Мемлекет басшысы брифинг барысында өзінің Брюссельге таяудағы сапары кезінде Қазақстан Парламенті Еуропалық одақпен кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялағанын атап өтті.
– Құжаттың кейбір ережелері бірінші мамырдан бастап күшіне енеді, бірақ ол толық күшіне енуі үшін ЕО-ға мүше барлық 28 мемлекет ратификациялауы қажет. Осы жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Еуропалық кеңес пен Еуропалық комиссия басшыларымен болған келіссөздердің негізгі тармақтары арасынан Қазақстан Президенті бірқатар қазақстандық авиакомпаниялардың Еуропаға ұшуына салынған тыйымды жойып, Қазақстан азаматтары үшін виза режімін жеңілдету мәселелерін арнайы атады.
Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда өтіп жатқан саммиттің негізгі тақырыптарына да тоқталды.
Мемлекет басшысы терроризмге қарсы іс-қимылдың және ядролық зарядтың экстремистер қолына түсуіне жол бермеудің маңыздылығын айтты.
– Бұл үшін бүкіл халықаралық қоғамдастықтың бірлескен нақты жұмысы қажет. Мен террорлық ұйымдарға қатысы бар әркімді бақылауға алуға болатын бірыңғай әлемдік желі құру қажет деп санаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті бүгінде атом энергиясын пайдаланатын нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды екеніне назар аударды.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев саммит аясында делегация басшыларымен өткен кездесулер туралы айтып берді.
– Мен Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэмен кездесу өткіздім. Біз күзде, менің Токиоға сапарым кезінде ынтымақтастығымызды экономиканың түрлі секторында дамытудың арнаулы жоспары қабылданады деп уағдаластық. Жапония – Қазақстанның көптеген бағыт бойынша серіктесі. Бұл ел бізге Семей полигонындағы сынақ құрбандарын сауықтыру жөнінде зор көмек көрсетті. Сондай-ақ АҚШ басшылығымен, соның ішінде Мемлекеттік хатшы Д.Керримен, Украина мен Мексика көшбасшыларымен кездесулер өтті, – деді Мемлекет басшысы.
БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап бере отырып, Нұрсұлтан Назарбаев Еуропалық Кеңес және Еуропалық комиссия басшыларымен ЕО мен ЕАЭК өзара ықпалдастығының бұдан арғы перспективаларын талқылағандарын айтып берді
– Бұл – күрделі мәселе. Еуразиялық экономикалық одақты Батыста көбі әрқалай қабылдайды. Біреулер оны «КСРО-ны қайта қалпына келтіру» жөніндегі жоба деп санайды. Сондықтан мен саясаткерлер және сарапшылар бұл мәселеге қатысты істің мән-жайын айқындап, біз еш қиындықсыз өзара сауданы жүзеге асыра алуымыз үшін екі бірлестіктің бірлескен конференциясын өткізуді ұсындым. Ал оған бүгінде бірқатар объективті кедергілер бар, мәселен, Батыстың Ресейге қатысты санкциялары. Алайда, келешекте егер ЕО, ЕАЭО және ШЫҰ еркін саудаға жол ашса, бұл бүкіл Еуразия үшін орасан пайда әкеледі, – Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, брифинг барысында біздің елдің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі төрт саммитке қатысуының қорытындысы жасалды.
– АҚШ Президентінің бастамасымен өткізілген саммиттер елеулі пайдасын тигізді. Бүгінде бүкіл әлем бойынша планетаны тұтасымен әлденеше рет жоюға жеткілікті өте көп ядролық қару бар. Сондықтан қарусыздану мәселесі біздің және ұрпағымыздың болашағын айқындайды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті жыл сайын саммиттің арқасында 50-ден астам мемлекеттің басшылары мен өкілдері ядролық қауіпсіздіктің мейлінше өзекті мәселелерін шешу үшін бас қосатынын да айтып өтті.
– Мұндай келіссөздер қорытындысы бойынша БҰҰ аясында шешімдер қабылданады. Әрбір мемлекеттің бұл бағытта қабылданып жатқан шаралар жөнінде айтуға мүмкіндігі бар. Мәселен, атом энергиясымен жұмыс істейтін нысандар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ядролық материалдардың терроршылар қолына түсуіне жол бермеу шаралары жөнінде айта алады. Біздің ел полигонды жауып, аса ірі ядролық арсеналдан бас тартқанын ескерсек, осындай келесі кездесу Қазақстанда өтуі мүмкін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.