National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі екінші саммитінің жұмысына қатысты

2012 жылғы 23 тамыз

 

Іс-шараға сондай-ақ Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Түркия Республикасының Президенті Абдуллах Гүл және Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Артур Расизаде қатысты. Түркіменстан Ғылым академиясының президенті Гурбанмырат Мезилов саммитке құрметті қонақ ретінде қатысуда.

Мемлекет басшысы қабылдаушы тарапқа жылы шырайлы қабылдауы үшін ризашылығын білдірді.

- Біздің мемлекеттер үшін кең байтақ Еуразия кеңістігіндегі біздің бөлігімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау өте маңызды. Түркі әлемі бүгінде бірлік және тиімді ынтымақтастық жолын таңдады. Түркі Кеңесін құрған мемлекеттер күллі әлемге кеңінен танылды. Түркі тілдес елдер өзінің бірлігін нығайтып, ынтымақтастық пен тұрақты дамуға ұмтылып отыр, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы ұйымға мүше елдердің алдағы уақытта бірқатар маңызды міндеттерді жүзеге асыруы қажеттігін жеткізді. Атап айтқанда, Түркі Кеңесінің институционалдық жұмысын табысты аяқтау қажет, сондай-ақ ұйымға мүше елдердің мәдени-гуманитарлық ықпалдастығын кеңейту керек. Қазақстан Президенті, сонымен қатар, ұйымға мүше елдер экономикалық байланыс саласын да естен шығармауы керектігіне тоқталды.

- Біздің елдеріміз ұлттық экономиканың өсуін қолдауға тиіс. Түркі тілдес мемлекеттер едәуір экономикалық әлеуетке ие. Біз өзара тиімді сауда көлемін арттыру, транзиттік тасымал, шекарадан өту, кедендік бақылау салаларына қатысты заңнаманы үйлестіру жөніндегі жұмыстарды жүргізуіміз керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Орталық Азия ежелден Шығыс пен Батысты, Еуропа мен Азияны жалғайтын көпір саналып келгенін айтып өтті.

- Бұл – құрлықтар мен құндылықтардың тоғысқан жері. Біз өзімізді бүкіл дүние жүзіне танытқан Ұлы Жібек Жолын қайта жаңғыртуымыз керек. Ол үшін әлемнің басқа аймақтарымен жақындата түсетін  жаңа магистральдар салу қажет. Еуропаны Тынық мұхитпен біздің аймақ арқылы жалғайтын жаңа теңіз, теміржол, автомобиль жолдарының құрылысы ерекше маңызды. Қазақстанда «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастығы орталығы құрылды. «Ақтау» теңіз портын кеңейту жобасы мен Ақтөбеде логистикалық орталықтың құрылысы іске асуда. Бұлар Қазақстанның Каспий өңіріне, Ресейге, одан әрі Еуропаға жол ашатын батыстағы қақпасы болады. 2015 жылы Қазақстан арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізі ашылады. Біздің басты міндетіміз - батыстан шығысқа ғана емес, сондай-ақ солтүстіктен оңтүстікке қарай жүретін көлік жолын да қамтамасыз ету, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сондай-ақ тілі, тарихы, шығу тегі ортақ бауырлас елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты дамыту маңызды екенін айтты. Ынтымақтастық кеңесіне мүше елдер үшін түркі мұрасын зерделеу және сақтау, оларды келер ұрпаққа жеткізу және насихаттау - маңызды міндет.

- Қазір алдымызда ТҮРКСОЙ және Түркі Академиясының жұмысына белсенді атсалысу міндеті тұр. Академия жұмысы тамырлас тарихымызды зерделеуге, ортақ мәдениетімізді дамытуға негізделген. Біздің қазіргі міндетіміз – Түркі Академиясы туралы келісімді тезірек қабылдау. Бішкек саммитінде «Білім, ғылым және мәдени ынтымақтастық» тақырыбы кездейсоқ таңдап алынған жоқ. Мемлекет басшылары халықтарды жақындастыру үшін көп күш жұмсауда. Білім және мәдени-гуманитарлық салаларда елдер арасындағы қарым-қатынастар тереңдей түсетін болады, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ұйымға мүше елдер саммитте экономикалық ынтымақтастыққа ерекше назар аударғанын атап өтті.

- Көлік, коммуникация мен байланыс салаларының маңызы зор. Біз Түркиядан Грузия мен Әзербайжан аумағы арқылы Қазақстанға және одан әрі Қытайға жалғасатын теміржол торабын іске қосуға дайындық жүргізу жөнінде біздің елдеріміздің көлік және коммуникация және министрлері кездесуін өткізу туралы уағдаластық. Ол маңызды темір жол магистралы. Біз онымен белсенді айналысқан жөн деп шештік, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президентінің айтуынша, «түркі әлемі» түсінігін қалыптастыру жөнінде маңызды жұмыстар жүргізіліп отыр.    

- Түркі Академиясының, Мәдени мұра қорының құрылуы біздің жастарымызды жақындастыру, ортақ мұраны зерделеу үшін тарих пен тілді бірлесіп үйренуге деген ықыласымызды білдіреді, - деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ қырғыз тарабына, Президент Алмазбек Атамбаевқа кездесуді тамаша ұйымдастырғаны және саммитке қатысушыларға бауырластық қарым-қатынасы үшін алғысын айтты. Саммит аяқталғаннан кейін Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің қаржылық ережелері туралы келісімге, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Түркі Академиясын құру туралы келісімге, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі түркі мәдениеті мен мұрасын қолдау көрсету қоры жарғысына, сондай-ақ Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі екінші саммитінің Бішкек декларациясына қол қойылды.             


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің