» бастамасының шеңберінде медицина саласына, оның ішінде санитарлық-эпидемиологиялық қызметтеріне және медицина ғылымына қатысты мәселелерді дамытуға аса мән беру керектігін атап өтеді,
пандемияға қатысты маңызды тақырыптар бойынша озық тәжірибе алмасу, бір-біріне көмек көрсету мақсатында мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау министрліктерінің өзара тығыз іс-қимылдарын қамтитын тиісті ұлттық дағдарыс орталықтары арасында консультациялар мен ынтымақтастық тетігін құруға келіседі,
пандемияға қарсы күресте алдыңғы қатарда жұмыстарын атқарып жатқан дәрігерлер мен басқа да медицина қызметкерлерінің жанкешті еңбектерін жоғары бағалайды,
тәжірибе, эпидемиологиялық және клиникалық деректермен алмасудың және емдеу әдістері мен вакциналарды әзірлеу бойынша күш-жігерді біріктірудің маңыздылығын атап көрсетеді,
пандемияға қарсы күрестің тиімділігін арттырудағы және осы бағыттағы халықаралық күш-жігерді жандандырудағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рөлін қолдайды,
мүше-мемлекеттердің ұлттық деңгейде қабылдаған дәйекті және шешуші шараларын, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық саладағы қадамдарын жоғары бағалайды және осы салада тәжірибе алмасу қажеттігін атап көрсетеді,
пандемия кезінде мүше-мемлекеттер арасындағы сауда, экономикалық және көлік қатынастарының тұрақтылығын, оның ішінде жүк көліктерінің шекарадан өтуін жеңілдету және осы салада туындайтын мәселелер туралы ақпарат алмасу үшін қажетті шараларды қабылдаудың маңыздылығын қайта растайды,
пандемияның мүше-мемлекеттердің экономикасына келтіретін теріс салдарын азайту үшін келісілген және үйлестірілген іс-әрекеттердің қажеттілігін атап өтеді,
қоғамдық және әлеуметтік өмірді қамтамасыз етудегі өсіп келе жатқан цифрлық технологиялардың маңызды рөлін, сондай-ақ осы саладағы кең ынтымақтастықтың қажеттілігін мойындайды,
пандемияға байланысты сапарларға шек қою салдарынан мүше-мемлекеттердің аумағында қалып қойған азаматтарға қандай да бір санкциясыз визалық режимді жеңілдетуді қоса алғанда қолдау мен көмек көрсетудің маңыздылығын атап өтеді,
пандемияға қарсы күрес туралы халықтың хабардарлығын арттырудағы, сондай-ақ жалған ақпарат таратуға қарсы іс-қимылдағы бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды рөлі мен жауапкершілігін атап айтады,
пандемия және оның салдарына қарсы күресте үкімет пен халық болып белсенді атсалысуы мен ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтеді,
пандемиядан туындаған бұрын-соңды болмаған дағдарыстан тұрақты жаһандық тілектестік пен ынтымақтастық арқасында өту мүмкін екеніне сенім білдіреді.
Мемлекет басшылары Әзербайжан Республикасының Президенті И.Әлиевке Түркі кеңесінің Төтенше саммитінің табысты қорытындылары үшін зор алғысын білдіреді.
Түркі кеңесінің Бас Хатшысына осы Декларацияда көзделген өзара
іс-қимылдар мен бірлескен күш-жігерді үйлестіру тапсырылды.
2020 жылғы 10 сәуірде видеоконференция арқылы әзербайжан, қазақ, қырғыз, түрік және өзбек тілдерінде қабылданды.
________________________