Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-ға төрағалық 2015 жылы Қазақстанға өтетініне тоқталып, соған орай біздің елдің төрағалығында басымдық берілетін бірқатар мәселелерді атады.
- негізгі мәселелердің бірі – Достастықтағы сенім мен өзара түсіністікті нығайту, ТМД кеңістігіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдауға бағытталған бастамаларға атсалысу. Елдеріміздің көпжақты форматтағы ынтымақтастығындағы өзекті мәселелерді шешуде Достастықтың рөлін арттыру маңызды. Тағы бір маңызды бағыт – өзара сауда-экономикалық іс-қимылды арттыру. Бұл тұрғыда Еркін сауда аймағы туралы Шарттың әлеуетін көтеру де қарастырылады. Өнеркәсіптегі, энергетика, көлік, аграрлық және басқа да экономика салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру жөнінде шаралар қабылданатын болады, - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы ғылым, білім, спорт, туризм, жастар саясаты салаларын қамти отырып, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудың қажеттігін айтты. Ол сондай-ақ 2015 жылды Ардагерлер жылы деп жариялау туралы шешімнің өте маңызды екенін атап өтті.
- Тағы бір маңызды аспектінің бірі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын бірлесіп мерекелеу болмақ. Бұл біздің ортақ тарихымызға қатысты оқиға болғандықтан, Жеңіс мерейтойын лайықты деңгейде өткізуге тиіспіз. Қаза тапқандар мен көзі тірі ардагерлерге құрмет көрсету қажет. Бүгін Достастыққа қатысушы мемлекеттердің халықтары мен әлем жұртшылығына Жеңістің 70 жылдығына орай Үндеу қабылдау соның жарқын көрінісі болып саналады. Ол біздің халықтарымыздың соғыстың ауыр жылдарындағы бірлігі мен қаһармандығын көрсетеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенкоға Достастық жұмысын 2013-2014 жылдары тиімді басқарғаны үшін алғыс айтты және отырыста қабылданған шешімдер ТМД аясындағы өзара іс-қимылды нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев ұйымның таяп келе жатқан 25 жылдығы қарсаңында ТМД-ны әрі қарай дамыту Тұжырымдамасын әзірлеудің қажеттігіне тағы бір рет назар аударды.
***
ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы барысында мемлекетаралық ынтымақтастықты түрлі салаларда дамытуға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды:
- Мемлекет басшыларының – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушылардың Достастыққа қатысушы мемлекеттердің халықтары мен әлем жұртшылығына кеңес халқының 1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңісінің 70 жылдығына орай Үндеуі;
- «Достастықтың мәдени астаналары» Мемлекетаралық бағдарламасын 2015 жылы Ресей Федерациясы мен Тәжікстан Республикасында жүзеге асыру және сәйкесінше Воронеж бен Куляб қалаларын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 2015 жылғы мәдени астаналары ретінде жариялау туралы шешім;
- 2016 жылды Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы Білім жылы деп жариялау туралы шешім;
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің заңсыз көші-қонға қарсы тұру жөніндегі 2015-2019 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы туралы;
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің адам саудасына қарсы тұру жөніндегі ынтымақтастығының тұжырымдамасы туралы.